Парламент Мәжілісінің депутаты Шафхат Өтемісов Ақжайық ауданында жұмыс сапарымен болды. Ол аудандық мәслихат хатшысы Сәлімгерей Сиражевпен бірге алдымен Есенсай ауылдық округінің орталығына барды.
Тұрғындармен, еңбек ұжымдары өкілдерімен өткен жүздесуде еліміздің тыныс-тірлігіне қатысты талай нәрсе қаузалды. Мысалы, жылдан-жылға жаңарған білім саласы хақында сөз болғанда, мұғалімдердің айтары көп. Соның ішінде көптеген жыл осы салада жұмыс жасап, зейнеткерлік жасына жақындап жүрген педагогтардың уәжі ешкімді де бей-жай қалдырмасы анық. Себебі олар компьютердің тілін жетік білмегендіктен, цифрландыру дәуірі талап етіп отырған заман ағымына ілесе алмай отырғандарын айтады. Сонымен қатар аттестаттау мен тестілеулерден «ақсаған» тәжірибелі мамандар сенім үдесінен шыға алмаймыз ба деген уайым құрсауында жүр.
Базаршоланда өткен қабылдауда, мысалы, зейнеткер Мақат Жұмашев алдағы кезде маңызы бар жолдар жөнделсе, халық үшін зор пайда әкелетінін сөз етті.
Базартөбедегі бас қосуда халық қалаулысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы турасында жан-жақты сөз қозғады. Ақжайық ауданында аталмыш мақала аясында көптеген ірі жобалардың іске асқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ «Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы» бойынша жүзеге асып жатқан жұмыстарды айтты.
Алмалы ауылдық округіне қарасты Атамекен елді мекенінде мәжіліс депутаты «Жерұйық» мұражайында болды. Белгілі өлкетанушы Жәнібек Әбілпейісов жетекшілік ететін шағын мұражай жұмысынан алыс-жақыннан үйренушілер аз емес. Ескі ғимаратты өз күшімен сақтап қалған ол осындағы дүниелерді жеке қаржысына алған көне жәдігерлермен толықтырып келеді. Ғимарат күрделі жөндеуді қажет етеді. Осы бағытта жұмыстанып жүрген Ж.Әбілпейісовке депутат шынайы алғысын айтып, тілегін арнады. Атамекендегі М.Өтемісов атындағы орта мектепте ұжыммен жүздесу өтті. Осында Шафхат Әнесұлы білім сапасын арттыру, үштілділік саясатты жүзеге асыруға ауыл мұғалімдерінің үлес қосуы хақында айтты. Мектеп биылғы оқу жылын 106 оқушымен бастағалы отыр. Айталық, олар былтырғы оқу жылын 92 оқушымен аяқтаған. Демек жылдан-жылға өсу бар деген сөз. Атамекендіктер осы оқушылар үшін қазіргі мектеп ғимаратының тарлығын баяндады.
Атамекенде бау-бақша шаруашылығы жақсы дамығаны алыс-жақын ағайын жақсы біледі. Мұнда өскен қарбыз-қауынды іздеп жүріп сатып алатын тұтынушылар көп. Алмалы ауылдық округі бойынша 67 шаруа қожалығы болса, соның 35-і бау-бақшамен айналысады. Ш.Өтемісов қыр төсінде «Болашақ», «Жігер», «Райбек», «П-Аян», «Бақтияр», «Абылай» шаруа қожалықтары иелерімен жүздесті. «Болашақ» шаруа қожалығының иесі Өміржан Айтмағамбетовтің бақшасын аралап көрген Ш.Өтемісов еліміздегі ауыл шаруашылығы саласындағы өзгерістерді әңгімеледі. Ол түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы шаруашылықты өрістету, техника алу жолдарын заңдық тұрғысында түсіндірді. Атамекендегі шаруалардың қайсыбірі де бүгінге дейін мемлекеттік бағдарламалар жеңілдіктерін пайдаланбаған екен. Бәрі де өз мүмкіндіктерінше, қолда бар қаржыларына бақша салады. Ал, мысалы, жанармайдың мезгіл-мезгіл қымбаттауы -шаруалар үшін әжептеуір шығын. Дегенмен дала еңбеккерлерін алаңдатқан басқа мәселе. Тәуекелге бел буып, салған өнімдерін саттыққа шығаруда қиындықтар туып отыр. Айталық, Орал қаласына апарған қауын-қарбызды сататын орын таба алмай жүр. Соның салдарынан алыстан артынып-тартынып барған ауыр көліктер екі-үш күн тар жерде тұрып қалады. Ш.Өтемісов бұл жөнінде тиісті органдарға жүгінетінін жеткізді.
Осында кәсіпкер Ерболат Өтешов, еңбек ардагерлері Күләш Өтеулиева, Тастемір Қажмағамбетов депутаттың ел игілігі жолындағы жұмысына сәттілік тіледі.
Бекболат ҚАЛЕНОВ
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz