Бүгін ҚР Тәуелсіздігі күніне орай Сырым ауданының Қособа ауылында 200 орынға арналған жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді.
Мәдениет үйінің салтанатты ашылуы рәсіміне Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев қатысты.
-Қасиетті Тәуелсіздік қазақстандықтардың өмірін тыныштықпен сәндеп қана қойған жоқ, ол қалаларды құлпыртты, ауылдарды ажарландырды. Бұл сөзімізге Қособа ауылдық округі анық дәлел бола алады. Қособа бүгінгі күні - көгілдір отын қосылған, жоғары жылдамдықтағы ұялы байланысты тұтынатын, білім ошақтары күрделі жөндеуден өткен, орталығы абаттанған округ. Осы ауылдың тумалары Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына іс жүзінде қолдау білдіріп, ауылдағы бірнеше спорттық, демалыс нысандарының салынуына ұйытқы болды. Бұл жақсылық санаулы жыл ішінде жүзеге асты. Жаңа мәдениет үйі құтты болсын! Жаңа нысан ауыл мәдениетінің көтерілуіне, өнердің дамуына қызмет етсін! – деді.
Айта кетейік, мәдени нысан өңір басшысы Алтай Көлгіновтің тікелей қолдауымен салынды. Ол үшін облыстық қазынадан 90 млн. теңгенің үстінде қаражат жұмсалған. «Лидер» ЖШС құрылысты маусымда бастап, межелі уақытында сапалы қылып тапсырды. Серіктестіктің директоры Алексей Бизянов округтің әкімі Жұмабай Сатаев пен қособалықтарға құрылыс жұмысына үлкен жанашырлықпен атсалысқаны үшін алғыс білдіріп отыр.
Мәдениет үйі 200 орындық көрермендер залы, заманауи үлгідегі сахна, гримм бөлмесінен тұрады. Аудандық бюджеттен 3 млн. теңге қаржы бөлініп, нысан сахналық және техникалық жабдықтармен, көрнекіліктермен қамтамасыз етілді. 407 оқырманға қызмет көрсететін Қособа ауылдық кітапханасы да осы ғимаратта орналасқан.
Нысанның салтанатты ашылуы рәсімін БҚО мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Сайран Дүйсенов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сырым ауданының құрметті азаматы, әнші-композитор Донеділ Қажымов және ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы – термешілер Одағының Батыс аймағы бойынша төрағасы Бауыржан Халиолла жүргізді.
Салтанатты ашылудан кейін мәдениет үйінде «Құтты мекен – Қособа!» мерекелік концерт өтті. Концертте әнші-композитор Донеділ Қажымов, Марат Халиоллин, Құдайберген Сұлтанияров, Сәлімжан Әубәкіров, Нұртілеу Болат секілді ауылдан шыққан көркемөнерпаздар өнер көрсетті.
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы
© zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер