18.04.2018, 12:36
Оқылды: 86

Олимпиада жеңімпаздарымен кездесу өтті

ae4c0890-a92c-4e44-bf5f-06b07d0df4b1Орал қаласындағы «Оқушылар және жастар сарайында» облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов республикалық пәндік олимпиада жеңімпаздарымен кездесті. Салтанатты шараға дарынды оқушылармен бірге оларды зияткерлік сайысқа дайындаған мұғалімдері де қатысты.

Кілең «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар» бақ сынаған республикалық олимпиада 15-20 наурыз аралығында Атырау қаласында жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерден, 25-30 наурыз аралығында Қостанай қаласында қоғамдық-гуманитарлық пәндер бойынша өткен болатын.

Жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерден республикалық кезеңге 33 оқушы жолдама алып, 12 оқушы жүлделі орынды иеленді. Екі оқушы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің грант иегері атанды. Ал қоғамдық-гуманитарлық пәндер бойынша 22 оқушы қатысып, 13-і жүлделі орындардан көрінді.

Республикалық зияткерлік олимпиаданың қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысының командасы 25 жүлде (2 алтын, 10 күміс, 13 қола) иеленіп, жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша үшінші, ал қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша екінші орын иеленіп, «Ең үздік олимпиада командасы-2018» атанды.

-Республикалық зияткерлік сайыста облыс мерейін асқақтатқан озық ойлы, терең білімді, дара да дарынды оқушыларымыз – еліміздің мақтанышы, болашағы. Бұл ретте шәкірттеріне үлкен сенім артып, олимпиадаға дайындаған ұстаздары мен олардың үйдегі бар жағдайын жасап, ұдайы қолдау танытқан ата-аналарының да еңбегі орасан зор. Білім жолында биік шыңдарды бағындырып, жеңіске жете беріңдер, алар асуларың көп болсын, -деген облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова сөз кезегін облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұловқа ұсынды.

Ғабидолла Абдоллаұлы бүгінгі заман бірді жығатын білектінің емес, мыңды жығатын білімдінің заманы екенін тілге тиек етіп, сондықтан қазіргі ғасыр талабының күшті екенін және де сол талапқа өскелең ұрпақтың сай болуы қажет екендігін жеткізді.

bd18ff08-75a3-43a6-9a19-4cf61c5666f7-Елімізде сіздердің бәсекеге қабілетті, сапалы білім алуларыңыз үшін барлық жағдай жасалған. Қазақстандағы білім беру жүйесі Ұлыбритания сияқты дамыған елдерден еш қалыспайды. Бұған мен «Болашақ» бағдарламасы бойынша сол елде оқығанымда көз жеткіздім, балаларым британ мектептерінде білім алды. Әрине, Ұлыбританияда Қазақстандағы сияқты кең  сарайдай, зәулім мектеп ғимараттары жоқ. Британ мектептері шағын ғимараттарда орналасқан, білім беру әдістемесі Еуропадағы ең беделді болып саналады. Ал британдық жоғары оқу орындары әлемдегі ең байырғы және ең үздік университеттер қатарында. Қазір Қазақстанда білімқұмар, талапты, талантты жастар үшін барлық жол ашық.

Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы – білім. Білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт» деп атап көрсетті. Елбасы айқындаған жаңғырудың алты бағытының алғашқы төртеуінің, яғни прагматизм, бәсекеге қабілеттілік, білімнің салтанат құруы, сананың ашықтығы бағыттарының жастарға тікелей қатысы бар. Сендер білімді, тәрбиелі болсаңдар, еліміздің ертеңі биік болады. Қазір сіздерге үлкен өмірдің алғашқы баспалдағын қалау үшін таптырмас уақыт. Өз білімдерің мен қабілеттеріңді шыңдай отырып, тек пайдалы істерге жұмсай біліңдер, -дей келе Ғабидолла Абдоллаұлы жас көш­­басшыларды қол жеткізген нә­ти­жемен шектелмей, бұдан әрі алға басуға шақырды.

Талаптың тұлпарын мініп, тас қияға өрлеген талантты шәкірттер өз ойларын ортаға еркін тастап, Қазақстанның болашағы, өздерінің арман-мақсаттары туралы ойларымен бөлісті. Әрдайым жастардың бастамасына қолдау көрсетіп отыратын облыс басшылығына, облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадыроваға және жеңіске жетелеген ұстаздары мен әрдайым қолдап-қуаттап отыратын ата-аналарына алғыстарын жеткізді.

«Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» дегендей, жиынға қатысқан шәкірттердің барлығы -  түрлі сайыстарда сыналып-шыңдалған, қатарластарынан оқ бойы оза шапқан дарындылар. Ілім байқауларында облыс мерейін үстем еткен оқушылардың бірі жымпитылық Альбина Закина.

-Қостанай қаласында өткен республикалық олимпиадада «Қазақстан тарихы» пәні бойынша бірінші орынды иеленіп, жеңімпаз атандым. Бүгінгі кездесуден көп ой түйдім, ерекше әсер алдым. Жеткен жетістікпен тоқталып қалмай, «Құқық», «Дүниежүзі тарихы», «Ағылшын тілі» пәндері бойынша бағымды сынап көргім келеді, неміс және француз тілдерін үйренсем деген мақсатым бар. Болашақта сот маманы болғым келеді. Ауыл мектебінде білім деңгейі төмен деген пікірлер бар, мүлдем олай емес. Барлығы оқушының өзіне байланысты, -дейді Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы А.Закина.

-Ұстаз шәкіртінің білімімен мақтанады. Бізді тау биікке көтеретін осындай жетістіктері көп бола берсін. Біз де өз кезегімізде білгенімізді үйретуден, жол көрсетіп, бағыттаудан еш аянып қалмаймыз,-десті сөз алған ұстаздар.

Жиын соңында Ғабидолла Оспанқұлов барша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге және олардың жетекшілеріне дипломдар мен алғыс хаттар табыстап, естелік суретке түсті.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале