3.08.2018, 17:40
Оқылды: 46

БАҒДАТ АЗБАЕВ: «Жұмыс сапалы болуы үшін, уақытында орындалуы керек!»

 

Azbaev SyrymБүгін Сырым ауданына жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев келді. Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев облыс әкімінің орынбасарына Қособа, Жымпиты және Бұлдырты ауылдық округтеріндегі құрылыс жұмыстарын таныстырды.


 

Қособа ауылындағы 200 орындық клубтың құрылысы бүгінгі күні 60 пайызға аяқталды. Қабырғалар толықтай көтеріліп, құрылысшылардың бір бригадасы сылақ жұмыстарына кірісті. Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев мердігерге ғимараттың сыртқы келбетінің тартымды, заманауи кейіпте болуына барынша көңіл бөлуді тапсырды. Мердігер «ЛИДЕР» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ғимараттың құрылысынан бөлек клуб ауласының абаттандырылуын да өз мойынына алып отыр.

Azbaev Syrym (1)Маусым айында аудан орталығының үстімен өтетін Самара – Шымкент тас жолын орташа жөндеу жұмыстары басталды. Қазір жолдың 78 шақырымының ойық-шұңқыры бітеліп, бетіне бұдырлы қабат төселіп жатыр. Осы жұмыстарға жауапты мердігер «БекетСатЖол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысына тапсырыс беруші тараптың көңілі толмай тұр. Себебі екі ай бұрын басталған жөндеу жұмысында қарқын байқалмайды. «Қазақавтожол» мекемесінің Батыс Қазақстан облысындағы филиалы, №39 жол пайдалану бөлімінің бастығы Берік Бисалиевтің айтуынша, Самара-Шымкент тас жолы арқылы Жымпиты ауылының үстінен өтетін көлік ағыны 4000 көлікті құрайды екен. Жөндеу жұмыстарының өнбегені осы көліктердің қозғалысына кәдімгідей кедергі келтіруде.

- Жұмыс сапалы болуы үшін уақытында орындалуы керек. Асығыс жасалған жұмыс керек емес. Мердігер міндетіне салғырт қарайтын болса, біз тиісті мекемелерге ұсыныс түсіреміз. Аудандағы әріптестеріме мемлекеттік жобалардың жүзеге асуын қатаң қадағалауды тапсырамын. – деді бұл туралы Бағдат Азбаев.

Халықаралық автожолдың орташа жөндеуімен бірге Жымпитыда ауылішілік жолдардың күрделі жөндеуі де жүріп жатыр. Мысалы, Өлеңті ауылының кіреберіс жолын асфальттау тамыз айының ортасында толық аяқталады деп жоспарлануда.

Azbaev Syrym (2)Жол сияқты емес, Бұлдырты ауылдық округіндегі жаңа ауыз су жүйесінің құрылысы өнімді жүріп жатыр. Мердігер «Жиенбай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылысшылары 31 шақырым су құбырының 20 шақырымына құдық орнатып үлгерген. Құрылыс жұмыстарының жалпы орындалуы көлемі 70 пайызды құрап отыр. Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев құрылыс жұмыстарын мүмкіндігінше жылыту маусымына дейін аяқтап, жаңа су жүйесі арқылы қазан айының басында су жіберу туралы тапсырма берді.

Айта кетейік, Бұлдырты ауылын ауыз сумен қамту жобасының жалпы құны  327 млн. теңгеге жуық қаражатты құрайды. Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев жоба арқылы ауыз су айтарлықтай үнемделеді деп отыр.

Өңір басшысының орынбасары Бағдат Азбаевтың атап өткеніндей, Сырым ауданында ауыл халқының өмір сүру сапасының артып жатқанының анық мысалдары бар. Өйткені ауданда жылма-жыл жаңа мемлекеттік жобалар жүзеге асырылып, жаңа құрылыстар игілікке берілуде. Бұл жақсылықтар әлі жалғасатын болады.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале