Бүгін Орал қаласындағы Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының фойесінде «URALSK JOB FAIR-2018» жастарға арналған бос орындар жәрмеңкесі өтті.
Бұл - жастарға арналған биылғы жылғы екінші жәрмеңке. Сәуір айындағы жәрмеңкеде 500-ге жуық бос жұмыс орны ұсынылған екен. Онда алпыстан астам жас тұрақты жұмысқа орналасып, екі жүзге жуығы «Жастар тәжірибесі», «Жасыл ел», «Студенттік құрылыс жасақтары» және өзге де әлеуметтік жобалар аясындағы маусымдық жұмыстарға тартылған.
-Биыл 15 мыңнан астам жас оқу орнын бітірді, соның ішінде тоғыз мыңнан астамы жоғары, бес мыңнан астамы - арнаулы оқу орындарының түлектері. Біз ең алдымен қолына дипломын енді ғана алған жастарды жұмысқа орналастыруға күш саламыз. Орал қаласы мен аудандардағы бос жұмыс орындарын жинақтап ұсынумен қатар, халықаралық және мемлекеттік бағдарламалар туралы кең көлемді мағлұмат береміз.
Бұл жолы «URALSK JOB FAIR-2018» жәрмеңкесінде 70-тен астам жұмыс беруші қатысып, 700-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды. Ірі өндірістік кәсіпорындар мен қаржы секторын айтпағанның өзінде, барлық он екі ауданның денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт мекемелерінің басшылары арнайы келіп, жастарды ауылға жұмысқа шақырды, - дейді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аян Сақошев.
Шара барысында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалының бизнес-тренерлері семинар-тренингтер ұйымдастырып, жастарға жеке кәсіп ашу, кәсіпкерлік нысанын тіркеу, несиелер мен демеуқаржы алу арқылы кәсіпті кеңейту бағытында кеңестер берді.
Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ
Суретке түсірген Айбатыр НҰРАШ
zhaikpress.kz