1.06.2018, 15:02
Оқылды: 45

Тасқалалық өнерпаздар «Ұлы дала мұрасы» байқауынан жүлделі оралды

Жуырда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ақтөбе облысының әкімдігі мен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, сондай-ақ  Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның  ұйымдастыруымен жас орындаушылар және халық аспаптары оркестрлері арасында республикалық «Ұлы дала мұрасы» атты байқау өтті.

Оған  Қостанай, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстары мен аудандарынан және Павлодар қаласынан, сондай-ақ, Тасқала аудандық саз мектебінің өнерлі өрендері қатысып, бақтарын сынады.

Аталмыш шараға ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, күйші Қ.Қожанбаев бастаған, құрамында  ҚР мәдениет саласының үздіктері М.Қабижанова, Ә.Ермекбаев бар әділқазылар  қазылық етті.

Сайыс қорытындысы бойынша ҚР ІІ Министрлігінің Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы бас жүлдені иеленсе, Тасқала аудандық балалар саз мектебінің халық аспаптар оркестрі I орынға табан тіреді.

Оқушыларымыздың осы байқауға қатысып, өнерлерін көрсетуге жеке кәсіпкер Қ.Таскалиев, аудандық мәдени-демалыс орталығының директоры Ж.Бисенгалиева, «Луч» ЖШС басшысы Н.Мусеновтер демеушілік танытты.

Сонымен қатар 12-13 мамыр күндері Ақтөбе облысында ІІІ  Халықаралық оқушылар, жасөспірімдер мен ересектер арасындағы «Тоника» атты фестиваль-байқауы өтті. Аталмыш жарысқа Павлодар, Қарағанды, Ресей Федерациясының Орск қаласынан, Ақтөбе облысы және тағы басқа өңірлерден үміткерлер қатысты.

Байқау нәтижесінде баян аспабында ойнаған С.Миронов екінші орын, флейтада ойнаған А.Сабырғалиев екінші орынға табан тіресе, вокал бойынша  Д.Мендалиев пен фортепианодан Ә.Әбдірахман екінші орыннан көрінді.

Назгүл ЖӘРДЕМОВА,

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале