Бүгін Теректіде әкімінің орынбасары Лауаз Уәлиевтің төрағалығымен Теректі ауданы бойынша шегіртке тұқымдас зиянкестермен күрес шараларын үйлестіру жөнінде шұғыл әрекет штабының отырысы өтті.
Отырысқа ҚР АШМ АӨК МИК Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Лавр Хайретдинов, ҚР АШМ АӨК МИК «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» БҚО филиалының басшысы Алтай Алдабергенов, БҚО аумақтық инспекциясының өсімдіктерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекция бөлімінің басшысы Ерлан Құрмашев және штаб мүшелері қатысты.
Теректі аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Қамидолла Дүйсеналиев 2018 жылы аудан көлемі бойынша аса қауіпті зиянды организмдер мен шегірткелерге қарсы жүргізілетін іс-шараларды жүзеге асыру үшін нақты жоспар құрылғанын атап өтті. Оның айтуынша, биыл аудан бойынша 8,08 мың га алқап химиялық жолмен өңделмек. Сондай-ақ бақылау алқаптарында қыстап шыққан итальяндық прус шегірткелерінің күбіршектеріне көктемгі зерттеу жұмыстары жүргізілген. Аталмыш шегітрке дернәсілдерінің жандану кезеңінде «ашық шайқас» басталмақ.
Шегіртке тұқымдас зиянкестерге қарсы күрес шаралары жөнінде Теректі ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Досмақов пен ҚР АШМ АӨК МИК «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» Теректі аудандық филиалының басшысы Альбек Сақау мәлімдеді.
Аягөз АЙТҚАЛИЕВА,
Теректі ауданы