24.04.2018, 19:33
Оқылды: 177

«Маған халықтың берген «Нұрлан Өнербаев» деген атағы барлық марапаттан жоғары»

1Құлақтан кіріп, бойды алар қоңыр дауысымен өзінің тыңдарманын қалыптастырып, елдің сүйікті әншісіне айналған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Өнербаев гастрольдік сапармен Орал қаласына келді. Оның орындауындағы «Сағыныш», «Қазақ қызы», «Ауылым», «Туған күн», «Жан аға», «Қарағым-ай», «Қыз қарағай», «Таңғы тілек», «Қайран дүние», «Анашым» әндері бірден халықтың жүрегінен орын алып, көңілінде жатталып қалуы әншінің талғамының биіктігін, репертуарына жоғары жауапкершілікпен қарайтынын айқындап тұрғандай. Кейінгі кезде сахнадан көрінбей, назардан тыс қалған Нұрлан Өнербаев ел-жұртпен жүздесуге бет алған ән-сапарында Жайық жағасындағы жасыл қалаға ұлы Мақсатты ерте келді. Әкелі-балалы Өнербаевтар кеште болатын үлкен концерттің алдында Оралдағы болашақ өнер иелерін дайындайтын оқу ордаларының студенттерімен кездесіп, тағылымды әңгіме айтып, сыр шертті. «Ән-ғұмыр» деп аталған кездесуде жастармен емен-жарқын жүздескен ағамыздың өзіне қойылған сауалдарға жауап бере отырып өрбіткен әдемі әңгімесін жазып алған едік.

Арманым заңгер немесе тергеуші болу еді

Әкем бала күнімде өте қағілез, өнерге бейім, құштар болғанымды айтып отыратын. Әсіресе, билегенді жақсы көрдім. Тіпті саусағымның ұшымен жүгіріп, қимылдар жасағанмын. Қазір маған бала кезімнен әнші болғым келді деп айтуы қиын. Алайда өнерге жақын болдым. Арманым заңгер, тергеуші болу еді.

Мектепке алты жасымнан барып, 16 жасымда бітірдім. Мен оқығым келген институттар Қарағанды, Омск, Белоруссияда болды. Алайда 18 жасқа толмағандықтан, құжатымды қабылдамады. Өзімнің туған ағам Мәскеуде өнер институтына оқуға түскен болатын. Ол маған «Республикалық конкурстарға қатыс. Егер жақсы өнер көрсетсең, театр училищесіне қабылдайды. Менің жанымда боласың» деді. Содан Мәскеуге кетемін деп дәмеленіп жүргенде, Құрманғазы атындағы консерваторияның театр факультеті өз алдына институт болып ашылды. 1978 жыл еді. Мәскеу «Өздеріңде оқу орны бар, қабылдамаймыз» деді. Солай Алматыда қалдым. Республикалық конкурстан өтіп болғанша, институтта емтихан басталып кетті. Оған да кешіктім. Сөйтіп, М.Әуезов атындағы театр жанындағы театр студиясына оқуға түстім.

Сонда 12 жыл қызмет жасадым, ән айттым. 1990 жылы біржола әншілікке ауыстым. Біраз рөлім бар. Сахнадағы ғұмырымның іргесін қалаған, негіз салған, сахналық мәдениетке, әдепке баулыған театр сахнасы, ондағы аға-апаларым болды.

 

Мен - Төле бидің жетінші ұрпағымын4

Менің тегімді жұрт «лақап аты» шығар деп ойлайды екен. Өнерде жүрген соң, өзін «Өнербаев» қылып алған болып көрінуім мүмкін. Алайда менің атамның азан шақырып қойған аты – Өнербай. Өнербайдың әкесі – Айбек. Содан Жанай-Оратан- Жолан-Төле би болып кетеді. Мен қазақтың Төле биінің өз кіндігінен тараған жетінші ұрпағы екем. Қазақтың ел болып қалыптасуында Төле бидің атқарған еңбегін білеміз. Ол менің бойыма мақтаныш сезімін ұялатады. Мен Төле бидің ұрпағы ретінде қандай болуым керек? Мен сахнада екі сөз сөйлесем, оның екеуін де ойланып барып айтамын. Бүгін айтқан сөзіңді ертең айтпауың мүмкін. Ол ортаға, көрерменнің талғамына байланысты. Бабаларымыз солай сөйлеген. Біз соған лайық болуымыз керек.

Тарихқа, мәдениетке, өнерге, руханиятқа да бай елміз. Қазақтың мың әні, мың күйі дейміз. Ол одан да көп болуы мүмкін. Мыңы бізге жеткені, таспаға түскені, ел есінде қалғаны ғана. Егер жақсыны үйренемін, жақсыдан үлгі аламын десеңдер, негізіңді, тамырыңды тани білу керек. Сонда бойыңдағы ұлттық нақышыңды жоғалтпайсың. Қазіргі орындаушылар хит болған әндерді айтуға бейім. Солай тез таныламын деп ойлайды. Ондайға еліктейтін болса, негізін жоғалтады. Өнерпаз негізді жоғалтпас үшін халық әндерінің нақышын, әуезін бойына сіңіруі керек. Былайша айтқанда, халық әнімен денені улап алу керек. Содан кейін хиттің неше түрін айтсаңыз да, қазақ екеніңіз білініп тұрады.

 

Режиссердің көмекшісі бола жүріп, көп рөлге сырттай дайындалдым

Он екі жыл театрда жұмыс жасадым. Ол кезде театрдың бас режиссері Әзірбайжан Мәмбетов болатын. Ағама «Сізге көмекші болайыншы» деп өтініш жасадым. Оқығаным аз сияқты сезіндім. Әртістердің ойынын сыртынан бақылап отырсам деген мақсат болды. Көмекшінің міндеті - әртістерді сахнаға жинау, кім қай уақытта шығатынын қадағалап отыру, шымылдықты ашып-жабу, келмей қалған әртістердің орнына әртіс дайындау. Көмекші бола тұра, мен алып шыға аламын-ау деген кейіпкерлердің сөзін жаттап жүрдім. «Жер-Анадағы» Жайнақтың, «Қан мен тердегі» Райдың рөліне сырттай дайындалдым. Әртістер ауырып қалғанда, мені шығаратын. Сөйтіп, театр репертуарынан 15 ортанқол рөлге кіріп алдым. Кейін жаңа рөлдерге ие болдым. Одан кейін сол театрда ән айта бастадым. Телеарналар шақыра бастады. Театрда тек дүйсенбі демалыс болатын. Артық ән айтуға уақыт жоқ. Сол кезде түбегейлі шешім қабылдау керек болды. Мен әнші болуды таңдадым. Бірақ бірден филармонияға, «Қазақконцертке» әнші болып барғам жоқ. Қазақ радиосына диктор болып ауыстым. Диктор ауысыммен жұмыс істейді. Сәйкесінше, жеке шығармашылығыммен айналысуға мүмкіндік туды. Мен үшін театр сахнасы мен ән айтатын сахнаның айырмашылығы жоқ. Ән айтсам да, сөз сөйлесем де, өнерді сүйген, дәріптеген көрерменге лайықты қызмет жасау - парызым.

Режиссердің көмекшісі болдым деп едім ғой. Серке Қожамқұлов атамыздың таяғын ұстап, шапанын алып бердім. Қапан Бадыров ағаммен бір сахнада тұрдым. Шахан Мусин, Камал Қармысов, Ыдырыс Ноғайбаев, Әнуар Молдабеков, Сәбира Майқанова, Хадиша Бөкеева, Шолпан Жандарбекова, Бикен Римова, Сәбит Оразбаев, Асанәлі Әшімов – менің үлгі тұтқан тұлғаларым. Олардан кейіпкерді сомдау, сахнаның сөйлеу техникасын үйрендім. Мен тәрбиеленген, тәлім алған өнер үлкен өнер еді...

 

Екі ұлыммен концерттерге шығып жүрмін2

Жастар өнер жолына қызығып келеді. Ол жолдың қиын екенін кейін түсінеді. Елге танылып, Нұрлан деген атым шыға бастағанда, жұрт ұл-қыз, бауырларымды маған тели бастады. «Осы балаңыз әнші болса қалай қарайсыз? Ұлдарыңызға сіздің бойыңыздағы өнер дарыған ба?» деген сан сауал болды. Көп жастарға беретін ақылымды балама да айттым. «Ә дегенде жарып шықпасаң, көптің бірі болып жүре беру саған қаншалықты керек? Әнді сиыр бағып жүріп те айта беруге болады. Егер бойыңда дарының, талантың болса, жарып шығады» деген едім ұлыма. Мақсатымның өнері қап түбінде жатпады. Экономист, юрист мамандығы бойынша білім алды. Үкіметтік ұйымдарда қызмет жасады. Осы үш жылдың шамасында ғана ән айта бастады. «Әке, ән айтқым келеді»,- деді. Мен: «Жарайды, балам, онда мен саған ұстаз болайын» дедім. Бағасын халық береді.

Қызым Дильяра журналистика факультетін бітірді. Қазір сәбиімен үйде отыр.

Кенже ұлым Марғұлан жазда 21-ге толады. Өнер университетінің бірінші курс студенті. Марғұланды бес жасынан музыкаға бердік. Ол дүниеге келген кез - қолымыз бірнәрсеге жеткен шақ. Мақсат пен Дильяраны өнерге бере алмадық. Жатақханадан жатақханаға көшіп қиналып жүрген сәтімізде балаларды арнайы мектепке беруге мүмкін болмады. Кенжемізді К.Байсейітова атындағы мектепке «фортепиано» класына бердік. Қазір Өнер институтында оқиды. Халықаралық үш фестивальдің жеңімпазы. Наурыз айында Дубайдан тағы бір бас жүлдені алып келді.

Өнерпаздың сахнада ән салмақ түгіл, халықпен амандасуға да моральдық құқы болуы керек

3

Қазір көрермен өнерпазды қалтасындағы телефоннан іздейді. Мен біреулерге «Кеше Семейде, бүгін Оралда концертім өтті. Көрдің бе?» десем, «Көргеміз жоқ. Теледидарда болмады» дейді. Менің айтатыным, барлық концерт бірдей теледидарға түсірілмейді. Бәрін оп-оңай көргісі келеді. Өнер – үлкен сахнада. Осы араны көрермен ажырата алмай қалды.

Мен 1980 жылы актер болып жұмысқа қабылдандым. Тек 1984 жылдан бастап гитарамен ән айта бастадым. Ал алғашқы ән кешімді 1991 жылы өткізіппін. Кей әншілер 1-2 ән жазып, үлкен сахнадан кеш беріп жатады. Талап солай шығар.

Спектакльден соң елдің сұрауымен ән айтатынбыз. Сол арқылы ақырын-ақырын таныла бастадық. Теледидардағы бағдарламаларға түсіруге шақыра бастады. Яғни, танылғаннан, халық сұрағаннан кейін үлкен сахнаға шыға аласың. Бұрын «Тамаша» ойын-сауық отауының қойылымы жылына екі рет қана болатын. «Тамашаның» сахнасына шығу әр әншінің арманы еді. Бағдарламасына ілінсең ғана шығасың. Қазір бәрі басқаша. Өнерпазды 5 минут сайын көк жәшіктен көрсете беріп, жұлдыз қылады. Сосын сахнаға шығарады.

Көп концерттерге қатыса бермеймін. Себебі қорқамын. «Бүгін менімен қатар кімдер шығып жатыр, ол адам сахнаға лайық па? деп ойланамын. Өнерпаз сахнада өз-өзін ұстау мәдениетін, тәртібін меңгеруі керек. Оның сахнада ән салмақ түгіл, елге амандасу үшін моральдық құқығы болу керек. Көрермен оның жалтыраған киіміне қарау үшін емес, рухани ләззат аламын деп келеді.

Есіме түскен жайтты айта кетейін, Қазақстан Жастар одағының сыйлығын алғанымда, үйге бір топ азамат құттықтай келді. Ол кезде Үкімет Алматыда отырды. Сонда Иманғали Тасмағамбетовтің айтқаны: «Нұрлан, сенің алған бұл атағыңнан халықтың берген «Нұрлан Өнербаев» деген атағы әлдеқайда жоғары». Осы сөз - бүкіл өміріме кредо. Авраам Линкольн «Атақ-абырой азып, тозады, егер сақтай білмесең» деген екен. Тырнақтап жиған абыройды шелектеп бір-ақ күнде төгіп алуға болады. Мен Еңбек сіңірген әртіс атағыма емес, сахнадағы Нұрлан Өнербаев деген атағыма кір келтірмеудің жолында жұмыс істеймін.

Өнерге өмірін арнауға бел буған жастармен кездескеніме, оның үстіне бұл кездесудің Ғарифолла ағамыздың атындағы өнер ордасында өтіп жатқанына қуаныштымын. Бұл жерде қазақтың керемет өнерпаздары ән айтқан. Мына қабырғаларда солардың әрқайсысының үні, табанының ізі бар. Кез келген сахнасы бар ғимаратты клуб деп қарауға болмайды. Ол түсінік бізге орыстан ауған. Сахнасы бар ғимаратта сенің ұлтыңның тарихы, болмысы, дәстүрі жатыр деп қабылдау керек. Ал өнерпаздың оған құрметпен қарамауы мүмкін емес. Былайғы көрерменге үлгі беретін де, өнеге болатын да – сіздерсіздер. Осыны ұмытпасаңыздар екен!

 Жазып алған Айдана Хамидуллина

Фото Темірболат Тоқмамбетов

Динара Киндербаева

zhaikpress.kz

31189685_838979576300128_2136639207764918272_n 31195596_838979662966786_8431825356796723200_n 31206293_838979809633438_7688533506187591680_n 31290704_838979919633427_3870574649699991552_n

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале