31.05.2018, 11:30
Оқылды: 19

Шыңғырлауда жүзу жорығы мәреге жетті

 

IMG_1836Шыңғырлау ауданы іргесінде ағып жатқан Батыс Қазақстан аймағының ірі өзендерінің бірі Елек арнасында суда жүзу жорығының эстафеталық бірінші кезеңі мәресіне жетті.

Осыдан екі күн бұрын бастау алған «рухани жаңғыру» бағдарламасының «рухани қазына» аясындағы  туған жерді тану, зерттеу мүддесіне сәйкес шара барысында аудандық туризм және экология орталығының ұжымы, аудан әкімшілігі, жастар ресурстық орталығы және мәдениет бөлімі мамандарымен бірлесе отырып, Жаңакүш елді-мекені тұсынан өзенге қайық салған еді. Осылайша, екі қайық және 1 байдарка құралымен өзен арнасында 35 шақырымды екі күн жүзіп өткен экспедиция мүшелері еліміздің байрағын көтеріп, жағаға келген соң  елдік рәмізді аудан жастары қолына тапсырды.

Осынау шара арқылы экспедиция мүшелері қоғам назарын табиғат құндылықтарын бағалауға, сақтауға және оны қорғауға аударғысы келеді. Сондай-ақ еліміздің рәміздері күніне орай елдік символикаларды, мемлекеттілігімізді, Тәуелсіздігімізді құрмет тұтуға, перзенттік сүйіспеншілікпен қарауға шақырады.

Бұл туралы жүзу жорығының аяқталу сәтінде сөйлеген сөзінде аудандық мәслихат хатшысы Г.Волкогон да айтып өтті. Ол өз сөзінде:

-Біз Елек өзенінің айдынын, табиғатын танып отырмыз, 35 шақырымдық жорықтың өзінде-ақ Елек өзенінің қаншама жерді суғара, нәр бере ағып, туған жерде аялай, аймалай өтіп жатқанын байқадыңыздар. Еліміздің әрбір адамы, әр бір жас осынау туған жеріміздің шынайы жанашыры болуы тиіс. Бұл жанашырлық, қамқорлық бүгініміз бен ертеңгі болашағымыз, елдігіміз үшін қажет,- деді.

Осындай бағытта сөз арнаған экспедиция мүшесі, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы Ө.Бекениязов та жорықтан рухани азық алғандығын, аудан табиғатының көрсе көз тоярлық, айтса мақтануға тұрарлық келбетін атап өтті. Шараның аса тағылымды болғанын және барлық рухани жаңғыру бағытындағы ізгі шаралардың нәтижелі болуына тілек қосты.

Осыдан соң экспедиция мүшелері естелік суреттерге түсіп, Ә.Жұбаниязовтың орындауында «Елге сапар» әні шырқалды. Ел байрағы осы жерде аудан жастары қолына тапсырылды. Эстафетаның жалғасы, 4 маусым- ел рәміздері күнінде жалғасатын болады.

 Қ. Елемесов

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале