Сондықтан Оралда студенттерге арналған 500 орындық жатақхана салынады. Бұл туралы бүгін облыс активі жиналысында облыс әкімі Алтай Көлгінов айтты. Облыс әкімінің айтуынша, бүгінгі таңда БҚО-да жоғары оқу орындарының 500, колледжердің 1750 студенті туыстарында немесе пәтер жалдап тұрады.
- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент палаталары мен Үкіметтің бірлескен отырысында «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуін жариялады. Үндеу әлеуметтік бастамалардан тұрғаннан кейін ел тұрғындары арасында кеңінен қолдау табуда. Біздің өңір тұрғындары да жылы шыраймен қабылдады. Елбасы әлеуметтік 5 бастамасын жүзеге асыру жолдары мен тетіктерін айшықтап берді. Үндеудегі үшінші бастама: «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту».
«Ел ертеңі – жастар» дейтін болсақ, бұл бағытта елімізде қыруар жұмыстар атқарылуда. Жастарымыздың шет елдерде де, өз мемлекетімізде де алаңсыз білім алып қалыптасуына барлық жағдай жасалған. Елбасы өзінің «Әлеуметтік 5 бастамасында» елімізде 159 мың студент грантпен білім алып жатқанын атап өтті. Біздің өңірдегі екі мемлекеттік университетте 3 135 студент грант арқылы білім алуда. Мемлекеттік басшысының ұсынысына сәйкес, тағы 20 мың білім гранты бөлінетін болды. Біздің университеттеріміз бұл өзгерістерге кадрлық, материалдық-техникалық жағынан дайын болуы қажет.
«Әлеуметтік 5 бастамада» жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесінің өзектілігі ашық айтылды. Біздің өңірде де жатақханаға мұқтаж студенттер жоқ емес. Бүгінгі таңда 2250 студент жатақханаға мұқтаж. Жоғары оқу орындарының 500, колледжердің 1750 студенті туыстарында немесе пәтер жалдап тұрады. Президенттің бастамасына сәйкес, жатақхана құрылысына көбірек көңіл бөліп, мемлекет пен жекеменшік әріптестігі қағидасында жұмыстануымыз қажет. «Мемлекет өз тарапынан Білім және ғылым министрлігі арқылы жатақхана құрылысына жұмсалған инвестициялардың белгілі бір бөлігі біртіндеп қайтарылуына кепілдік береді», – деп атап өтті Елбасы. Біз орта және кәсіптік оқу орындардың студенттеріне арналған 500 орындық жатақхана салуды жоспарлап отырмыз. Биыл жобалық-сметалық құжаттамасын дайындайтын боламыз,-деді облыс әкімі өз баяндамасында.
Нұрлыбек Рахманов,
Суретке түсірген Темірболат Тоқмамбетов
zhaikpress.kz