15.03.2018, 17:21
Оқылды: 94

Биыл Тасқалада соңғы 30 жыл ішіндегі ең қарлы қыс болды (ФОТО)

Соған байланысты ауданда тасқынның алдын алу жұмыстары күшейтілген. Бүгін облыс әкімі Алтай Көлгінов іссапармен Тасқала ауданында болып, көктемгі су тасқынының алдын алуға арналған дайындық жұмыстарымен танысты.

Облыс әкімі алдымен ауданды екіге бөліп тұрған Деркөл өзенінде болды. Панфилов көшесіндегі көпір бойы мен өзендегі қауіпті деген жерлерді аралап, бұрылыстардағы кедергілерді жою бағытындағы жұмыстармен танысты.

Аудан әкімі Санжар Әлиев аудан көлемінде 10 наурыздан бастап су тасқынының алдын алу үшін сенбіліктер мен ауқымды жұмыстардың басталып кеткенін тілге тиек етті. Картада көрсетілген ең қауіпті деген 7 жердегі жұмыстарды да баяндап өтті.

- Қазір жергілікті полиция қызметкерлері мен ауылдық округ әкімі аппаратының қызметкерлері тұрғындар арасында арнайы буклеттер таратып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Ауыл ақсақалдары 8-9 наурыз күндері түскен қарға қарап салыстырмалы түрде мұндай қар 1986 жылдан бері болып тұрғаны деген болжам айтуда. Сондықтан барлық тұрғындар төтенше жағдайлардың алдын алу үшін күн сайын бір кісідей ауыл ішінен өтетін арықтарды тазалауға көмек беріп жатыр. Оған екі жүзден астам адам қатысты. Соның ішінде еріктілер жасағы, мекеме қызметкерлері және тұрғындар  бар. Ең қауіпті деген бес каналдың төртеуі толықтай аршылды. Енді бір шағын канал қалды, оны бүгін-ертең бітіреміз деп жоспарлап отырмыз. Ал суға кетеді деген ең қауіпті Ахметқалиев, Чурилин көшесінің бір жағы мен Первомайск, Шевченко көшелеріндегі қар түгелдей шығарылды. Енді Жеңіс көшесін бастап жатырмыз. Сонымен қоса қауіп төніп тұрған Атамекен, Амангелді және Бірінші Шежін ауылдарында да тиісті жұмыстар жүргізілуде. Қазір мұнда үш К-700 тракторы жұмыс істеуде. Олар жиналған қарды аршып, су жүретін жолдарды тазартуда. Жалпы аудан бойынша соңғы төрт күннің ішінде 6 мың текше метр қар шығарылды,- деді Тасқала ауданының әкімі Санжар Жұматайұлы. Облыс әкімі әлі де көп жұмыстану қажеттігін айта келіп, күні-түні жұмыс жасауды  тапсырды.

-Тасқала ауданында су басу қаупі бар. Себебі жердегі тоң өткен жылға қарағанда екі есе қалың. Былтыр ол 50-60 см болса, биыл кемі 54, ең көбі 130 см-ге жетіп отыр. Сондықтан алдын алу үшін барлық күш осы жерге жұмылдырылуда. Қар қалың түскен ауданның да бірі - Тасқала. Негізінен Тасқала, Зеленов, Теректі, Ақжайық аудандарымен қоса Орал қаласының өзінде қазіргі таңда қар тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дәл қазір Деркөл өзенінде тұрмыз. Мұнда қар еріп, су жүрген уақытта сең тұрып қалмауы үшін Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері арнайы құралдармен мұздарды кесіп шығаруда. Жалпы қалада бұл  жұмыстарды толықтай аяқтап, қазір аудандарға шықтық. Биыл қаңтар, ақпан айларында қар деңгейі өте төмен болды. Алайда  ақпан айының соңғы және наурыз айының алғашқы күндерінде нормадан артық жауған қардың салдарынан суға кету қаупі бар. Сондықтан  қол қусырып қарап отырмай көшелерде қар шығару жұмыстары мен қауіпті деген аймақтардағы арықтар мен су жүретін құбырлар тазалануда. Оған аудандағы барлық мекемелердің қызметкерлері өз еріктерімен атсалысып жатыр. Бұл - құптарлық іс. Дегенмен халыққа әлі де өз үйлерінің айналасын тазалап, жиналған  қарды шығару керектігін түсіндіру керек. Коммуналдық мекемелердің техникалары жеткіліксіз. Сондықтан жол жөндеу мекемелері мен құрылысшылардың техникаларын  көмекке шақырып отырмыз. Ал алыс елді мекендерге сол жердегі шаруа қожалықтары көмектесіп жатыр. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші барлығымыз бірлесіп наурыз мейрамына дейін қарды тазалап тастасақ, қауіп азаяды. Алдағы уақытта қар мен жаңбыр жауады деген болжам бар.  Сондықтан қарды барынша тазалап шығаруымыз қажет. Бұл жұмыстардың барлығы бақылауда тұр,-деді өңір басшысы.

Н.ЖӘРДЕМОВА,

Тасқала ауданы

Фотоға түсірген Айбатыр Нұраш

taskala (1) taskala (2) taskala (3) taskala (4) taskala (5) taskala (6) taskala (7) taskala (8) taskala (9) taskala (10) taskala (11) taskala (12) taskala (13) taskala (14) taskala (15) taskala (16) taskala (17) taskala (18) taskala (19) taskala (20) taskala (21) taskala (22) taskala (23) taskala (24) taskala (25) taskala (26) taskala (27) taskala (28) taskala (29) taskala (30) taskala (31) taskala (32)

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале