16.11.2018, 16:58
Оқылды: 70

Батыс Қазақстан облыстық VIII азаматтық форум өтті

Бұл басқосуда жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері өзара пікір алмасып, қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелерді ортаға салды. Отырыста айтылған маңызды ойлар мен ұтымды ұсыныстар алдағы қараша айының 27-28 күндері Астана қаласында Елбасының қатысуымен өтетін республикалық форумда талқыланбақ.

«Азаматтық қоғам және мемлекет: Диалог. Ынтымақтастық. Жауапкершілік» тақырыбында өткен форумға өңірімізге жұмыс сапарымен келген ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев, «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» ЗТБ Президенті Асылбек Қожахметов, облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысты.

Сондай-ақ форум жұмысына мемлекеттік органдардың өкілдері, мәслихат депутаттары, облыстық және аудандық үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, қоғамдық кеңестердің мүшелері, этно-мәдени бірлестіктердің басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.

forum (3)

Облыстағы мемлекеттік органдар және азаматтық қоғам институттары арасындағы іскерлік әріптестікті нығайту бағытындағы жұмыстарды жүргізуді мақсат еткен форумда Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, «Азаматтық қоғам институтарын дамыту болашағы», «Жастар және қоғам» тақырыптары талқыланды.

-Кез келген мемлекеттің негізгі тірегі – азаматтық қоғам. Саясаттану ғылымында үкіметтік емес институттардың қоғам мүддесі үшін жұмыс істеу жүйесін азаматтық қоғам деп айтады. Елбасы үкіметтік емес ұйымдардың мүмкіндіктерін терең түсініп, жоғары бағалайды. Және оларға ерекше көңіл аударып, үнемі қолдау көрсетеді. Мемлекет басшысының «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында мемлекет, үкіметтік емес сектор және бизнес арасындағы өзара іс-қимылының жаңартылған тәсілдері керек деп атап өтті. VIІ Азаматтық форумдағы ұсыныстарды іске асыруда қажетті шешімдер қабылданып, облыстағы мемлекеттік органдар және азаматтық қоғам институттары арасында іскерлік әріптестік қатынасты нығайту бағытындағы жұмыстар жүргізілуде. Батыс Қазақстан облысында жергілікті атқарушы билік пен қоғамдық ұйымдар арасында өзара тығыз қарым-қатынас орнатылып, азаматтық  бастамаларды жүзеге асыруға ат салысып жүрген қоғамдық ұйымдардың қатары жыл сайын артып келеді. 2016 жылдан бері облыстық қоғамдық кеңес белсенділігін көрсетіп, мемлекеттік органдармен қоян-қолтық жұмыс істеп келеді.  Олармен 30-ға жуық отырыстар өткізіліп, облыс әкімінің төрт рет есебін тыңдады. Елбасымыздың биылғы Жолдауында берген тапсырмаларын орындауда қоғамның әрбір саласында еңбек етіп келе жатқан үкіметтік емес ұйымдардың да үлесі болуы шарт. Азаматтық қоғамы қалыптасқан деп жиі айтылатын америкалықтар да «Азаматтық қоғамның ұраны – «барлығын Үкімет істесін емес», «біз өзіміз жасайық» болуы керек» деген қанатты сөз бар. Бұл барлығын Үкіметтік емес ұйымдар жасасын деген сөз емес. Мемлекет тарапынан азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған кешенді жұмыстар да, қаржыландыру да тұрақты түрде жүргізілуде. Мысал үшін айтар болсақ, облысымызда мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс көлемі соңғы 6 жылда 6 есеге өскен. Егер 2012 жылғы 138 млн. тенге бөлініп, 120 жоба жүзеге асырылса, биыл 834 млн. қаржыға 200-дей жоба жүзеге асырылуда. 2016 жылы 4 басқарма ғана қоғамдық ұйымдармен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы жұмыстанса, қазіргі таңда жалпы саны 32 мемлекеттік орган, соның ішінде алты басқармаға көбейді. Өңіріміздегі үкіметтік емес ұйымдардың саны артып келеді. Осыдан он жыл бұрын олардың саны 150 ғана болса, қазір 655 ке жетті. Бұл – азаматтық қоғамның дамуының нақты көрсеткіші, -деді Алтай Көлгінов өз баяндамасында.

forum (11)

 

Өңір басшысының мәлімдеуінше, облыста сондай-ақ саяси партиялардың 6 филиалы, 50 этномәдени орталық, 15 кәсіподақ ұйымы бар. Облыстық, қалалық және аудандық деңгейде 14 қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Аталған қоғамдық кеңестерде 369 мүше болса, оның 77% азаматтық сектор өкілдері.

ҮЕҰ-ның азаматтық бастамаларын қолдауға арналған құралдардың бірі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс болып табылады. Соңғы бес жылда мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды қаржыландыру көлемі 6 еседен астамға артты (2013 жылы 158 млн теңге. Биылғы жылы 834 млн теңгеге жеткен), тиісінше, жобалардың саны өскен. Осыдан бес жыл бұрын 114 жоба болған болса, қазіргі уақытта оның саны 198-ді құрайды.

Соңғы үш жылда мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды жүзеге асыратын облыстық мемлекеттік органдардың саны үштен алтыға дейін өскен. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру барысында облыстық деңгейде жастар саясаты, ішкі саясат, тілдерді дамыту, жұмыспен қамтуды үйлестіру, діни істер және денсаулық сақтау басқармасы секілді алты бөлім жұмыс істейді.

forum (24)

Әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға қатысатын ҮЕҰ-ның саны жылдан-жылға артып келеді. Биылғы жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыруға 147 ҮЕҰ қатысуда, оның ішінде 57 ауылдық жерден. Жергілікті атқарушы органдар бөлінген 613 миллион теңге қаражаттың басым бөлігі мүгедектігі бар адамдарға, оның ішінде жеке көмекшілерге, оңалту қызметтеріне, инватакси қызметтеріне, бейімдеу курстарына және т.б. әлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асыруға бағытталған. Биылғы жылы ҮЕҰ-дарда 630-дан астам маңызды мәдени, әлеуметтік және саяси іс-шаралар өткізіп, 67 мыңнан адамды қамтыған.

Бұдан кейін сөз алған министр Дархан Кәлетаев барлық өңірде өтіп жатқан форум өзара тәжірибе алмасу, ынтымақтастықты дамыту, жаңа білім игерудегі маңызы зор екеніне тоқталды. Сондай-ақ, ол қоғамдық ұйымдардың статистикасын айта келіп, дамудың негізгі проблемасын атап өтті.

forum (16)

-Жалпы республика бойынша 22 мыңнан астам ҮЕҰ тіркелген. Әділет Министрлігі ұсынған мәліметтерге сүйенсек, БҚО-да 717-ден астам ұйым бар. Мұның 400-і жұмыс істеп келеді. Дегенмен, базаға тіркелген заңды тұлғалардың көпшілігі жұмыс істемейді. Яғни, республика бойынша қоғамдық ұйымдардың үштен бірінің аты бар да, заты жоқ. Осы және өзге де мәселелерді шешетін уақыт жетті. ҮЕҰ-дың саны жылдан-жылға өсіп келе жатыр, демек, еліміздегі азаматтық секторды жаңартуға тура келеді. Осы саладағы заңнаманы қайта қарау қажеттілігі туралы ұсыныстар бар. Аймақтың әлеуметтік маңызды мәселелерін шешуде үкіметтік емес сектордың үлесін арттыру қажет. Батыс Қазақстан облысы еліміздегі қарқынды дамып келе жатқан бес қаблетті өңірдің қатарына кіреді. Әсіресе, Ақжайық өңірінде өндірістік және аграрлық кешен жақсы дамып келеді. Менің ойымша, Батыс Қазақстан облысы еліміздің Еуропасы іспеттес. Бұл жердің халқын өз ой - пікірлерін ашық айта алатын, жарқын болашаққа сеніммен қарайтын халық деп білемін. Орал қаласы - тың ойлар мен жобалардың алдыңғы легінен табылатын шаһар.  Бұл өңірдегі азаматтық ұғым да өндіріс немесе бизнес саласы секілді жақсы жетілген.  Бұлардың барлығы Елбасымыздың саясаты мен осы жердігі билік пен халықтың жұмыла атқарған еңбегі деп білемін. Алдағы уақытта да бұл өңір өз даму қарқынын баяулатпай, ел экономикасына сүбелі үлес қосады деген ойдамын,-деді министр.

forum (9)

Сондай-ақ шарада «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» ЗТБ Президенті Асылбек Қожахметов, өңірлік филиал атынан Мерует Санкаева, «Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры» қоғамдық қорының жетекшісі Айболат Құрымбаев,  «Нұр» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Вера Шохина сөз алып, өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысы азаматтық қоғамды дамытудың пилоттық жобасын жүзеге асырушы өңір ретінде таңдалып алынған болатын. Осы мақсатта форум шеңберінде Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму министрлігі, Батыс Қазақстан облысының әкімдігі және «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» ЗТБ арасында азаматтық қоғам институттарын дамытуға жәрдемдесу туралы келісімге қол қойылды.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

Сурет: Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ

zhaikpress.kz

forum (10) forum (12) forum (18) forum (21) forum (23) forum (25) forum (19) forum (5) forum (4) forum (7) forum (6) forum (8)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале