Облыс әкімі жұмыс сапары барысында Орал қаласының солтүстік-шығыс бөлігінде елімізде жүзеге асырыла бастаған «7-20-25» бағдарламасымен салынып жатқан екі көп қабатты тұрғын үйдің құрылысын көрді.
Тыңнан бой көтеретін жаңа ауданда 27 көп қабатты үй салынады деп күтілуде. Бүгінгі таңда жеті тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, екі үйдің іргетасы құйылуда.
-Облыс орталығындағы халық саны жыл санап артып келеді. Елбасымыздың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуінде айтылған «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында бой көтере бастаған шағынауданда бірнеше көп қабатты тұрғын үй салынады. Бүгінде барлық инфрақұрылымы тартылып, екі көп қабатты үйдің құрылысы басталды. Сондай-ақ бұл ауданнан мектеп, балабақша, аурухана, спорт кешендері секілді әлеуметтік нысандар бой көтеріп, абаттандыру жұмыстары жүргізетін боламыз. Ал қаланың батыс жағында Ақжайық шағынауданына «Нұрлы жол» бағдарламасымен инженерлік желілер тартылуда. "Ақжайық" ауданының жалпы көлемі 450 гектарды құраса, біз тұрған қаланың солтүстік-шығыс бөлігіндегі жаңа ауданның көлемі 180 гектар болады. Екі шағынауданның құрылысы толықтай аяқталған жағдайда өңіріміздің 70 мың тұрғынын баспанамен қамтимыз. Облыс бойынша тұрғын үйге сұраныс азаймай тұр. Бүгінгі таңда Орал қаласында 19 мың, облыс бойынша 22 мың тұрғын үй кезегінде тұр. Осы баспанаға деген қажеттіліктерді мемлекеттік бағдарламалар арқылы және мемлекеттік-жеке әріптестіктің күшімен қамтамасыз етуіміз қажет,-деген облыс әкімі Алтай Көлгінов жаңа тұрғын үйдің алғашқы іргетасын құюға ат салысты.
Орташа есеппен биыл 3,6 мың тұрғын баспанамен қамтылатын болады. 9 қабатты, 104 пәтерлі бірінші үйдің құрылысын «СКФ Отделстрой» ЖШС жүргізуде. Тұрғын үйдің құрылысына республикалық және жергілікті бюджеттен 1,7 миллиард теңге қарастырылған. Екі үйдің де құрылысы келер жылы толықтай аяқталады деп күтілуде.
Жалпы қаладағы салынып жатқан №1, 43, 46-дақ және "Солтүстік-Шығыс" мөлтек ауданындағы №1, №2 мекенжайында көп қабатты тұрғын үйлер «7-20-25» бағдарламасы арқылы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларына беріледі. Ал №39, 41, 44, 45 дақтағы тұрғын үйлер әлеуметтік осал топтарға арналып салынуға. Орташа есеппен биыл 3,6 мың тұрғын баспанамен қамтылатын болады.
Нұрбек ОРАЗАЕВ,
«Орал өңірі»