9.11.2018, 11:22
Оқылды: 49

Батысқазақстандық делегация Қазақстан мен Ресейдің XV өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысуда

 

forum Petropavl (3)8-9 қараша күндері Петропавл қаласында "Қазақстан мен Ресейдегі туризмді дамытудың жаңа тәсілдері мен үрдістері" көрмесімен Қазақстан мен Ресейдің XV өңіраралық ынтымақтастық форумы өтуде. Екі елдің оң және өнімді туристік қатынастарын нығайтуға мүмкіндік беретін форумның алғашқы күні Қазақстан мен Ресейдің барлық шекаралас аймақтарының қатысуымен туристік көрме өз жұмысын бастады.


 

Көрмеге Ресей мен Қазақстанның өңiрлерi мен туристiк компаниялар қатысуда. Туризм саласындағы соңғы технологиялар мен жаңалықтар паш етiлген көрмеде қырықтан астам павильон орнатылып,  әр өңір, әр облыс отандық және шетелдік туристердің қызығушылығын оятатын табиғи ерекшеліктері мен тарихи-мәдени құндылықтарын жұртшылық назарына ұсынды.

Көрменің салтанатты ашылу рәсімінде ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, РФ туризм жөніндегі федералдық агенттігінің жетекшісі Олег Сафонов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов сөз сөйлеп, қос елдің туризм саласындағы белді сарапшыларының қатысуымен панельдік сесиялар өтті.

forum Petropavl (1)Тиімді ықпалдастықты дамытуға бағытталған меморандумдар мен коммерциялық құжаттарға қол қойылды. Қос тарап Қазақстан мен Ресей шекаралық өңірлерінде жүзден астам туристік маршрутты бірлесіп жүзеге асыруға уағдаласты. Мамандардың айтуынша, екі ел арасындағы ықтимал әріптестіктің соны саласы – балалар мен жасөспірімдер туризмі.

Батыс Қазақстан облысы бұл бағытта Ресейдің көршілес облыстарымен орнатылған екіжақты әріптестікті мейлінше нығайтуға, сонымен қатар салаға тың серпін беретін жаңа тәсілдер мен үрдістерді батыл енгізуге баса назар аударып келеді. Өңіраралық форум аясындағы көрмеде Батыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және индустриялдық-инновациялық даму басқармасы мен Татарстан Республикасының туризмді дамыту мемлекеттік комитеті арасында екіжақты әріптестік туралы келісімге қол қойылуы бұған айқын дәлел. Осы орайда Батыс Қазақстан облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі орталығының ТМД елдері арасында үздік үштікке еніп, "ЮНЕСКО клубы" мәртебесіне ие болғанын айта кеткен жөн.  Қазан қаласынан келген делегацияны Ақжайық өңіріндегі балалар мен жасөспірімдер туризмін дамыту тәжірибесі мен іскерлік байланыс орнату мәселесі ерекше қызықтырып отыр.

forum Petropavl (2)Батыс Қазақстан облысын көрмеде Бөкей ордасы тарихи-музей кешені мен "БҚО балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығы" таныстырып, облыста су туризмін, балалар туризмін және өлке туризмін дамыту мүмкіндіктерін ұсынды.

Бүгін форум жұмысына Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин қатысады деп күтілуде. Форумға Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов бастаған облыс делегациясы да қатысуда.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале