23.02.2018, 15:56
Оқылды: 61

«Жәнібектік соғыс құрбандарының саны әлдеқайда көп»

 

Жәнібек ауданында Сталинград майданының Жеңіспен аяқталғанына 75 жыл толу құрметіне орай бірқатар шара ұйымдастырылды.

Аудандық «Шұғыла» қоғамдық-саяси газетінің директор-редакторы Ахмедияр Батырханов ойын былайша сабақтады: «Іздестіру-зерттеу, шығармашылық жұмыс барысында соғыс жылдарының зауалы шалғай жатқан  Жәнібек ауданының тарихына да қатысты екеніне қанықтым. Архив құжаттары арқылы туған жер тарихына қатысты беймәлім жайттардан хабардар болдық. Ізденіс барысында жазба құжаттар, куәгерлер әңгімесі және деректермен кеңінен таныстым. Осы орайда, Жәнібектік соғыс құрбандарының саны әлдеқайда көп екенін екінің бірі біле бермейді. Олардың саны ешқандай аза кітабына енбеген. Біз олар туралы тек естеліктерден ғана білеміз.  Осы бауырластар зиратында Ұлы Отан соғысы жылдары Жәнібек жерінде қаза тапқан жауынгерлер, сардарлар, қатардағы жауынгерлер мен медбикелер мәңгілік жер қойнауынан орын тапқан. Боздақтардың ұзын саны – 93. «КСРО Қорғаныс Министрлігінің әскери-медициналық музейі  әскери-медициналық архив құжаттарының 2-ші бөлімінен 1965 жылдың 4 тамызында шығыс №5-1670  Жәнібек аудандық партия комитетінің хатшысына хат келіп, онда Жәнібекте мәңгілік мекенінде тыныс тапқан 93 жауынгердің тізімі келтірілген.  Бұлар  №1584 эвакогоспитальде қайтыс болғандар тізімі болатын. Жеке ізденіс барысында бүгінгі күні 47 боздақтың Жәнібек жерінде жерленгенін білдім, әзірге дәл қай жерге жерленгені туралы нақты мәліметіміз жоқ», -деп жауынгерлер туралы архивтік құжаттың көшірмесін мектеп директоры Маркс Меңдіғалиұлына табыстады.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев пен аудандық білім беру бөлімінің басшысы Миранбек Ибатов ескерткішке гүл шоқтарын қойып, боздақтар рухына тағзым жасалды.

 Меңдігүл ФАЗЫЛОВА,

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале