24.10.2018, 9:29
Оқылды: 41

Оралда Саида Қалықованың концерті өтті

 Халықаралық конкурстардың лауреаты, музыка академигі, «Жаншуақ» сыйлығының иегері, «Қазақстанның жүз жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Саида Қалықова Орал қаласында жерлестеріне арнап «Асыл қалам» атты жеке шығармашылық концертін өткізді. А.Островский атындағы орыс драма театры тума талант иесінің өнеріне бұрыннан тәнті оралдық көрерменге лық толды. Концертті Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов те тамашалады.

saida (2)

Тоғыз жасында жасалған отадан соң қос жанарынан айрылған сәтте музыканы жанына серік еткен Саида небәрі 13 жасында туған қаласында ең алғашқы жеке концертін берген ерекше дарын иесі. Тума таланты мен ата-анасының қолдауының арқасында алдымен №3 музыка мектебін, 2006 жылы Оралдағы Құрманғазы атындағы саз колледжін, 2010 жылы Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетін фортепиано класы бойынша үздік тәмәмдаған. Пианист бойжеткен кейін білімін «Болашақ» бағдарламасы арқылы Италия елінде жалғастырды. Саусағынан саз тамған шебер пианист, еліміздің жалғыз музыка академигі Саида Қалықова қазіргі таңда Астана қаласының Мемлекеттік филармониясында қызмет атқарады.

Адамның мүмкіндігі шексіз екенін өнерімен дәлелдеп, он екі мүшесі сау адамдарға ісімен үлгі болып жүрген Саида 2017 жылы көпшіліктің таңдауымен «Қазақстанның жүз жаңа есімі» жобасының жеңімпазы атанған үш батысқазақстандықтың бірі. Бүгінде Қазақстан, Ресей және Италия елдерінде сексеннен астам жеке концертін беріп, танымал музыканттармен бір сахнада өнер көрсетіп жүрген Саида Қалықованың репертуарында әлемдік деңгейдегі музыка алыптарының әйгілі шығармаларымен қатар өзінің жүрекжарды туындылары да бар.

«Асыл қалам» атты шығармашылық кешінде Людвиг ван Бетховеннің әйгілі №3 сонатасы, Фредерик Шопеннің «Фантазия-экспромт», танымал француз композиторы Клод Дебюссидің «Ай сәулесі», орыс романсының шебері Александр Алябьевтің «Бұлбұл» сынды күрделі классикалық туындыларын асқан шеберлікпен орындаған Саида Қалықова «Мираж» және «Самұрық құс» атты төл туындыларын мәдениет саласының үздігі Владимир Баяндинмен бірге ең алғаш рет оралдық көрерменге тарту етті. Күйсандық пен флейтаның сырға толы сиқырлы үні көңіл пернесін дөп басты.

Концерт әдеттегідей нотасыз өтті. Классикалық музыка әлеміне сапар шеккен көрермен композитордың туған қаласына арнап шығарған «Туған жер», «Өзендегі таң», Италия елі мен итальяндық достарына арнаған «Ноктюрн» шығармаларын да ыстық ықыласпен қабыл алып, құшағын гүлге толтырды.

Кеш соңында облыс әкімі Алтай Көлгіновтің атынан ықылас гүлі тарту етілді.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

zhaikpress.kz 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале