5.06.2018, 20:29
Оқылды: 100

«Жәнібек пен Бөкей орда жолы, Чапайда салынатын көпір – өңірдің тыныс-тіршілігін жақсартатын стратегиялық жоспар»

            AQJAIYQ телеарнасында тікелей эфирде өткен «Әкім сағатында» жол мәселесіне қатысты сұраққа жауап берген Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов осылай деді.

- Жол мәселесін Елбасына баяндадым. Тоғыз аудан орталығына асфальт жеткен де, қалған 3 ауданға тас жол жоқ. Елбасы Бөкей ордасы мен Жәнібектің жағдайын жақсы біледі. Бұл жерде қаншама халық тұрады. Бұл жерлерде еліміздің қасиетті нысандарына кірген киелі орындар бар. Жылдар бойы шешілмей келе жатқан мәселені шешуді тапсырды. Біз үшін үлкен қолдау болды. Қысқа мерзім ішінде екі жұмыс тобы келіп кетті. Жалпақталға жол жетті, одан әрі Сайқынға жету үшін 310 шақырым жол бар. Соның 35 шақырымы биыл жасалады. Оның жобалық-сметалық құжаты жасалған, мердігер белгіленді. Маусым айында жұмысты бастап кетті. Ары қарайғы Қазталовтан Жәнібекке, Жәнібектен Сайқынға жоба жоқ. Жұмыс тобы жобалық құжаттаманы бастады. 275 шақырым жолдың толық жобалық құжаттары, сараптамасы биыл аяқталуы тиіс. Сонда ғана келесі жылы жұмысты бастап кете аламыз. «Жолды екі-үш жылдан созбай бітіру керек» деген Елбасының тапсырмасы сөзсіз орындалады. Президенттің тапсырмасы хаттамада белгіленді, Үкіметтің бақылауында тұр. Республикалық маңызы бар жол, министрлік байқау жасайды, республикадан қаржы бөлінеді. Облыс халқы үшін үлкен қуанышты жағдай.

Әрине, облыс орталығынан қашық. Сондықтан үш-төрт лотқа бөліп, үш-төрт компания бастауы керек. Келесі жылы ауа райы қолайды болғанда бастап кетуге биыл дайындап қоюымыз қажет.

Асфальт жолы жоқ үш ауданда банк жоқ, инкосация бармайды. Жол қан тамыры сияқты тіршілікті алып барады. Шағын бизнес дамиды. Көршілес елмен жол қатынасы ашылады. Транзиттік жол Ақжайық ауданында Жайық үстінен көпір салу мәселесін пісіреді. Жол аяқталмағасын, көпір мәселесі шешілмей отыр. Жол аяқталып, көпір ашылса, Атырау мен Ақтөбе күрежолы қосылатын болады. Жымпиты мен Чапай арасы жалғанады. Халықтың өмір сапасы, шағын және орта бизнестің байланысы түзеледі. Бұл – өңіріміздің тыныс-тіршілігін жақсартатын стратегиялық жоспар,-деді БҚО әкімі Алтай Көлгінов.

Еске сала кетсек, AQJAIYQ телеарнасында тікелей эфирде «Әкім сағаты» әлі жалғасуда.

Нұрлыбек Рахманов,

zhaikpress.kz

Фото Александр Куприенко

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале