9.08.2018, 17:13
Оқылды: 55

Оралдағы қоғамдық көліктерде электронды жол жүру картасы енгізілмек

Алдағы дүйсенбіден бастап Орал қаласында жолақы төлеудің автоматтандырылған электронды жүйесі іске қосылмақ. Картамен жолақы төлеу жүйесі ең алдымен №5, №7 және №39 автобустарда енгізіледі. Қыркүйек айының соңына дейін электронды билет жүйесі қаладағы барлық бағыттағы қоғамдық көліктерде пайда болмақ.

38802557_217327092274066_2479518880934920192_n

Бүгін өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте Орал қалалық әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Мұхамбетқалиевтің айтуынша, «Круглоозерное-Орал» бағытында қатынайтын №51 автобуста қанатқақты жоба ретінде сынақтан өткен электронды билет жүйесінің «дәстүрлі» қолма-қол төлем жүйесінен артық тұстары көп. Біріншіден, жолақы төлеуге жұмсалатын уақыт үнемделеді, екіншіден, жолаушы қалтасын ұсақ ақша мен тиыннан тазалайды және ірі ақшаны майдалаймын деп әбігерге түспейді. Кондуктор мен жолаушылар арасында болатын кикілжіңдер азаяды.

Жобаны ұсынушылар электронды билет жүйесі тасымалдаушылар табысының ашықтығын қамтамасыз етумен қатар, қоғамдық көліктердегі ұрлықтың алдын алуға сеп боларына сенімді.

«КазТранссервис» ЖШС жарнама бөлімінің менеджері Мөлдір Бекееваның мәлімдеуінше, он мың дана төлем картасы саттыққа шығарылады. Электронды карталар мен білезіктерді автобустардағы компания өкілдерінен және сауда нүктелерінен сатып алуға болады. Бағасы – 400 теңге. Жолаушылар картаны сатып алу арқылы бір рет тегін жол жүру мүмкіндігіне ие болады. Ал 2000 және одан аса сомаға толтыру барысында әр пайдаланудан түскен 5 теңге картаға бонус ретінде жиналып отырады. Электронды жол жүру картасы kaspi.kz қосымшасы мен терминалдары арқылы толтырылады.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы атап өткендей, кондукторлар жолақыны қолма-қол ақшамен қабылдай береді. Тек арнайы құрылғының көмегімен электронды үлгідегі билет береді.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»

карта

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале