Бүгін облыс әкімі бастаған делегация ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімоваға Батыс Қазақстан облысының "Құрметті азаматы" атағын ресми түрде табыстады.
"Құрметті Бірғаным Сарықызы! Батыс Қазақстан облысының гүлденуіне үлес қосып, жергілікті әкімдік пен облыстық мәслихаттың қолдауының нәтижесінде өңіріміздің «Құрметті азаматы» атанған тұлғалар аз емес. Күні бүгінге дейін 17 адам осы атаққа лайық деп танылса, солардың бірі де, бірегейі – өзіңіз.
Қиын-қыстау кезеңде еліміздің Білім және ғылым министрі болып, экономиканың әлсіздігіне қарамастан тәуекелге толы реформаларды жүргізуге атсалыстыңыз.
Тәуелсіздігін алғанына аз уақыт қана болған Қазақстанның атынан Біріккен ұлттар ұйымында елшілік атқардыңыз. Бүгінде өзіңіздің ұшан-теңіз біліміңіз бен мол тәжірибеңізді ел дамуы жолында депутаттық қызметте атқарып келесіз.
Уақытыңыздың тығыздығына қарамастан, өзіңіз түлеп ұшқан Ақжайық өңіріне жиі келіп, кездесулер өткізіп тұрасыз. Бұл батысқазақстандық жастар үшін күшті мотивация", - деп атап өтті Алтай Көлгінов.
zhaikpress.kz