7.12.2018, 17:26
Оқылды: 71

Интернеттің жаппай игілігін көретін күн таяу

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының мақсаты – ел экономикасының даму қарқынын жеделдету және цифрлық технологияларды пайдалану есебінен халықтың өмір сүру сапасын жақсарту. Бағдарлама 2018-2022 жылдары «Қазіргі экономиканы цифрландыру» және «Болашақтың цифрлы индустриясын құру» деген екі бағытта жүргізіледі. «Қазіргі экономиканы цифрландыру» – нақты сектордағы нақты жобалардан тұратын прагматикалық бастауды қамтамасыз ету, экономиканың қазіргі салаларын, мемлекеттік құрылымдарды цифрландыру және оларды технологиялық қайта жабдықтау жобаларын іске қосу және цифрлық инфрақұрылымды дамыту. Елімізде интернетсіз отырған елді мекендер барын ескерсек, әсіресе, ауыл-аймақтарда цифрлық инфрақұрылым қалыптастыру өзекті екені белгілі.

cifr

Биылғы қазан айында өткен Үкімет отырысында ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев 2020 жылға дейін шалғайдағы 1249 ауыл сапалы интернетпен қамтылатынын мәлімдеді. Жобаға сәйкес 20 мың шақырымға жуық талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылады. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жобаны жүзеге асыру үшін ҚР Ақпарат және коммуни­кациялар министрлігі және «Қа­зақтелеком» АҚ мен «Silk­NetCom» ЖШС, «Транстелеком» АҚ келісім­шартқа қол қойды.

Батыс Қазақстан облысында 441 елді мекен болса, соның 48-і талшықты-оптикалық байланыс желісімен, 29-ы радиорелейлік байланыспен қамтылған. 12 ауданның жетеуінде 1376 шақырым талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылған. Өңірде 2018-2020 жылдары 92 елді мекен кең жолақты интернет желісімен қамтылмақ. «Қазақтелеком» АҚ БҚО филиалының коммуникация желілерін дамыту және пайдалану қызметі бөлімінің басшысы Марат Ихсановтың мәліметіне сүйенсек, 2018-2020 жылдары «Қазақтелеком» 113 мыңнан астам тұрғыны бар 81 елді мекенге 2388 шақырым талшықты-оптикалық желіні тартады. Биыл Теректі ауданының Жаңаөмір,  Зеленов ауданының Янайкин, Үлкен Шаған ауылдарындағы мемлекеттік және бюджеттік тоғыз мекеме талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтылды.

– Жоғары жылдамдықтағы интернетпен, алдымен, мемлекеттік және бюджеттік мекемелер қамтылады. 2019 жылы Қазталов, Жәнібек, Бөкей ордасы, Қаратөбе аудандарындағы 60 елді мекенге, оның ішінде, 238 мекемеге талшықты-оптикалық желі жеткізіледі. Желі құрылысының ұзындығы – 1889 шақырым. 2020 жылы 18 елді мекен талшықты-оптикалық желіге қосылады. 2018-2020 жылдары аудандардағы 300 мекеме жоғары жылдамдықтағы интернетті тұтынады, – деді Марат Ихсанов.

Облыс орталығынан шалғайдағы елді мекендерде интернет жылдамдығына қатысты мәселе өзекті. Әсіресе, қызмет бабында қолданылатын «Мегалайнның» интернет желісі мүшкілдігі жиі айтылады.

– Жәнібек ауданында интернет жиілігі кейде күрт төмендеп, әсіресе, «Мегалайнды» қолданатын мекемелерде жұмыс қарқыны баяулайды. Ауылдық округтер сапалы интернетке мұқтаж екені мәлім. Кей мекемелер сондықтан 4G интернеті желісі бар «Altel» байланыс жүйесі бар роутерді пайдаланып отыр, – деді Жәнібек аудандық мәслихатының депутаты Сағынбек Стамов.

Марат Ихсанов интернет жиілігінің баяулығына қатысты мәселенің бар екенін, осы жағдайды жақсарту бағытында жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Мысалы, биыл «Қазақтелеком» АҚ аудан орталықтары – Жымпиты, Қаратөбе, Сайқын, Жәнібек ауылдарында сандық радиорелейлік желі жиілігін 400 мегабит/секундқа дейін арттыру мақсатында 69 млн. теңге инвестиция қаржысын жұмсады.

 

Цифрлы ХҚКО ашылмақ

Сандық жүйеге көшуге байланысты электронды түрде мемлекеттік қызмет көрсету аясы кеңіп келеді. Дегенмен шалғайдағы ауыл адамдары артынып-тартынып, халыққа қызмет көрсету орталығына жолығу үшін аудан орталықтарына келеді. Халыққа интернет игілігін пайдаланып, онлайн ұсынатын мемлекеттік қызметтерді үйде отырып-ақ сауатты тұтынуға мүмкіндік туғызу қажет-ақ. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылғы 20 мамырдағы «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес Канададағы Canada Service және Австралиядағы Centrelink үлгісі бойынша мемлекеттік қызметтердің бірыңғай провайдеріне айналатын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясын құруды тапсырған еді. Қазақстан Үкіметі 2016 жылғы 29 қаңтарда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамын құру туралы» №39 қаулысын қабылдады. Директорлар кеңесінің 2017 жылғы 12 сәуірдегі шешімімен «Азаматтарға арналған үкіметтің» ұйымдық құрылымына өзгерістер енгізілді. Мемлекеттік корпорацияның басқарма аппаратына ХҚКО-мен қатар жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру дирекциясы, мемлекеттік қызмет көрсету дирекциясы, сондай-ақ «Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы» дирекциясы кірді.

Айта кетейік, Қазақстанда алғаш рет 2006 жылы еGOV.kz – «Электрондық үкімет» порталы енгізілді. Содан бері электронды сандық қолтаңба арқылы мемлекеттік қызмет көрсету дамытылуда. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының интернет-ресурсындағы мәліметке сүйенсек, бүгінде «Азаматтарға арналған үкімет» ұсынатын мемқызметтің 80 пайызын 2020 жылға қарай онлайн пайдалануға болады.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының облыстағы филиалының пиар-менеджері Жәдігер Дәрменовтің айтуынша, биылғы 10 айда филиал арқылы 1 070 346 құжат қабылданса, соның ішінде 612 279 құжат электронды түрде алынды.

 Еліміздегі мемлекеттік қызметтер тізіміне 741 қызмет түрі енгізілген. Соның ішінде мемлекеттік корпорация, яғни ХҚКО арқылы көрсетілетін 598 мемқызметтің 462-сі электронды түрде ұсынылады. Ал ХҚКО-лардың интеграцияланған ақпараттық жүйесінде 305 қызмет түрі бар. Орталықтарда «Өз-өзіне қызмет көрсету» бұрыштары бар. Облыс бойынша ХҚКО-ларға бір күнде төрт мыңдай адам келеді. «Өз-өзіне қызмет көрсету» бұрыштарында ақпараттық технологияны меңгерту мақсатында тұрғындарға мамандар электронды қызмет алуды үйретеді.

Мемқызметтер сандық жүйеге көшірілуде. Яғни, веб-портал, мобильді қосымша, SMS, чат-боттар және терминал арқылы қызмет көрсету ыңғайлы болуда. Смартфонды пайдаланғанға «Mgov» мобильді қосымшасына 45 мемқызмет енгізілген. Ал telegram әлеуметтік желісінде @ЕgovkzBot чат-ботынан ЭСҚ-сыз 20 қызмет түрін пайдалана аласыз. Мәселен, оның қатарында мекенжай анықтамасы, сотталмағандығы жөнінде анықтама, базалық зейнетақы төлемі жөніндегі ақпарат, емханаға тіркелу, дәрігер қабылдауына жазылу, ХҚКО филиалына кезекті броньдау және т. б. сервистер бар.

 – Орал қаласында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы ауқымында цифрлы ХҚКО ашу жоспарлануда. Ондай орталықта тұрғындарды министрлік өкілдері, облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары онлайн қабылдайтын кабинеттер жасақталады. Уақыт кестесі белгіленіп, келушімен әңгіме құпиялылығы сақталады. Цифрлы орталықта тұтынушылар оператордың қатысуынсыз электронды мемқызметті пайдаланады. Сонымен қатар цифрлық сауаттылыққа үйрететін сыныптар болмақ. Бұған дейін цифрлы ХКҚО Астана, Алматы, Шымкент, Қостанай қалаларында ашылды, – деді Жәдігер Дәрменов.

Менеджер Ақжайық ауданындағы Тайпақ, Қазталовтағы Жалпақтал, Зеленовтағы Дариян, Теректідегі Еңбек ауылдарында ХҚКО-ның секторлары ашылғанын айтты. Секторлар тұрғындар көп шоғырланған және интернеті бар елді мекендерде ашылып отыр. Белгіленген кестеге сай шалғайдағы жұртқа мобильді топтар ғана барып жүр.

 

«Bilimbook» жетілдірілу үстінде

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы түрлі сала бойынша кешенді түрде жүзеге асырылуда. Облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, бағдарлама ауқымында және 2018-2020 жылдары білім беру жүйесін цифрландыру жол картасы аясында сандық жүйеге көшу кезең-кезеңімен іске асырылуда. Облыста кең жолақты интернет желісіне жалпы білім беретін 380 мектептің 329-ы, яки 86,5%-ы қосылған. Оның ішінде Орал қаласы және аудан орталықтарындағы мектептер толық қамтылған. Электронды күнделік және сандық білім беру ресурстарының барлық білім беру ұйымдарының пайдаланушыларына қолжетімді болуы үшін мектептерде ішкі Wi-Fi желісі қажет. Қазіргі уақытта облыстағы мектептердің 46%-ы, яғни 175-і ғана Wi-Fi пайдаланады.

Оқу үрдісінде сандық білім ресурстарын пайдалану мақсатында облыстағы барлық мектеп Bilimland.kz білім порталын пайдалануда. Облыста орта білім беретін мекемелердің 58,6%-ы – шағын жинақты мектептер. Ауылдардағы мектеп оқушылары сапалы білім алуы үшін және мұғалімдерге әдістемелік қолдау көрсету, ауыл және қала мектептерінің арасындағы білім сапасының айырмашылығын азайту мақсатында облыстық білім басқармасы «Bilim Media Group» компаниясымен бірлесіп, 225 шағын жинақты мектепті 612 «Bilimbook» компьютер-трансформермен қамтамасыз етті.

 – Биылғы оқу жылы басында «Bilimbook» мектебімізге келді. «Bilimbook» планшеті қолдануға икемді, заманауи, жеңіл, сәнді әрі ықшам. «Bilimbook»-те қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде тапсырмалар бар. Мұғалімдер әр пән бойынша тапсырма бергенде, сабақ үстінде планшеттегі бейнекөріністерді қолданады. Енді жаңартылған білім мазмұны бойынша пәндер қатары толықтырылса екен, – дейді Қазталов ауданына қарасты Көктерек ауылдық округіндегі Сатыбалды жалпы білім беретін негізгі мектептің мұғалімі Үміткер Орынғалиев.

Облыстық білім басқармасының білім беруді ақпараттандыру орталығы директорының орынбасары Ардақ Еркамешеваның айтуынша, Bilimland.kz білім порталы жыл сайын жетілдірілуде. Порталға жаңартылған бағдарламаға сай математика (1-6-сынып), алгебра, геометрия, химия (7-11-сынып) пәндеріне қатысты интерактивті сабақтар енгізілген. Соған сәйкес «Bilimbook»-те де жаңартылған білім мазмұнына сай құрастырылған пәндер бойынша пайдаланатын көрнекі құралдар бар. «Bilimbook»-ті ата-аналар мен оқушылар да пайдалана алады. Жыл аяғына дейін облыстағы мектептерге 1390 компьютерлік техника сатып алынбақ. Оның ішінде 333 компьютер, 445 мультимедиялық құрылғылар жиынтығы және 612 «Bilimbook» компьютер-трансформері болады.

Биыл Орал қаласы мен аудандардағы мектепке дейінгі 136 мекемеде кезекке қою және жолдама беру қызметі автоматтандырылды. Жыл аяғына дейін 22 мекемеде электронды кезек қосылады. Облыстағы 55 қалалық, 117 ауылдық мектеп Kundelik.kz электронды журналын пайдаланады. Бұл жүйеде 10 298  педагог, 87 202 оқушы, 69 269 ата-ана тіркелген. «Нұр Отан» партиясының жобасы ауқымында өңірімізде балаларға арналған 15 тегін ІТ-сынып ашылды.

Жұмысшы кадрларды дайындаудың тиімділігін арттыру үшін төрт колледжде бес мамандық бойынша оқыту 8 TCR  интерактивті модулімен жүзеге асуда. 600 студент модульдің көмегімен интерактивті материалды ұсыну арқылы кез келген қиындықтағы тапсырмаларды орындап үйренеді және 3D форматында түрлі үрдістерді іске асырады. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің үрдісін кешенді автоматтандыруға мүмкіндік беретін «Platonuscollege» автоматтандырылған басқару жүйесі 32 колледжге енгізіледі. Техникалық және кәсіптік білім беру түлектері мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты орнату мақсатында облыстық бірыңғай ақпараттық портал жасалды.

 

SMS арқылы құжат рәсімдейді

 

Елімізде денсаулық сақтау жүйесі де цифрландырылуда. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Земфира Әбілқайырованың мәліметінше,  өңіріміздегі 35 медициналық ұйым онлайн байланысты нығайтатын «Kazmedinform» медициналық ақпараттық жүйесімен қамтылды. Қаладағы алты емханада электронды кезек тіркелген.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2017 жылғы 7 желтоқсандағы №927 бұйрығына сәйкес, облыстағы 121 нысан құжат айналымын қағазсыз жүргізуге көшті. Тұрғындар k-vrachu.kz өңірлік порталы мен оның мобильдік цифрлық қосымшасы арқылы «Дәрігердің қабылдауына жазылу», «Дәрігерді үйге шақыру» қызметтеріне жүгіне алады. Сонымен қатар емдеу диагностикасын сақтау нысанымен және медициналық мекемемен тығыз байланыс орнату мақсатында жүкті әйелдер мен онкологиялық дертке шалдыққан науқастарға  арналған арнайы мобильдік цифрлық қосымшалар жасақталуда.

Облыс әкімдігі ХҚКО арқылы сәбиі өмірге келген ата-аналарға проактивті әдіс бойынша қызмет көрсетудің пилоттық жобасын іске қосты. Нәресте жарық дүниеге көрінгеннен кейін ата-ана баланы тіркеу, куәлік алу, жәрдемақы тағайындау және балабақшаға кезекке қою үшін орталықтарға бармай, SMS-хабарлама арқылы құжат рәсімдей алады.

Биылғы маусым айынан бастап Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарында мүгедектікті қашықтан анықтап, құжат рәсімдеу бойынша пилоттық жоба жүзеге асуда. Жоба ауқымында бүгінге дейін елімізде 345, ал облыста 30 адамнан өтініш қабылданды. Емделушілер жөніндегі ақпарат емханалар арқылы министрліктің ақпарат жүйесіне жолданады. Мүгедектікті орталықтағы тәуелсіз мамандар тағайындайды. Бұл жоба сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға жәрдемдеседі.

Облыста жедел медициналық жәрдемді басқарудың автоматтандырылған жүйесі жаңғыртылды. Дәрігерлердің әлгіндей шақыртуға жету уақыты 12 минуттан 9 минутқа дейін, диспетчерлік кіріс қонырауды шақыру уақыты 5 минуттан 3-4 минутқа қысқарды. Облыстағы барлық «Жедел жәрдем» көлігі GPS-трекермен қамтамасыз етілген. Дегенмен денсаулық сақтау саласына қатысты 383 нысанның 120-сы, яғни 30 пайызы интернет желісіне қосылмаған. Әсіресе, шалғайдағы ауылдардағы медициналық пункттер ғаламтор игілігінен тыс қалып отыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл бағытта «Қазақтелеком» АҚ облыстық телекоммуникациялар дирекциясымен байланыс жүргізуде.

 

154 смарт-ферма құрылмақ

 

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру аясында өсімдік шаруашылығы бағытында алты ілгері шаруашылық және мал шаруашылығы бағытында жеті смарт-ферма құрылды. 2022 жылға дейін өңірдің ерекшелігіне сәйкес өсімдік шаруашылығымен айналысатын 100 іргелі шаруашылық және мал өсіретін 154 смарт-ферма құру жоспарлануда. Смарт-фермалар арқылы мал санағын, сиыр табынын бағуды онлайн-жүргізуге және жылыжайларды автоматтандыруға болады. Бүгінде егін алқаптарын цифрландыру жұмысы аяқталды. 477 жер пайдаланушының қарауындағы 513 мың га алқап бойынша 2061 электрондық карта жасақталды. Сондай-ақ дәлме-дәл егіншілік элементтерін енгізу аясында жұмыстар жүргізілуде.

Шаруа қожалықтары 235 күн батареясы мен жел генераторын пайдалануда. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері дәнді дақылдар егу және ору үшін GPS техникасымен жабдықталған өндіргіштігі жоғары 69 комбайн және 47 кешенді егу құрылғысын пайдаланады. Малды қашықтықтан қадағалау үшін 2 дрон, 2 электрондық бақташы мен жануарларға арналған 4 GPS жабдығын да пайдалануда. Бұдан басқа екі шаруашылық GPS-терекерді, ауыл шаруашылығы техникасын бақылауға арналған датчиктерді, сондай-ақ 10 техникаға параллельді жүргізу жүйесін орнатты. Және де екі «Ақылды улағыш» жүйесі қолданылуда. Облыстың электрондық эпизоотиялық картасы жасақталуда. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Qolday.kz порталында облыс бойынша 1504,6  гектар жайылым (29,4%), 51,3 гектар шабындық (12,5%) алқаптары енгізілді.

 

Бағдат ІЗМАҒАНБЕТ, БҚО өңірлік коммуникациялар қызметінің басшысы:

– Заман талабына сай халыққа электронды қызмет көрсету жетілу үстінде. Облыс орталығы тұрғындарының дені осы цифрландыру жүйесіне үйреніп кетті. Астана мен Алматы секілді ірі мегаполистермен қатар, Орал да  «Ақылды қала» болып тіркелді. Өңірімізде цифрландыру жүйесін, соған сәйкес озық технологияны дамытуға облыс әкімі Алтай Көлгіновтің ықпалы зор. Облыс орталығындағы аялдамаларға электронды таблолар қойылды, медицина саласы цифрландыру жүйесіне көшті. Қоғамдық-саяси тұрақтылықты және халықтың ынтымақ-бірлігін нығайта түсудің бірден-бір құралы – ақпараттық жүйені реттеу.  Газет-журнал, тіпті телеарнаның алдын ораған әлеуметтік желілер желдей жүйткіп, ақпарат таратуда алдыңғы шепке шықты. Соған байланысты елдегі ақпараттық қауіпсіздік мәселесін қалай қадағалаймыз деген сауал көкейге келеді. Түрлі топтар өзінің діни бағытын тықпалауда. Сүттей  ұйыған елдің береке-бірлігін ойран қылуға ниеттілер де қарап жатқан жоқ. Қала халқының дені елдегі және әлемдегі жаңалықтардан хабардар. Енді шалғайдағы ауыл-аймақтағы ағайын қайтпек? Ауылдарға бұған дейін интернет игілігін көрсету жұмысы неге баяу жүргізілді? Сөйте тұра ғаламтор желісін тартатын компаниялар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында аудандарға көңіл бөле бастағаны қуантады. Елімізде интернетті пайдалану құны тым қымбат. Шетелдерде бұл қызметке халық тиын-тебен төлейді, өте арзан. Ал өзекті ақпаратты халықты құлағдар қылудың ең озық тәсілі – ғаламтор. Интернет пен ұялы байланыстың ауылдарда кедергісіз қызмет етуінің тағы бір пайдасы, жол апаты, дала өрті, эпидемиялық жағдай, не болмаса, адамға шұғыл ота жасау қажет бола қалғанда жедел әрекет жасау үшін ғаламтор мен сымсыз байланыстың қолжетімділігі ауадай қажет. Сәйкесінше, жағымсыз жаңалықты жарыса жазуға әуес кей басылымдардың алдын орап, қате ақпар таратпас бұрын ресми ақпараттарды уақтылы беру бойынша да ғаламтордың көмегі мол.

 

Жасұлан  НҰРҒОЖИН, Жаңақала ауданы әкімінің орынбасары:

– Жаңақала ауданында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, ауданның 200 тұрғыны ақпараттық технология бойынша білім алды. Аудандағы 14 мектептің Kundelik.kz электронды журналы бар. 21 мектеп Wi-FI желісіне қосылды. Жаңақала мектеп-гимназиясында ІТ-сынып ашылды. Қазан айында мектепке дейінгі жастағы балаларды балабақшаға кезекке қою қозғалыстарына арнайы база орнатылды. Аудан бойынша үш шаруа қожалығы күні бүгін 10 GPS-трекерлерді сатып алып, мал шаруашылығын дамыту мақсатында қолданып отыр. Ауылдық округтерде «Е-халық» автоматтандырылған жүйесін орнатуға жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді. «Е-Халық» жүйесі, бірінші кезекте, еңбекпен қамту мәселелерін шешуге, нақты халық санын анықтауға, өзін өнімсіз жұмыспен қамтыған азаматтарды анықтауға мүмкіндік береді.

 

Асқар ӘЖІҒАЛИЕВ, Бөкей ордасы аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы:

– Ауданымыздағы 11 елді мекенге келесі жылы талшықты-оптикалық желі тартылады деп күтілуде. Дегенмен цифрландыру бағытында жұмыстар басталды. Балабақшаға өтініш беру және кезекке тұруды автоматтандыру жүйесі мектепке дейінгі екі мекемеге енгізілді. Аудан орталығындағы екі мектеп Kundelik.kz электронды журналын қолдануда. М-С. Бабажанов мектебінде ІТ-сынып ашылды. Бөкей ордасы ауданындағы алты мектепте роботтық техника үйірмелері жұмыс жасайды. 11 шағын мектепке «Bilimbook» компьютер-трансформері алынды. Шаруашылық саласы да сандық жүйеге көшірілуде. Ұялы ауылдық округіндегі «Алға, қазақ!» шаруа қожалығы мал бағымына дрон пайдалануда. «Нарын прогресс» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Саян Баетов «RFID» сырғаларын төрт түлік атаулыны электронды бірдейлендіру бағытында қолдануға болатынын іс жүзінде көрсетуде. «RFID» сырғалары радиожиілік технологиясы арқылы 3 метр қашықтықтан малдың сырғасындағы мәліметті «оқып», компьютерге өңдеп түсіре алады. Жаңа технологияны насихаттау үшін облыстық кәсіпкерлік және индустриальды-инновациялық даму басқармасы «Даму» қорынан Саян Баятовке  2 млн. теңге қайтарымсыз грант берді. Бес ауылдық округтегі ветеринарлық қосынды сапалы интернетпен қамтамасыз ету бағытында 1 млн. 525 мың теңгеге «ASTEL» спутниктік жабдығы қолданысқа берілді. Аудандық  жер қатынастары бөлімі  ауылішілік бос жер учаскелеріне электронды аукцион өткізуді жоспарлауда.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале