Бөрлі ауданында «Қазақстан барысы» қазақ күресінің аудандық іріктеу турнирі өтті. Ұлттық қазақ күресін бұқара арасында кеңінен насихаттап, дамыту мақсатында ұйымдастырылған турнир биыл алтыншы мәрте өткізілді.
Кім мықтыны анықтаған сайыста өңірдегі сайдың тасындай тізілген 17 балуан қатысты. «Күш атасын танымас» деген балуандар өзара мықтыны анықтап, айласы мен әдісі, бабы мен бағы келіскен қатысушылар финалда белдесті. 90 келі салмақ дәрежесіне дейінгі балуандар «Өгіз балуаны» атағын иемдену үшін белдесіп, нәтижесінде бірінші орынды Азамат Ташимов, екінші орынды Төлеген Жұмағазиев, ал үшінші орынды Бекзат Дәулетов еншіледі.
Делебені қоздырып, көңіл көрігін қыздырған белдесулер «Түйе балуан» атағы үшін күрескен балуандардың арасында өтті. Нәтижесінде бірінші орынды және облыстық жарысқа жолдаманы Темірлан Көлбай жеңіп алса, екінші орын Серік Қалимоллаға бұйырды. Ал бұл үштікті Наурызбек Сабырғалиев қорытындылады.
Айым НҰРҒАЛИЕВА
Бөрлі ауданы