15.06.2018, 18:42
Оқылды: 90

Педагогикалық колледжде газетке электронды жазылу жобасы таныстырылды

84682fed-c3e2-40c4-bd0e-ae306c2be9caБүгін Жаһанша Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінің ұстаздары мен студенттеріне облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» және 12 аудандық газетке электронды жазылу жобасы таныстырылды.

 Екі бөлімнен құралған кездесу барысында «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Жантас Сафуллин газеттерге онлайн жазылудың артықшылықтарына тоқталды.

– Біріншіден, газетке электронды жазылудың бағасы әдеттегіден екі есе төмен болады. Екіншіден, газеттің әр нөмірін кешікпей, уақытылы оқи аласыз. Газет шығатын күні бірден поштаңызға электронды нұсқасы келіп түседі. Сонымен қатар экономикалық жағынан тиімділігі артпақ. Себебі газетті баспаға шығару үшін қағаз, бояу, пластина секілді құралдардың барлығын көршілес Ресей және Қытай елдерінен алдырамыз. Төртіншіден, елімізде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы қабылданғаны өздеріңізге мәлім.  Бір ғасыр тарихы бар газет те заманына қарай түлеп отырады. Жастар, сіздер ғаламтор желілері арқылы көптеген ақпарат қабылдайсыздар. Сондықтан сіздерге күнделікті өмірде қолдануға барынша ыңғайлы етуге тырыстық, - деді Жантас Набиоллаұлы.

5cad28af-15c6-442d-b840-a9c5a54310f6«Жайық Пресс» ақпарат орталығының жетекшісі Нұрлыбек Рахманов электронды жазылуды жүзеге асырудың жолдарын көрсетті. Ол үшін zhaikpress.kz сайтындағы «Онлайн жазылу» батырмасы арқылы жазылу бөліміне өтесіз. Сол арадан өзіңізге қажетті газетті және жазылу мерзімін таңдап, аты-жөніңіз бен электронды поштаңызды енгізесіз. Автоматты түрде «Pay Box» бөліміне өтіп, төлем картаңыздың мәліметтерін жазуыңыз керек. Одан соң ұялы телефоныңыздың нөмірі мен электронды поштаңызды қалдырасыз. Картаңыздың электронды төлем жасайтын қызметі қосулы болуы тиіс. Мәліметтерді жіберген соң телефоныңызға түскен құпия санды енгізіп, төлеміңіздің сәтті қабылданғаны жөнінде ақпарат аласыз. Ал белгілі бір мекеме қызметкерлері бірден ұжым болып жазылғысы келсе, басшылық тарапынан «Жайық Пресс» ЖШС-на түбіртек жіберсе болғаны. Медиахолдинг қызметкерлері мекемеден қажетті ақпараттарды алып, сайтқа өздері енгізеді.

49fc2557-9e38-47ff-8b27-95b0115f885cЖаһанша Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінің директоры Светлана Меңдіғалиқызы барлық ұстаздар мен ең үздік елу студентке жарты жылға дейін тегін жазылу мүмкіндігін сыйлайтынын айтты.

– Технология дамыған заманда газет оқу мәдениетін қалыптастыруымыз қажет. Бар болғаны мың теңге төлеп, алты ай бойына аптасына үш рет облыстық газет оқу – керемет жағдай. Бұл мұғалім ретінде өзіміздің кәсіби қызметімізге өте тиімді. Өйткені облысымызда болып жатқан саяси, экономикалық, әлеуметтік жаңалықтан хабардар болып, танымдық материалдар оқып, рухани байлығымызды жетілдіре аламыз. Жедел ақпарат ұсынатын заманауи сайтқа қолдау көрсету парызымыз деп есептеймін, – деді Светлана Меңдіғалиқызы.

Кездесудің екінші бөлімінде медиахолдинг директоры ақын, ағартушы, Алаш қайраткері Ғұмар Қараштың шығармалары мен өмір жолы туралы деректерді қамтыған үштомдық жинақпен таныстырды. Колледж кітапханасына он кітап сатып алынды. Кітап шығару барысында зерттеу жұмыстарымен айналысқан бір топ азамат Мәскеу қаласына барып, Ғұмар Қараштың туған немересі Надежда Қарашевамен сұхбаттарын таспаға жазып алған. Аталған бейнебаян кездесуде назарға ұсынылды. Басқосуда Бақтылы Боранбаева, Жәнібек Исмурзин секілді тарихшылар студенттерге  Ғұмар Қараш жөнінде біраз пайдалы ақпарат берді.

2fcd0c74-a38c-4c03-bb13-7a85feb09354–Ғұмар Қараш – ХХ ғасырдың басында қазақ халқын ғылым,білімге үндеген ағартушы қайраткер. Ол бала тәрбиесіне үлкен мән беріп, педагогикалық еңбектер қалдырған. Жантас бауырымыздың бастамасымен жарық көрген үштомдық кітапты оқысаңыз, көптеген пайдалы мәліметке қарық боласыз. Ұрпағымыз құлдық санадан түгелдей арылып, ұлы халықтың атақ-абыройы асқақтай берсін! – деді Бақтылы Боранбаева.

Кеш барысында Ғұмар Қараштың туған немересі Надежда Қарашеваның  сұхбаты көрсетілді.

Кездесу соңында колледж ұстаздары Жантас Набиоллаұлына танымды кеш үшін алғыстарын білдірді.

Айым ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале