Қала әкімі Мұрат Мұқаев Қысқы Олимпиада ойындарында өнер көрсеткен батысқазақстандық шорт-трекшілер Абзал Әжғалиев пен Нұрберген Жұмағазиевті қабылдады.
Кездесуде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева, шорт-тректен аға жаттықтырушы Максим Лозовой болды. Шаһар басшысы оралдық спортшылардың әлемдік жарыста жақсы нәтиже көрсеткенін атап өтті.
- Спортшыларымыздың алдында жауапты сындар тұр. Талай дода болады. Айта кету керек, аталған әлемдік додада еліміздің намысын мықты спортшылар қорғады. Қазақстан спортының тарихында Абзал мен Нұрбергеннің аты қалды. Біз сендерді мақтан тұтамыз. Сіздердің жетістіктеріңіздің нәтижесінде Орал туралы әлем біле бастады. Естеріңізде болса, қаламызға Жапониядан түсірілім тобы арнайы келді, - деді ол.
Шорт-тректен облыстың аға жаттықтырушысы Максим Лозовойдың айтуынша, аталған спорт түрі өңірімізде қажетті деңгейде дамуда.
- Шорт-трек 2002 жылдан дамып келеді. Біздің спортшыларымыз үш Олимпиадада бақ сынап үлгерді. Жеңісті күндер алда деп білеміз, - дейді ол.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаеваның айтуынша, спортшыларды жарыстарға психологиялық тұрғыда дайындайтын маман пен арнайы медицина қызметкері керек.
Кездесу соңында қала әкімі спортшыларға естелік сыйлық табыстады.
Динара Аманғали
zhaikpress.kz
Фото автордікі