31.05.2018, 10:58
Оқылды: 170

Бөкей губерниясындағы ашаршылық

Азамат соғысы аяқталғаннан кейін кеңес халқына ашаршылық нәубеті жетті. 1921 жылдың күзіне қарай одақ бойынша 20 миллионнан астам адам аштыққа ұшырады. 1920-1922 жылдары Бөкей губерниясының халқы да ашаршылық қасіретін басынан өткізгенін Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архив қорында сақталған тарихи деректер дәлелдейді. Мәселен, осы кезеңде Бөкей губерниясындағы жылқы саны 146 мыңнан 49 мыңға, ал қой басы 1,3 миллионнан 0,4 миллионға кемиді. Сөйтіп, 1921 жылы Бөкей өлкесінде соғысқа дейінгі мал санының 20%-ы ғана қалады.

Ашаршылыққа ұшыраған елдегі халықтың ауыр жағдайын сол кезеңде Тарғын уездік кеңесі атқару ко­митетінің төрағасы болған Х.Чу­рин: «1921 жыл өте ауыр болды. Волга және Бөкей губерниясында болған қуаңшылық салдарынан халық ашаршылыққа ұшырады. Аштықпен қабаттасып, сүзек, ты­­рысқақ аурулары етек алды. Бө­кей губерниясының оңтүстік ша­ғыл құмды бөлігінің жағдайы өз­гелерден біршама тәуір болды. Олар құмда өскен құмаршықпен күнелтіс жасады. Бұл аймақта мал жайылымы жақсарды. Ал об­лыстың құрғақ далалы Тарғын, Таловка, Жаңақала уездерінің тұр­ғындары ашаршылықтан мықтап жапа шекті. Ол қолындағы бар ма­лын сойып алды. Бірақ астықсыз қиын еді. Мал еті жөнді азық бол­мады. 1921 жылдың аяқ кезінде көптеген отбасы әбден ашығып өле бастады. Жұт жеті ағайынды дегендей, осындайда жау жағадан алып, ақ гвардияшыл бандалар да жауыздықты өршітті. Олар он­сыз да ашығып отырған халықтың ақтық астығын, малын тартып алып, талан-таражға салды» деп баяндайды.

РК(б)П Орталық комитеті 1921 жылы 17 шілдедегі арнайы үн­деуінде елдегі ашаршылық се­бебін аграрлық сектордың артта қалуы мен ауыл шаруашылық бі­лімі деңгейінің төмендігінен, сон­дай-ақ помещиктер мен капи­та­лис­тердің қарсы күресінің бә­сең­сімей отырғанымен байла­ныстырды. Алайда, Кеңес өкіметі қатаң жүргізген «Әскери комму­низм» саясатының нәтижесі ха­­лық шаруашылығына, әсіресе, ауыл шар­­уашылығы саласына соқ­қы бо­­лып тиді. Соғыс жағ­дайын­да қа­был­данған «Әскери коммунизм» саясатының негізгі мақсаты – азық-түлік салғырты болды. Қы­зыл армияның мұқтажын өтеу үшін шаруалардан ауыл шаруа­шылық өнімдері жинап алынды. Репрессияға ұшырамау үшін шар­уа байғұс азық-түлік салғыр­ты­на қолдарындағы тұқым қо­рын да тап­сыруға мәжбүр болған. Бұл шаруашылықтардағы тұқым­дық ас­тықтың жойылуына әке­ліп соқ­тырды. Оның үстіне салғырт мал шар­уашылығымен айналы­­­сып отыр­­ған қазақ ауылдарына да са­лынды. Егін салмайтын қазақ ма­лын сатып, ақшасына бидай алып мемлекетке өткізуге мәжбүр бол­ды.

1920 жылғы салғырт бойын­ша Орал губерниясынан 1,5 млн.пұт астық тартып алынды. Бұған ет және тағы басқа қосымша са­лықтар қосылды. Осындай сая­сат­тың нәтижесінде 1921 жылы Қазақстанның көптеген аудандарын аштық жайлады. Астық шық­паған Орынбор, Қостанай, Ақ­тө­бе, Бөкей губернияларында 1921 жылы бар болғаны 4 719 391 пұт астық жиналды. Ал күнкөріс үшін 22 105 864 пұт астық қажет болатын. Осылайша 17, 5 млн.пұт астық күнкөріске және тұқымға жетпей қалды.

1921 жылдың тамыз айында Қа­зақстанның Орынбор, Ақтөбе, Орал және Қостанай губерния­ларымен бірге Бөкей губер­ния­сы да аштықтан зардап шеккен ай­­мақ­тар тізіміне ресми түрде ен­­гі­­зіл­­­ді. Бөкей губерниясындағы ашық­қан 176 500 адам есепке алынды. Сол жылдан бастап Бөкей гу­бер­ниясында, әсіресе, Тарғын, Талов уезінің жерлеріндегі ашаршылық қасіреті туралы Х.Чурин «Да­уылды жылдарда» атты еңбегін­де: «1921-1922 жылдардың қысында адамдар аштан көп өлді. Уезд ор­та­лы­ғы болған кенттің көшеле­рін­де біз таңғы сағат 5-6-ларда кей­де ондаған адам өлігін жинай­тын­­­­быз. Мынандай бір оқиға менің есім­де қалыпты. 1922 жылы май айын­да бір күні Жәнібек поселкесіне жақын жердегі танысымның үйіне бардым. Сол кезде әлдеқай­дан жаяулап бір аш адам келді. Ол баяғы жалшы Нәби Тұралиев екен. 1921 жылы алыстағы бір дәулетті адамға жалшылыққа тұрыпты. Сол жылы мал қырылып, жалдаған қожалары жұтап, аштан өліпті де, Тұралиев талай жер жүріп, уезд орталығына әрең жетіпті. Бей­шара күптей болып ісіп кеткен, көздері мүлдем көрінбейді. Мен үй иелеріне алдын ала ескертіп, оған тамақты бірден көп бермеу керек дедім. Ал ол үй иесінің берген тамағын місе тұтпай, қайта-қайта тамақ сұрап жалына баста­ды. Бірден тамақ көп жесе, өліп кететінін ескерткеннен кейін ғана ол біраз тынышталды. Үй иесі әйел қалған тамақты тығып қо­­йып­­ты. Мен ол ауылдан кетіп қалдым. Ал әлгі адам әйелдің қалған та­мақ­ты қайда қойғанын байқап қалса ке­рек, үйдегілер сыртқа шығысымен қалған тамақты алып жейді де үйден кетеді. Екі жүз қадамдай жерге барғанда ауырып, ойбайлап, домалап, жылап-еңіреп, ажалдан құтқара көріңдер деп жалбары­нады. Бірақ ол сорлының өміріне араша тұруға мүмкіндік болма­ған. Бейшара тамаққа тойғаннан ке­йін үш сағаттан соң ауыр азап­тан өлді», – деп жазды.

Бүкілроссиялық орталық ат­қару комитетінің (БОАК) декреті бо­йынша 1921 жылдың 8 шіл­де­сін­де ашыққан адамдарға жәр­дем беру үшін арнайы комис­сия (ЦК Помгол) құрылады. Рес­пуб­ли­ка­ның губерниялық және уез­дік атқару комитет жанда­рынан ашыққандарға көмек көрсету жө­нінде арнаулы комиссия құрыл­ды. Ашыққандарға көмек көрсету жөніндегі Орталық комиссияның №18995 санды жеделхатының негізінде 1921 жылы 8 тамызда Бө­кей губерниясында ашыққан­дар­ға көмек көрсету жөніндегі ко­мис­сия құрылып, ол жедел түр­де жер­гілікті бөлімшелердің ашық­қандарға көмек көрсету жұмы­­сын ұйымдастырып, басқаруға кірі­седі. Бұл комиссия уездік және болыстық комиссия мүшелерінің атқаратын нақты тапсырмала­рын көрсетіп, он тармақтан тұра­тын арнайы нұсқау (инструкция) дайындайды. Нұсқауда уездік жә­не болыстық жерлерде комис­сия бөлімшелерін құру қажеттігі, ауқатты адамдардан қарызға алған малды сойып, ашыққан­дар­ды тамақтандыру, ата-анасы жоқ қа­рау­сыз қалған балалар үшін жа­тақ­­ха­на­лар ашу, жұқпалы ау­ру­лар­ға қарсы күрес шараларын ұйым­дас­тыру жұмыстары көрсеті­­ліп, ашар­шылыққа қар­сы ат­қа­рыл­ған істер туралы губер­ния­лық комиссияға екі аптада бір рет есеп беру міндеттелді.

Қамыс-Самар қисымындағы аш­тықпен күрес комиссиясының жүр­­гізген жұмысы туралы об­лыс­тық атқару комитетіне жасаған мәлімдемесінде болыстық комис­сиялар құрылып, тамақтандыру пункттерінің ашылғаны, союға мал таппаған ауылдарда балық аулау топтарын құрып, аш адамдарға балық үлестірілгені, Жаңақала ауы­лында жетімдер үшін 50 кісі­лік асхана ашылғаны, аш және ауру адамдар үшін 50 пұт астық бе­ріл­ге­ні көрсетілген. Алайда қи­сым аумағында іш сүзегі ауруы азайғанымен, ең қатерлі дерт – оба пайда болды. Медицина штаты­ның қызметін күшейтуге тапсырма берілді. Губернияның Тарғын уезіндегі ашаршылыққа қарсы кү­рес жөніндегі төтенше комис­сия Жәнібек кентіне орналасты. Ке­­ңес аппаратының және партия­ның уездік органдарының бар­лық қызметкері дерлік ашаршылық­ пен күресті ұйымдастыру үшін шал­ғай ауылдарға жіберілді. Уезд орталығында ашыққандарға ар­нал­ған сегіз тамақтандыру пункті жұмыс істеді. Ата-анасыз қал­ған балалар үшін жатақхана ұйым­дастырылды.

1922 жылдан бастап аштық Бө­кей губерниясында, әсіресе, Тар­ғын, Талов және Жаңақала ау­дан­­да­рында өрши түседі. Бөкей губерниялық денсаулық сақтау бөлім меңгерушісінің 1922 жылы 30 қазан күні губерниялық аштық салдарымен күрес комиссиясы­на: «6 ай бойынша, яғни 1 қаңтар – 1 шілде аралығында іш сүзегі­нен 118 адам ауырып, 8-і қайтыс болды, бөртпе сүзегінен 232 адам ауырып, 35-і қайтыс бол­ды, аштық салдарынан 1272 адам ауы­рып, 255-і қайтыс болды. 423 адам тырысқақпен ауырып, 227-і өлді» деп есеп берді. Аштықтың етек алғаны соншалық, үкімет ашы­ғып жатқан халыққа азық-тү­лік жөнінен дереу жәрдем беру­ге мәжбүр болды. Бұл нәубеттен Бөкей өңірінің демографиялық құлдырауы күшейді. 1925 жылы Орал және Бөкей губерниясы кеңестерінің біріккен съезінде баяндама жасаған губерниялық жер басқармасының меңгерушісі Т.Қожанов Бөкей аймағында өте көп адам шығынға ұшырағанын атап көрсеткен. Егер Бөкей гу­берниясы тұрғындарының саны 1917 жылы 251,1 мың болса, 1920 жылы 181,7 мың адам өмір сүр­ген, яғни 3 жылдың ішінде тұр­ғын­дар саны 6514 мың адамға азай­ған. Түйіндеп айтқанда, Бөкей гу­бер­ниясындағы 1920-1922 жыл­дардағы ашаршылық елге зұлмат әкеліп, аймақтағы шаруашы­лық­ тар­ды күйзелтіп қана қоймады, халықтың демографиялық өсуіне де өз зардабын тигізді. Демек, өл­кедегі халық санының төмендеуі аймақтағы экономиканың да­муын тежеді. Нәтижесінде Бөкей да­­ла­­сы елді мекендер сирек қо­ныстанған аймаққа айналды.

 

Бақтылы БОРАНБАЕВА,

Батыс Қазақстан инновациялық- технологиялық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале