Қазталов ауданындағы Әжібайдың әкімі Батырхан Байғонақов қолына күрек ұстап, жеңіл көлікті атқа «айырбастап», халықты бастап су бөгеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Өткенде Бірік ауылдық округіне қарасты Саралжын ауылының екі үлкен көлі – «Қамыстыкөл», «Саралжынкөл» және «Шұңқыркөл» тоғаны суға толғанын жазған едік. Бұл көлдердердің шабындық шөбі кезінде совхоздың сан мыңдаған малына жететін. Тіпті артылып, көрші Бөкей ордасы ауданы Құрманғазы ауылының малына да пайдаланатын.
Енді, Әжібай ауылының «Лекер» және «Ағашүй» бағытындағы тоғандар мен көлдіктер еріген қар суымен толықты. Артық су далаға кетіп жатқандықтан округ әкімі Батырхан Байғонақов қолына күрек ұстап, жеңіл көлікті атқа «айырбастап», халықты бастап су бөгеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Көктемгі әрбір тамшы су береке көзі екенін түсінген әжібайлықтар қолайлы сәтті пайдаланып қалуда. Ауданымыздың басқа жерлерінде де осындай жұмыстар қолға алынуда.
Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ,
Қазталов ауданы