Бала өміріндегі жақсы мен жаманды ажырата білсе, ол әженің тәрбиесінен. Сондай-ақ, алыс пен жақынды, ащы мен тәттіні айтпағанда, ұлттық құндылықтан хабардар болса, ол да әже тәрбиесі болса керек. Немере мен әже арасындағы байланыс бүгінгі таңда қалай өрбіген? Заманы мен талғамы бөлек жандардың түсінісуіне не кепіл?
Жоғарыдағы сұрақтарға жауап берген «Өнерлі қыз, өнегелі әже» тақырыбындағы шара аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың ұйымдастыруымен өтті. Оған қатысқан әжелер немерелерімен бірге өнер көрсетіп, тағылымды әңгіме өрбітті. Алдымен өздерін таныстырған қатысушылар қағаздан ою ойып көрсетті. Мұнан соң немеремен бірге қосылып ән шырқап, жүн түту, жіп иіру секілді өнерлерін ортаға салып, соңынан қыздарының шашын өрді.
Өз кезегінде сөз алған аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Р.Сатыбалдиевтің айтуынша, аталмыш шара ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатын көздеген. – Бұл шара «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық аясында халықтың мұрасын кеңінен насихаттау міндетін де жүктеді. Жалпы әже мен немере арасындағы байланыс отбасы институты туралы айтуға мүмкіндік береді. Аналары қызмет барысымен жүргенде ұрпағымыз ғаламтордан емес, көненің көзі болған қарияларымыздан тәрбие алса, айтқан өсиеттерін бойға дарыта білсе нұр үстіне нұр,- деді Рауан Таңатжанұлы.
Әсем Серікқали
Тасқала ауданы