Сырым ауданында төтенше жағдай орын алды. Шолақаңқаты өзеніндегі су қоймасына «ПМК-117» ЖШС жоспарлы жөндеу жүргізу кезінде бір түнде шабақтар сумен бірге мұз құрсанып, қатып қалған. Шына Шабақтардың өліп қалған аумақ 1800 шаршы метрді құраса, сол жердегі судың тереңдігі 15-20 см.
Төтенше жағдайға орай Батыс Қазақстан орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы, Батыс Қзақастан облыстық табиғат ресурстары және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы мамандары арнайы келді. Өзенді тазалау, қалған шабақтарды құтқару жұмыстары жүргізіліп, оған Шолақаңқаты ауылдық округінің өрт сөндіру бөлімшесінің қызметкерлері, ауыл тұрғындары жұмылуда.
Батыс Қазақстан облысы бойынша орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы балық шаруашылығы бөлімінің бөлімінің басшысы Қайрат Ибраевтың айтуынша, 42 000 балық шабағы құтқарылды. Оның ішінде торта, табан, алабұға бар. Судағы шабақтар толық құтқарылғанша жұмыстар жалғасатын болады.
– Су қоймасынан мердігер мекеме суды жіберген кезде лай болуына байланысты балық бар екені көрінбеді. Тек кеште, судың бәрі ағып болғаннан кейін балық бар екенін көрдік. Сол уақытта шабақтарды құтқару мақсатында өзеннің келесі бетіне тасымалданды. Мезгілдің түн болуына байланысты балықтарды көшіру жұмыстар келесі күнге қалдырылды. Түннің суық болуына байланысты тайыз су балықтарымен бірге қатып қалды. Қазір Шолақаңқаты өзеніндегі су қоймасында қатып қалған балықтарды тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмысқа «ПМК-117» ЖШС техникаларын пайдаланып отырмыз. Өлі балықтар арнайы орынға апарылып салынады. Өзеннің арғы бетіндегі тірі шабақтарды құтқару мақсатында сүзіп алып, өзеннің терең жеріне салып жатырмыз. Бұл жұмыстар бір-екі күнде аяқталады,- дейді Шолақаңқаты ауылдық округінің әкімі Тимур Айтқалиев.
Шынар МОЛДАНИЯЗОВА,
Сырым ауданы, Тоғанас ауылы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!