Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде 1941 жылы қараша айында Мәскеу қаласы түбінде ауыр шайқас болды. Алматыда жасақталған 316-атқыштар дивизиясы Волоколам тас жолын қорғады. Дубосеково разъезіндегі 1075-атқыштар полкі 4-ротасының 2-взводы жаудың 50 танкісінің шабуылына төтеп береді. 28 панфиловшы-батырдың даңқы көпке жайылды.
Бүгін М.Мәметова атындағы мемориалдық музейде Мәскеу түбіндегі шайқас әңгіме арқауы болды. Тағылымды шараға соғыс ардагерлері Хамза Сафин, Вениамин Скаленко, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзағали Мұхамбетов, Ресей федерациясының вице-консулы Владимир Волков қатысты. Олар әскери-техникалы мектеп сарбаздарына батырлардың ерлік жолын әңгімеледі.
-Генерал-майор И.В.Паныилов басқарған 316-атқыштар дивизиясы 13 мыңдай жауынгер болды. Олардың 70 пайыздан астамы – қазақ ұлтынан еді. Дивизия Мәскеуді жаудан жанқиярлықпен қорғады. Соның ішінде 28 пафиловшының ерлігі аңыз болып қалды. Батырлардың есімін ұлықтау мақсатында түрлі шаралар өтеді. Алматы қаласында 28 панфиловшы-гвардияшылар паркі бар. Мәншүк Мәметова музейінде соғысқа қатысқан жерлестеріміз туралы жиі айтамыз. Өкінішке орай, Орал қаласында Мәскеу түбіндегі шайқасқа қатысқан көзі тірі майдангерлер жоқ. Дегенмен жауынгерлерімізді ұмытпаймыз. Орал қаласында 152-атқыштар бригадасы жасақталып, 1942 жылы соғысқа аттанды. Музейден майдангерлеріміз туралы көптеген деректі табуға болады, – деді М. Мәметова атындағы мемориалдық музейінің директоры Светлана Бектенова. Шарада соғыс ардагері Хамза Сафин Кеңес одағының батыры Бауыржан Момышұлын көргенін әңгімеледі.
Нұртай ТЕКЕБАЕВ,
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер