Оралдық ағайынды оқушылар республика бойынша олимпиадада жеңімпаз атанды. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының хатшысы Тамара Дүйсенованың «Тегін ІТ-сыныптар» партиялық жобасы аясында өткізілген онлайн олимпиада жеңімпаздары мен қатысушыларын бейнеконференция байланысы режімінде марапаттау кеңесінде айтылды.
Партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлейменнің айтуынша, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша Елбасы тапсырмасына сәйкес партия 20 жоба жасақтаған болатын. Соның бірі - күллі еліміз бойынша үш жыл ішінде 1000 ІТ-сыныптарын ашу жобасы. Биыл еліміз бойынша 700 сынып, БҚО-да 15 ІТ-сыныбы ашылды. Соның үшеуі - Оралда, қалғандары аудандарда. Биылғы жаңа оқу жылынан бастап жұмыс істейтін сыныптарда оқушыларды «СТЕМ Академия болашақ инжиниринг» компаниясы бағдарламасымен робототехника, бағдарламалау, 3D модельдеу бағыттары бойынша, яғни халықаралық стандарттар негізінде оқытады. Партия мен «СТЕМ» компаниясы осы ІТ-сыныптарында не бары үш ай оқитын балалар арасында онлайн режімде олимпиада өткізген болатын.
3D модельдеу бағыттары бойынша дарынды балаларға арналған мамандандырылған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешенінің 11 және 8-сыныптардың оқушылары ағайынды Ернар және Данияр Жолдығали 1-орын алды. Қос жеңімпазға мақтау қағаздары, онлайн тегін оқуға сертификаттар және ноутбуктер табыс етілді. Олимпиадаға барлық өңірден 5 мыңнан астам ұл-қыз қатысқанын ескерсек, бұл үлкен жетістік. Ал Шыңғырлау ауданындағы Л. Қылышев атындағы орта мектептің 8-сынып шәкірттері Тәңірберген Нұрислам, Карим Шон, Оралдағы Оқушылар және жастар сарайындағы ІТ- сыныбының тәрбиеленушісі Арсен Алдабергенов олимпиада жақсы нәтиже көрсетіп, онлайн тегін оқуға сертификат алды.
2019 жылы облыста 50 ІТ-сыныбын ашу жоспарланған, оның 24-і аудандарда, 26-сы - Оралда. 2020 жылы тағы осындай 50 сынып ашылмақ.
Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,
zhaikpress.kz,
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер