Батыс Қазақстан облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен жоғары оқу орындары студенттері арасында «Oral & Museums» атты Астананың 20 жылдығына арналған квест ойыны өтті, деп хабарлайды шараны ұйымдастырған «Фонд содействия научным исследованиям» жеке қорының басшысы Айболат Құрымбаев.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, жастардың туған жерін қадірлеу, өлкетану бойынша білімдерін кеңейту, музейлерді жақсы танып-білу, мәдениетін дамыту мақсатында ұйымдастырылған квест ойынына Орал қаласындағы 4 жоғарғы оқу орнының студенттері белсенді атсалысты.
М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың «Makhambet Universitety» командасы, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің «Эверест» командасы, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың «WKATU students» командасы және Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің «Жеңіс» командасы кітапхана мен музейлерде жасырылған тапсырмаларды орындауға аттанды.
Студенттердің қолына Х.Есенжанов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасы, БҚО тарихи-өлкетану музейі, А.С.Пушкина атындағы музей, Табиғат және экология музейі, С.Ғұмаров атындағы музей, «Рухани жаңғыру» музейі және Орал қаласының тарихи ғимараттары мен ескерткіштері орналасқан аймақтар белгіленген «Саяхат картасы» берілді. Белгіленген карта бойынша командалар екі топқа бөлініп, екі бағытта тапсырмаларды орындауға аттанды. Ойынның жүргізілу процесін әр команда инстаграм әлеуметтік желісіндегі өзінің оқу орнының жеке парақшасынан «тікелей эфир» жүргізіп отырды.
Музейлерде алдын-ала дайындалған сұрақтар жасырылған және әр музейдің өзіне тән қалдырылған стикер түсіне байланысты музейге кіру мүмкіншілігін беретін құпия сөз болды. Ойын барысында музейлерде экскурсовод күтіп алып, әр командаға тапсырма беріп, жауабы дұрыс болған жағдайда «Жарайсың!» деген түрлі-түсті стикер беріліп отырды.
Х.Есенжанов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында құпия сөз бен тапсырмалар студенттер үшін ерекше болды. Екінші қабатында орналасқан «Америка бұрышында» ағылшынша сұрақтарға жауап беру арқылы шетелдік жазушылар топтамасы арасынан стикерді жинады.
«Саяхат картасының» соңғы нүктесі – қала ескерткіштері мен мүсіндері. Тарихи, мәдени ескерткіштер бойынша аңыз әңгімелерді баяндау арқылы «Қобыз», «Арыстан», «Көкбөрі», «Қыз мүсіні» ескерткіштеріндегі стикерлерді жинады. Ойын соңында студенттер қызықты оқиғаларын айтып, естелік суреттерге түсті.
Квест ойыны жеңімпазы уақыт мерзіміне байланысты анықталады және ойын кезінде түсірілген ерекше фото түсіргендерге арнайы сыйлықтар табысталады.
Ойынның жүргізілу барысы @tourwestkaz, @sherkh_01, @makhambet_universityy, @_orangalikyzy, @p.boltekova, @wkau.kz инстаграм парақшаларында жүргізілді және осы парақшаларда «Ең үздік» фото байқауы #oral&museums #квестойыны хештегі бойынша анықталады.
Айболат Құрымбаев,
Орал қаласы