11.10.2018, 12:04
Оқылды: 70

Ұзынкөлде жерлестер форумы өтті

Жәнібек ауданы Ұзынкөл ауылында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында алғаш рет «Туған жерім – құт мекенім, дариям!» атты жерлестер форумы өтті.

IMG_0071

Форум басталмас бұрын күрделі жөндеуден өтіп, жаңа серпінмен жұмысын жалғастыратын Ұзынкөл ауылындағы мәдениет үйінің салтанатты ашылуы өтті. Құттықтау сөз аудан әкімі Азамат Сафималиев және мәдениет саласының майталманы Мәуреш Жамашеваға берілді. Ал лента қию рәсімі аудан әкімі А.Сафималиұлы және ұзақ жылдар кітапхана саласында қызмет атқарған зейнеткер Мария Жұмабайқызына бұйырды. Жерлестер форумына келген қонақтар мен ауыл тұрғындары мәдениет үйіне бет алды. Кітапханада «Бір ел – бір кітап» көрмесі мен күрделі жөндеуден өткен ғимаратты аралап, тамашалады.

Форумда модератор қызметін атқарған Ұзынкөл ауылында кіндік қаны тамған, ҚР Ақпарат саласының үздігі, «Qazaqstan» ҰТА дирекция директорының орынбасары, тележурналист Мейіржан Әлібекұлы форум спикерлері  аудан әкімі Азамат Сафималиев, облыстық жерді пайдалану және қорғауды бақылау басқармасының басшысы Салауат Нұрғалиев, ұлағатты ұстаз Айша Сақтапбергенқызы, осы жердің тумасы, «Заман» тобының әншісі Ерген Айтымбетов және «Жайық Пресс» медиахолдингі ақпарат орталығының жетекшісі Нұрлыбек Рахмановты таныстырды.

Әрмен қарай облыс әкімі Алтай Көлгінов, бас мүфти Серік қажы Сатыбалдыұлы, сенат пен мәжіліс депутаттары және елдің танымал әншілері бейнесәлемдеме арқылы ауыл тұрғындарын қуаныштарымен құттықтады.

Кеште сөз алған аудан әкімі мәдениет үйінің құрылысына атсалысқан «Символ» ЖШС-нің басшылығына ризашылығын білдірсе, Салауат Ғаббасұлы ауылдың қазіргі керемет келбетін көріп, жерлестерімен қауышып, бір марқайып қалғанын айтты. Айша Сақтапбергенқызы ұлы, марқұм Мейрам Исатайұлын еске алса, Ерген Рахметоллаұлы ауыл мешітінің бой көтеруіне атсалысқан азаматтарға алғыс білдірді. Нұрлыбек Нұрланұлы ауылдың тарихына тоқталды. Шынболат Теміржанов интернет өткізіп, ауыл шетінде асфальт зауыты бола тұрып, ауыл ішіне неге асфальт төсемеске деген ойын ортаға салса, ардагер-ұстаз Дина Сапашева жастық шағының суреттерімен бөлісті. Ұзынкөл ауылының тумасы, айтыскер Мұрадым Мирланов арнауын арнады.

Форумды қорытындылаған ауыл әкімі Алтай Бақтығалиев қонақтар мен жалпы ауыл тұрғынына алғысын білдіріп, С.Нұрғалиевке шапан жапса, қонақтарға алғысхат пен сыйлықтар табыстады.

Шара орталық алаңда «Рухани жаңғыру – өткен мен бүгіннің байланысы» тақырыбында ұйымдастырылған, суретші, жерлес Самиғолла Лұқпановтың туындыларынан құралған көрмені тамашалау мен тал егу рәсімімен жалғасын тапты. Ауыл мектебінің тынысымен танысқан қонақтар оқушылардың дайындаған өнерлеріне тәнті болды. Ауыл тумасы, шебер ұста Сансызбай Ахметов мектепке өз қолынан шыққан домбыраны табыс етті.

Дәстүрлі өнер өкілдері ақын А.Бисенғалиев, Б.Ширмединұлы, Е.Мұхамбетов, О.Меңдіқұлов, Р.Өтепов, М.Мирланов, атақты жыршы Ф.Оразов, төгілген термеші А.Исламғалиев, күйшілер А.Бектасов пен Ә.Қуанышалиевтердің қатысуымен «Айтыс, жыр, терме сүйген қазақ елі» атты рухани кеші жоғарғы деңгейде өтіп, көрермен ықыласына бөленді.

Кеш соңы «Заман» тобының әншісі Ергеннің қатысуымен «Әнім саған – Туған ел!» атты мерекелік концертпен өз мәресіне жетті.

Гүлзара ТӨРЕҒАЛИЕВА,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

IMG_0033 IMG_0046 IMG_0116 IMG_0119 IMG_0133

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале