10.12.2018, 18:46
Оқылды: 35

БҚАТУ-да түлектер мен қамқоршылар форумы өтті

БҚАТУ-дың 55 жылдық мерейтойына орай өткен «Түлектер мен қамқоршылардың Бірінші форумында» университеттегі өзгерістер мен жаңару кезеңіне баса назар аударылды. Форумға ел мен өңір дамуына елеулі үлес қосқан әр жылдағы 30-дан аса түлек қатысты.

forum (2)

Форум бағдарламасына түлектердің бірінші курс студенттерімен кездесуі, спорттық шаралар мен оқу ордасының ғылымдағы жетістіктерінің көрмесі енді. Басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов түлектер мен қамқоршылар кеңесінде соңғы үш жыл ішінде ЖОО қол жеткізген жетістіктер мен оң өзгерістер, тың ойлар мен жаңа серпілістерге тоқталды.

-Білім ордамыз түрлі тарихи кезеңдерді бастан өткерді. Енді біздің алдымызда жаңа талап пен тапсырма тұр. Студенттерге ағылшын тілін үйрету мақсатында шетелден маман алдырдық. Бәсекеге қабілетті маман даярлауда сандық технологиялар тілін білудің маңызын түсініп, сабақ кестесіне арнайы пәндер енгіздік. Кәсіпкерлік біліммен бірге экономикалық ойлау жүйесін қалыптастыру үшін сабақ кестесіне сала бойынша оқытылатын пәндер санын екі есеге көбейттік. Емтихан тапсыру жүйесі де жаңалықтарға толы. Енді білім алушы емтихан кезінде бизнес-жоба қорғайтын болады. Техникалық білім базасын нығайту үшін студенттерді ірі кәсіпорындарға тәжірибе алмасуға жібереміз.

Ауыл шаруашылығы министрлігі Жәңгір хан университетін мал шаруашылығын дамытудың үйлестірушісі ретінде бекітуіне орай 3 кешенді зертхана мен азық-түлік қауіпсіздігі және ауыл шаруашылығындағы биотехнология саласында 2 зертхана салу, мал шаруашылығы мен балық шаруашылығы бойынша «Батыс» агробағын құру, отбасылық модельді фермаларды қолданысқа енгізу және шару қожалықтарын игеруді үйрету жоспарлануда.

Өткен айда Қытайға іс-сапармен барып келдім. Енді қаңтар айында олар бізге келеді. Сол кезде Қазақстан аумағында азық-түлік қауіпсіздігі үшін үлкен зертхана орталығын ашу жөнінде келіссөздер жүргізбекпіз, - деді Жәңгір ханатындағы БҚАТУ ректоры А.Наметов.

Қамқоршылар мен түлектер кеңесіне қатысушылар да университет дамуына байланысты ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. БҚО әкімінің бірінші орынбасары Игорь Стексов білім алған оқу ордасына тілегін айтып, министрлікпен бірге облыстық әкімдік те ауыл шаруашылығына көңіл бөлетінін атап өтті.

«Ақас» агрофирмасының директоры Қатауола Ашығалиев өңірге экспортқа шығатын ет өнімдерін сертификаттауға арналған аккредиттелген зертхана қажеттігіне тоқталды.

 «Қазахстан» РТРК АҚ-ның аймақтық даму жөніндегі Басқарма төрағасының орынбасары Серік Егізбаев әр түлектің альма-матер алдындағы әлеуметтік жауапкершілігі туралы айта келіп, жас буынның елімізде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие болатын маман болуына жағдай жасау керектігін жеткізді.

Форумға қатысушылар «Агрономия» факультетінде күнбағыс майын даярлаудың технологияларын үйрететін арнайы топ жасақтауды, «Ветеранарлық медицина және биотехнология» факультетінде зоотехник-ұйымдастырушылар тобын құруды ұсынды. Сондай-ақ университет ішінде ҚХА музейі ашылатыны да айтылды. Форум соңында студенттер мерекелік концерт қойды.

forum (3) forum (4) forum (6) forum1 forum (5)

 

Жайнагүл САҒИДОЛЛАҚЫЗЫ

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ Медиа орталығының маманы

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале