16.03.2018, 17:08
Оқылды: 64

Шыңғырлау ауданында әжелер байқауы өтті

Шыңғырлау ауданының Лубен ауылдық клубында «Қайран біздің әжелер, арды ойлаған» тақырыбындағы аудандық әжелер байқауы ұйымдастырылды.

Байқау барысында Алмаз аулының әжелері «Шілдехана-бесік той» той-мерекесінің ырым-салты, тиымы мен тәрбиесі жөнінде, ащысайлық әжелер «Беташар» рәсімін, ақбұлақтықтар «Құда түсу» салтын суреттеп, бүгінде ұмытылып кеткен «Біз қадау» рәсімін көрсетті.

Белогорлық «Асыл әжелер» тобы «Сырға салу» дәстүрін дәріптеді. «Қыз ұзатып», ән сыңсытқан лубендіктердің ұзатылғалы тұрған қызға ата-ана батасы, халық батасының берілуі, «қыз тақиясы» шешіліп, сіңлісіне тапсырылуы, ұзатылар қыздың енді сәукеле киюі сияқты ұлттық дәстүрімздің қаншалықты көркем, бай және мағыналы екенін паш етіп тұрды.

Қашаннан әнге бейім, қазақы өнерге жақын қарағаштық ағайын «Мүшел тойдың» көрінісін көрсетті. Үлкен-кішіге ізгі ниет айтып, бата берумен басталған рәсімде әжелердің бірінің 13 жас мүшелге толған егіз немересінің қуанышы тойланды.

Шыңғырлау округінің «Ақмаржан» әжелер тобы тұсау кесу үрдісін таныстырып, қойылыммен көрсетті. Бала тұсауын бай, берекелі болсын деп малдың тоқ ішегімен, малды, жанды болсын деп көк шөппен жәнен адал, таза, адамгершілікті болсын деген ырымнан туған ала жіппен кесетін халық түсінігі тәптіштелген соң, қадамын жаңа созғалы жүрген сәби келтіріп, аяғына алажіп тағылып, «бісміллә» айтылып, пышақпен тұсау кесілді.

Сонымен, Алмаз, Ащысай және Шыңғырлау округінің әжелері ІІІ орын, Белогор, Қарағаш ауылдары ІІ орын, Ақбұлақ округінің әжелері І орын, ал, Лубен ауылының әжелер тобы бас жүлдені жеңіп алды.

Байқау түрлі аталымдағы дипломдарды да ұсынды. Бұл қатардан табылған алмаздық Жарқынай Жетмекова «Ұлағатты әже», Тасмола ауылынан келген Тұрсын Қарабалиева «Мейірбан әже», лубендік  Дәмелі Тайпақова «Шебер әже», қайыңдылық Ханзада Тоқтығалиева «Парасатты әже», белогорлық Жәния Баймұханова «Тапқыр әже», қарағаштық Гүлайым Мұхамбетова «Өнегелі әже», шоқтыбайлық Нәсіп Қазиева «Кең пейілді әже» және ащысайлық Алуаш Тәжібаева «Сабырлы әже» деген аталымдарымен марапатталды.

Қаршыға Елемесов

Шыңғырлау-Лубен-Шыңғырлау

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале