5.12.2018, 18:07
Оқылды: 53

БҚО әкімі Алтай Көлгінов: «Жәнібек ауданының орталығында спорт кешенінің құрылысы басталады»

 Жұмыс сапарымен Жәнібек ауданына келген облыс әкімі «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынып, жақында ғана пайдалануға берілген екі пәтерлік 20 тұрғын үйге барды. Ол осы жерге жиналған еңбек ардагерлері және жаңадан қоныс тойын тойлаған тұрғындармен кездесті.

janibek ui (2)

- Облыс бойынша 3500 пәтер салып жатырмыз. Жәнібек ауданында бір жылдың ішінде 48 үй салынып, кезек күтіп тұрған 104 отбасы баспанаға ие болды. Бұл бұрын-соңды болмаған жайт. Жәнібек ауданы «Нұрлы жер» бағдарламасына сәйкес тұрғын үй құрылысын пайдалануға беру жағынан облыс аудандарының ішінде көш бастап тұр. Бұл жерге жаңа қоныстанған тұрғындар алдағы уақытта тал-терек отырғызып, көшені көгалдандырып, абаттандырулары керек. Аудан орталығындағы көшелерде 1989 жылдан бері қатқыл табанды жол салынбаса, бір айдың ішінде көптеген көшелерге асфальт төселді. Келесі жылы аудан кең жолақты интернетпен қамтылатын болады. Биыл мамыр айында Елбасы облыс орталығына келгенде Қазталов-Жәнібек-Бөкей Ордасы бағытында қатқыл жол салу туралы тиісті ведомостваларға тапсырма берілетінін айтқан болатын. Нәтижесін көріп отырмыз. Жолды салу үшін бюджеттен қаржы бөлінді. Бұл жол шекараға дейін барады. Жолмен бірге бұл аудандарға шағын ұшақ әуежайын салу жұмысы қатар жүргізіледі. Келесі жылы Жәнібек ауданының орталығында спорт кешенінің құрылысы басталады,-деді облыс әкімі.

Кездесу барысында батыс беткейге қоныстанған Сәмия Өтеғалиева қоғамдық көлік керектігін, сондай-ақ жуырда алған тұрғын үйінің төбесінен су ағып тұрғанын айтты. Ал Самиға Қайырова А.Байтұрсынов пен Қ.Мусин көшелерінің қиылысындағы шұңқырда көктемде су толып тұратынын, сол себепті ауруханаға бару үшін көше айналып жүруге тура келетінін айтты. Төрт жылдан бері айтып келе жатса да, әлі қорытынды шықпағанын жеткізді.

            Облыс басшысы теміржолдың арғы бетіндегі көшелерге қоғамдық көлік шығаруды, жаңадан пайдалануға берілген үйлерді тағы да тексеріп, бақылауға алуды аудан әкіміне тапсырды. Бұдан соң облыс әкімі жаңа қоныс иесі Шернияз Шамшиденовтің пәтеріне барып, жайылған дәмнен ауыз тиді. Бес баласы бар отбасының жағдайымен танысып, қал-жағдайларын сұрады.

janibek ui (1) janibek ui (3) janibek ui (4) janibek ui (5) janibek ui (6)

  Н.ЖАПАҚОВ,

Жәнібек ауданы 

zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале