Ақжайық ауданында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында игі істер атқарылуда.
Аудан әкімі Әділ Жоламанов аталмыш мақала жарияланғалы бері аудан көлемінде атқарылған нақты істерге тоқталды. Мысалы, Тайпақ ауылындағы дәрігерлер форумы, Есенсайдағы қазақ күресі үйірмесінің ашылуы, Көнеккеткен мектебіндегі мұражайдың ашылуы ауыл-еліміздің мерейін үстеді. Былтыр жомарт демеушілердің көмегімен 11586,0 мың теңгеге 21 жоба жасақталса, биыл 52520,0 мың теңгеге 32 жоба жүзеге асу үстінде.
Рухани жаңғыру бағдарламасы аясындағы «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасына жататын «Отаным – тағдырым!» базалық бағытында ауданда «Мен сыйға тартқан домбыра» акциясы бастау алған болатын. Осыған орай кәсіпкерлер мен ата-аналар мектептерге ондаған домбыра сыйға тартты.
Шара барысында Алғабас ауылының тұрғыны, ата-аналар комитетінің төрайымы Гүлсара Гилманова Алғабас орта мектебіне 15 домбыра сыйға тартты. Ата-аналар өз үйлерінде тұрған күйі жақсы домбыраларды жинастырып, осындай шешімге келген. Сыйды қабылдап алған мектеп директоры Гүлмирам Кенжеғарина ауылдас ата-аналарға зор алғыс айтты.
Маңызды құжаттың бір жылдығына орай өткен шарада Чапаев, Жайық ауылдарының әжелер ансамбльдері, «Радуга» славян ұлттық мәдени орталығы хоры, мәдени-демалыс орталығының қызметкерлері, агротехколледждің өнерлі жастары, Ақжайық музыка мектебінің ұжымы мен оқушылары өнерлерін көрсетті.
Ашық алаңда аудандық балалар шығармашылық орталығының көрмесі, ұлттық ойындардан көріністер көрсетілді. Жұрттың көп жиналған мезетін аудандық аурухана дәрігерлері де қапы жібермей, оннан астам тұрғынның денсаулығын байқастап, кейбіреуге емханаларға жолдама берді.
Сондай-ақ гір тасын көтеруден, арқан тартыстан, асық атудан оқушылар арасында жарыс ұйымдастырылып, жеңімпаздарға диплом табысталды.
Бекболат ҚАЛЕНОВ
Ақжайық ауданы