Жаңа тағайындау Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде өткен «Халықаралық музейлер кеңесінің қазақстандық комитеті» заңды тұлғалар бірлестігі құрылтайшыларының жалпы жиналысында белгілі болды. Аталған жиында Қазақстандағы ИКОМ президенті мен вице-президенті лауазымдары жасырын дауыс беру тәртібімен сайланды.
Бұл басқосуда құрылтайшылар ИКОМ-ның негізгі қызметіне тоқталып, Қазақстанда музей ісін дамыту, еліміздегі музейлік мекемелердің өзара ынтымақтастық қарым-қатынасын арттыру, музей қызметкерлерінің біліктілік деңгейін арттыру үшін түрлі тренинг-курстар, семинарлар ұйымдастыру, Халықаралық Музейлер кеңесінің стратегиялық талабына сай түрлі жобалар жасап, жүзеге асыру туралы әңгіме өрбіткен.
Жиналыс барысында Қазақстандағы ИКОМ Президенттігіне жасырын дауыс беру тәртібімен ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Абай Сатубалдин сайланды. Қазақстандағы ИКОМ-ның вице-президенті лауазымына Батыс Қазақстан тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаев пен «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы директорының орынбасары Ермек Жасыбаев тағайындалды.
- Біздің Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің жұмысын үнемі қолдап, республика деңгейінде көрмелер, түрлі шаралар өткізуге мүмкіндік жасаған облыс басшылығына, облыстық мәдениет басқармасы басшылығына алғыс айтамын. Бұл халықаралық ұйымдағы қызмет бізге зор міндет жүктейді. Аталған Комитет арқылы қазақстандық музейлердің халықаралық деңгейде тәжірибе алмасып, үлкен жұмыстар жасауына мүмкіндік туады деп сенемін,-дейді Мирболат Бижанұлы.
Айта кетейік, Халықаралық музейлер Кеңесінің (ICOM) Қазақстандағы өкілдігі болып саналатын ИКОМ Қазақстан Ұлттық Комитетінің штаб пәтері Парижде орналасқан.
Нұрлыбек Рахманов,
zhaikpress.kz
жиын суреттері ҚР Ұлттық музейінен алынды