12.11.2018, 12:11
Оқылды: 162

Ақжайықта атбегілердің дәрісі өтті

Ақжайық ауданы Тайпақ ауылдық округіне қарасты Шабдаржап ауылындағы Әлібек Қайырғалиев бәйгеге қосар жылқыны баптап жүрген жанның бірі. Соңғы жылдары жастар арасында атбегілікті насихаттап жүрген ол ауылішілік тай, құнан жарыстарын ұйымдастырып, балғындарды ынталандырып жүр.

IMG_8938

         Айталық, осы жылдың көктемінде шабдаржаптық танымал атбегі Таңатжан Сатыбалдыұлын еске алуға арналған аймақтық бәйге ұйымдастырылды. Бірнеше жылдан бергі осындай шаралардың арқасында ауылда атбегілер мен шабандоздардың қатары қалыңдап келеді. Қитар Сатыбалдиев, Еламан Жәрдемов, Нұрғанат Әміров, Әсет Саламатов, Бектас Азаматов, Шәкәрім Оразов, тағы басқа жастар ат баптаудың қыр-сырын әбден меңгеріп алған. Мұның бәрі еңбекқорлықтан, ұлттық құндылыққа құмарлықтан, бірліктен сөзсіз хабар береді.

Шабдаржаптықтар енді осы тәжірибелерін көрші ауылдың атбегілерімен бөлісіп, ерек өнерді өрістете түсуді мықтап қолға алып отыр. Жақында көршілес Атырау облысының Индерінен және ауданның Тайпақ, Базаршолан, Сарытоғай ауылдық округтерінен атқұмарлар Әлібек Қайырғалиевтың бастамасымен Байболған қыстағында басқосты.

Алдыңғы буын ағалар, кейінгі толқын жастар асыл жануар жайында жан-жақты әңгімелеп, дала төсіндегі дәрісті қыздыра түсті. Жылқының жалына жармасып, бүкіл болмысымен біте қайнасқан жан ғана атбегілік туралы айта алады. Ал бүгінде жылқыға мінбек түгілі тіпті ат-әбзелдерінің не екенін ұмыта бастаған жастар бар.

25 жасынан бастап, 17 жыл жылқы баққан, бүгінде Базаршоландағы «Нұртай» шаруа қожалығының иесі Еділ Оразов осы жайтқа алаңдаушылардың бірі. Ол Байболғанға жиналған өрімдей ұлдарға ат әбзелдері жайында кеңінен айтты. Ер, тоқым, өмілдірік, үзеңгі, айыл, қамшы сияқты әбзелдердің орнын, маңыздылығын әңгімеледі. Бұларсыз Қамбар ата түлігін қолға ұстап міну, жаныңа серік қылу әсте мүмкін емес екенін баса айтты.

Е.Оразовтың өзі он жасынан шабандоз атанған. 1968 жылы нағашысы Аңдамастың «Аңдамасқасқа» атымен бәйгеге кіреді. Сол жылы облыстық бәйгеден үздік шығып, Ақтөбе облысындағы республикалық аламанда бас жүлдені қанжығалаған. Ол кездегі аламандардың қашықтығы ондаған шақырымдарға ұласқан екен. Жүйріктің жүйрігі ғана келетін Ақтөбедегі 43 шақырымдық аламанға қатысқанда «Аңдамасқасқа» жиырма жастан асқан кәрі ат екен. Міне, соншама жаста болса да қапталына қара ілестірмеген қазақтың қазанаттары осындай болған. Бір қызығы, бұл арғымақ өте жуас болыпты, тек бәйгеге шапқанда кісі танымастай болып өзгеріп, сымдай тартылып қалады екен. Едекең қазір екі ат баптап, бәйгелерге қосып жүр.     Көршілес Индер ауданының Аққала ауылынан келген Рахметқали Уанов жиналғандарға ілкі кезде өткен бірнеше бәйгеде Атырау өңіріне танымал болған ерен жүйріктер туралы айтты.

DSC_0128

«Менің бәйгеге үкілеп қосып жүрген «Қарлығаш» атты тайым бар. Осы шағынан дұрыс бапталса, ертең аламаннан дара келері мәлім. Сондықтан атбегілік атүстілікті көтермейді. Тәубә, тәуелсіздік алған уақыттан бері ата-дәстүрімізге бетбұрыс жақсы. Кеңес Одағы кезінде қанша жақсы тұлпар қор болып кетті. Бүгінде атбегілік өнер қанаттана бастап, жастар бәйгелердің басынан табылып жүргені дәтке қуат» -дейді Рахметқали аға.

-Бәйгеге жаратып жүрген ат басқа жылқылардан үнемі бөлек қалғандықтан, жалығуы мүмкін. Мұндайда жүйрікті бабына келтіру үшін жақын маңдағы тау немесе төбеге жетелеп шығарады, не қара жұмысқа жегілген шабан аттармен арнайы жарыстырып, әдейі оздырып, жан-жақтан қиқулап, делебесін қоздыру керек. Артық терін үгу, ескі құмалағын шығару, мұның бәрі аса ықтияттылықты қажет етеді, -дейді ол.

Міне, осындай үлкендердің көрген-білгені, тәжірибесі балғын бапкерлерге ауадай қажет екені мәлім. Дәріс барысында «Қой – береке, түйе – ғазиз мал, ал аттың жалына қиямет күніне шейін жақсылық байлаулы тұрады» деген ата-баба даналығының айтылғаны да қандай ғанибет.

Базаршоландағы «Сыран» шаруа қожалығының иесі Санат Дүйсешевтің 80-нен астам жылқысы бар. Атбегілікті сүйікті ісіне айналдырған оның бүгінде 8 аты бәйгелерде олжа салып жүр. Биылдың өзінде 13 бәйгеге қатысқан. «Еркеторы», «Кермарал», «Ақбақай» атты сәйгүліктері облысыта өткен әртүрлі додада топ жарған. Өзінің баласы Сыдық Сырым мен ауылдасы Ернар Мақсат оқушы болса да ат баптауға ықыластары айрықша.

Тайпақтық Мұратбек Сағатов шаруа қожалықтары иелерінің сәйгүліктерін баптап жүр. Мысалы, Қобылан Садықовтың ол баптаған «Құндызқарасы» көп жерде иесіне жүлде әкелді. Мұратбекке қолғабыс беріп жүрген жас шабандоз 8 сынып оқушысы Дәулет Мақсотовтың да алғырлығы құрдастарына зор үлгі. «Аламан бәйгелерге қосқанда жарауы жетіп тұрғандай көрінген жануар да орта жолда болдырып жатады. Мұның себебін алыстан іздеп керек емес. Азығында дәрумен кеміс болуы және түрлі ауытқудың әсерінен тер буған жылқыны 2 күн қатарынан тұз жалатып, ащылатып, кешке қарай тымық ауада терлету керек. Сөйтсе ғана аттың күші сақталады», -дейді Мұратбек.

Шабдаржаптық белгілі кәсіпкер, атпаз Еламан Жәрдемов алты жасынан атқа отырып, бәйгеге шапқан екен. Есейе келе атбегілікке ден қойған жайы бар. Қанша сәйгүлікті баптаса да, әрқайсысы иесіне ыстық болып келетінін әңгімелеп, түлік төресі жайында сөз саралады. «Жезкиік», «Баласары», «Қасқалдақ» атты тұлпарлары додаға түсіп жүр. Еламанның «Жылқыөткел» қыстағында «Еламан» шаруа қожалығы бар.

Тайпақ ауылының тұрғыны, жас та болса аты алысқа кеткен Құбайдолла Биғазиевтың аяқалысы да бөлек. «Мақсат» шаруа қожалығын құрып, бүгінде жемісті еңбек етуде. 2013 жылдан бастап аламанға ат қосып жүрген оның жүйріктері иесін жерге қаратқан емес. Мысалы, сол жылы «Құлагер» атты жылқысы Астанада өтетін республикалық «Алтын тұлпар» бәйгесінде 43 шақырымда алғашқы ондықтың қатарында болған. «Балақасқа», «Нарқасқа» және «Наурызы» Атырау, Батыс Қазақстан облыстарындағы бәйгелерінің алдын бермей келеді. Биылдың өзінде бәйгеге жаңадан қосылған «Раушан», «Үміт» атты байталдары, «Тоқтамас» атты айғыры Атырау, Ақсай қалаларында, Қазталов ауданында иесіне бас жүлделерді сыйлады.

-Бәйгеден соң дұрыс суытпағандықтан жүйріктің аяғына қан түсуі әбден мүмкін. Мұндай жағдайда үлкендер жылқының алдыңғы екі аяғының тұсарлық тамырынан қан шығарғанын көзіміз көрді. Қан шыққан тұсты түтін сіңген құрым киізбен орап байлайды да, тұзды қара шаймен сылайды.

Жеген шөбі жақпайтын жағдай да болады. Ондай күйге түскен жүйрікті толық ашықтырып, қышқыл шөпке жайылтып немесе тек изен жегізіп, әбден шөл қысқанда суару керек,-деген Қ.Биғазиев ер қанаты хақында толғамдарын ықыласпен ортаға салды.

Оның да жылқыға қызығушылығы ерте оянған. Нағашысы Бақтыгерей Мұқсимовтың жылқы бағудың қыр-сырына жетіктігі бала жүрегіне ерекше әсер еткен. Бүгінде Құбес баптаған сайгүліктермен 3 сыныпта оқып жүрген кезінен шабатын Сарытоғай орта мектебінің 9 сынып оқушысы Ермахан Балғабайды ауылдастары мақтан тұтады. Тақымы мықты шабандоз баланың жетістігі жетерлік. Тұлпардың топтан озып келуіне шабандоздың әдісқойлығы керек-ақ. Ал екінші шабандоз Краснояр орта мектебінің 5 сынып оқушысы Марат Мақсаттың да аяқалысы көңіл көншітеді.

 

Тұлпарды таңдап, сәйгүлікті сайлап мінген қазақтың атбегілік жайында айтары көп. Жануарды сырт пішініне қарап-ақ танитын сейістердің жүйрікті жаратудың түрлі тәсілін меңгеруі ата-баба мирасына адалдық емес пе. Бас қосуда Әлібек Қайырғалиев осындай пікірлерімен бөлісті. Жүйріктің терін алдыру, суыту, таң асыру әдістері туралы келелі әңгіме өрбіді.

Бабы келіскен арғымақ қашықтыққа бағынбайды. Қазақы жылқыдан шыққан жүйріктер жүз шақырымға дейін көсіліп шабады. Бүгінде қаржысы бар азаматтар ағылшын аттарына қызығып, қымбаттығына қарамай сатып алып жатыр. «Аузымен құс тістеген» ағылшын арғымақтары жақын қашықтықта ұшқырлық көрсеткенімен, алысқа шыдамдылық таныту жағынан қазақы жылқыдан әлдеқайда әлсіз. Ал бүгінде аламан бәйге — 25, тоқ бәйге 16 шақырымнан аспайтынын ескерсек, ұзақ шабысты сүйетін қазақы жылқылардың бағы байланып жүр деуге болады. Себебі, табиғаты ерекше қазақы аттар шапқан сайын көсіле түседі. Басқосуда ауылдарда, ауданда өтетін бәйгелердің қашықтығына қатысты ұсыныстар айтылды. Атбегілердің айтуынша, қыстан күйлі шыққан атқа бірден алыс қашықтыққа шабу ауыр. Осыған байланысты көктемде болатын жарыстардың қашықтығын қысқарту керек. Ал күзде керісінше, нағыз тұлпардың шабысын сынау үшін қашықтықтарды ұзарту жайында сөз болды.

Байболғанға жиналғандар келер көктемде Шапдаржап ауылынан бастап Тайпақ, Базаршолан, Сарытоғай ауылдарында ат бәйгелерін өткізетін болды. Ауыл-елдің абыройын, намысын, мерейін ойлаған Әлібек сынды азаматтың бастамасы міне, осындай уағдаластыққа жеткізді.

Бекболат ҚАЛЕНОВ,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале