Орал қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Исатай Жазықбаевтың айтуынша, қаладағы «Мирлан», «Алтын-Алма», «Караван» базарлары мен «Алтындар» және «Лидер» супермаркеттеріндегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасына апта сайын сараптама жүргізіледі.
Бүгінде «Анвар» супермаркетінде бағасы төмендетілген әлеуметтік бұрыш ашылған. Қаладағы басқа 9 осындай ірі сауда нысаны басшыларына әлеуметтік бұрыш ашу жайлы ұсыныс айтылған. Бұл нысандардың 35 сауда орны бар. Бүгінде қалада 7 әлеуметтік бұрыш ашылған. Мұндай бұрыштарға бағасы төмендетілген тауар жеткізу үшін көтерме саудамен айналысатын кәсіпкерлермен және тауар өндірушілермен келісім жасалған. Супермаркеттердегі аталған әлеуметтік бұрыштардағы азық-түлік бағасы базардағы бағадан төмендеу болатынын айта кеткен жөн.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі және әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын өсіруге жол бермеу бағытында картофель мен көкөніс көтерме саудасымен айналысатын «Ләззат» ЖК әлеуметтік бұрыш ашты. Мұнда көкөніс бағасы бөлшек саудадан 18-20 пайызға төмендетіліп қойылған. Мәселен, жергілікті картоп бағасы 55 теңге, қырыққабат - 75 теңге, сәбіз бен қызылшаның келісі 60 теңгеден, пияз 55 теңгеден сатылуда.
-Қала әкімдігінде болған жиналыста қала әкімі Мұрат Мұқаев кәсіпкерлерге әлеуметтік бұрыш ашу жайлы ұсыныс тастады. Бастамасын қолдап аштық. Жергілікті өнімді нарық бағасынан төмен ұсынсақ та шығынға қалып жатқан жоқпыз. Мақсатымыз – көп балалы, аз қамтылған отбасыларға, зейнеткерлерге көмектесу,-дейді «Ләззат» ЖК басшысы Нұргүл Әжібайқызы. Орталық базар аумағындағы «Ләззат» ЖК әлеуметтік бұрышының мекенжайы – Ахмиров көшесі, 23Б.
Нұрлыбек Рахманов,
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер