Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өткен концертте жергілікті өнерпаздардан бөлек Ақтөбе, Маңғыстау, Жамбыл облысынан келген күйшілер де өнер көрсетті. Кешті Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры, елімізге танымал күйші Жанғали Жүзбаев жүргізді.
– Қазақ даласының әр аймағынан жиылған атақты, жүйрік домбырашылар бас қосқан оқиға осы өңірде, менің ойымша, бірінші рет болып отыр. «Жайыққа барып әншімін деме» деп арқаның қазақтары айтатын бір әдемі сөз бар. Жайыққа келіп күйшімін деп айту да қиын. Себебі бұл өлке Құрманғазы бабамыздың, Дәулеткерей, Дина, Сейтек, Қали Жантілеуовтің, одан беріде Қали Жантілеуовтің ізін қуған кешегі Тұяқ Шәмеловтей күйшілердің атамекені. Сондықтан мұндай өлкеде тәуекелі барып күй тартқан әр өнерпазды бақытты деп санаймын, – деді Жанғали Жүзбаев кіріспе сөзінде.
Кеш барысында Маңғыстау күй мектебінің бүгінгі таңдағы үздік өкілдерінің бірі – күйші, өнер зерттеушісі Жұмабек Қадырқұлов Есірдің күйі «Жалдықараны», Мұрат Өскенбаевтың «Бейбіт өмірін», жамбылдық күйші, зерттеуші-ғалым Батырлан Әбенов Нұрғиса Тілендиевтің «Арман», Тұраш Әбуовтың «Арнау» атты күйін, ақтөбелік өнерпаз Еділ Басығараев Қазанғаптың «Күйшақырғыш ақжелең», «Табақ тарту», Боғданың «Жем суының тасқынын», Жанғали Жүзбаев Төлеген Момбековтың «Салтанат» күйін күмбірлетсе, Ермек Қазиев, Едіге Нәбиев, Нұржан Сертеков, Ербол Ғұбайдуллин, Батыржан Мықтыбаев, Ақылбек Бектасов, Жасұлан Зейнеденов секілді домбырашылар Махамбет, Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Сейтек, Мәмен, Ерғали Есжанов, Есжан, Ақбикештің шығармаларын орындады. Бұл кештің айта кетер тағы бір ерекшелігі – көрермендер батысқазақстандық жас өнерпаз Данияр Таңатаровтың орындауындағы сыбызғы күйлерін де тыңдады.
– Осыдан төрт-бес жылдай уақыт бұрын тарихи-танымдық «DanaKaz» журналының таныстырылымында аталмыш журнал ұжымының және Құрманғазы атындағы саз колледжінің ұйытқы болуымен «Алтын жүрек домбыра» атты тамаша күй кеші алғаш рет ұйымдастырылған болатын. Бүгін наурыз мерекесі қарсаңында «Алтын жүрек домбыраны» қайта жаңғырттық. Бұл Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңір басшысының қолдауымен жүзеге асырылып отыр. Бұдан былай қарай «Алтын жүрек домбыра» күй кеші жылма-жыл, наурыз айында дәстүрлі түрде жоғары деңгейде ұйымдастырылатын болады, – деді Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қуанышбек Мұқанғалиев. Ол аталмыш кеште өнер көрсеткен барша өнерпаздарға естелік сыйлықтар және Орал қаласы әкімінің алғысхатын табыс етті.
Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,
«Орал өңірі»