Бөрлі ауданына сапары барысында облыс әкімі Алтай Көлгінов бес қабатты 120 пәтерлік жаңа жатақхананың құрылысымен танысып, ондағы тұрғындармен кездесті.
– Апатты жағдайдағы жатақхананың тұрғындарына арнап салынған үй. Қазір көшу жұмыстары толықтай аяқталды. Өздеріңіз байқағандай жатақханаға қоныс аударған тұрғындар ризашылығын білдіруде, – дейді Бөрлі ауданының әкімі Санжар Әлиев.
А.Көлгінов жұмыс сапарының соңында облыстық маңызы бар Ақсай – Жымпиты тас жолын жөндеу жұмыстарының қарқынымен танысты. Өткен жылы басталған жол құрылысы жұмысы биыл да жалғасын табуда. Мердігер «Юнисерв» ЖШС жобаның бірінші кезеңінде 38-53 шақырымда (оның ішінде 15 шақырым) жолды жөндеуде. Жоба құны 1 958,014 млн. теңге. Ал екінші кезеңнің 53-68 шақырым (15 шақырым) жөндеу жұмыстарымен «Асфа» ЖШС айналысуда. Бұл жобаның жалпы соммасы 1 943,729 млн. теңге. Жұмыс сапары барысында өңір басшысы әр мердігерге жұмыстың сапалы болуын, әрі уақтылы тапсырылуын міндеттеді.
– Жол салу жұмыстарын мамыр айында бастап кеттік. Қазір жол құрылысы жұмыстарының сексен пайызға жуығы жасалды. Негізінен, жол құрылысын қараша айына дейін жалғастыруымыз керек еді, бірақ облыс әкімінің тапсырмасы бойынша қазан айында аяқтаймыз деген ойдамыз. Ақсай – Жымпиты тас жолының 30 шақырымы жөнделді. Жол құрылысына республикалық бюджеттен 800 млн. теңге қаражат бөлінді. 84 жұмыс күші бар. Техникамыз жеткілікті, – дейді қосалқы мердігер «АқсайБизнесСтрой» ЖШС-ның бас директоры Анвар Агаев.
Темірболат ӘНУАРҰЛЫ,
Бөрлі ауданы