Сырым ауданында «Сырым жауһарлары» қоғамдық бірлестігі мен аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жастар арасында «Қазақстан: бүгін және болашақта!» тақырыбындағы пікірсайыс ойыны өтті.
Шараны өткізуге ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті ұсыныс берген.
Пікірсайыс ойынына аудандағы белсенді жастар, педагогтар және мемлекеттік қызметкерден құралған 6 команда қатысты. Американдық – парламенттік форматта өткен ойында қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес әдістерінің тиімділігі мен тиімсіздігі, ысырап пен шығынға себеп болатын дәстүрлерді ұстану мен ұстанбау мәселелері бойынша пікір сайыстырды. Сайысқа «Нұр Отан» партиясы Сырым аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Дарғожиев, республикалық пікірсайыс ойындарының үздік спикері Ерболат Исанов, белгілі пікірсайысшы Ләйлі Мақсотова төрелік етті.
Финалдық сайыс мемлекеттік қызметкерлер мен аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы командаларының арасында өтті. Дерек пен дәйегінің дәл, сөзінің өткір болғаны себепті аудандық экономика және қаржы бөлімінің бас маманы Бағдат Жанболатов ойынның «Үздік спикері», ал мемлекеттік қызметкерлер командасы сайыстың жеңімпазы атанды. Кубокты аудан әкімі аппаратының басшысы, әдеп жөніндегі уәкіл Ерлан Сәрсенов табыс етті.
Кейінгі орындарды аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы мен Ж.Досмұхамедов атындағы мектептің «Шексіздік» командасы бөлісті. Ләйлі Мақсотова ойынның «Үздік төрешісі» болып танылды.
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!