13.12.2018, 16:10
Оқылды: 60

Желі желіктірді ме екен? (болған оқиға)

Әсемгүл  орта  мектепті  былтыр  ғана  бітірді.  Әуелден-ақ  онша  жақсы  оқымағасын, ол өзін  Ұлттық  бірыңғай тестілеуге  қатысамын  деп  қинамады.  Анасымен ақылдасты  да,  мектептен  емтихан  тапсыратын  болып  шешті.  Әсемгүлдің  бұл  шешімін  мұғалімдері  де  құптады.

syrym

Ол бала кезінен тұйық еді. Сосын да шығар, оның мектеп кезінде көп құрбысы болған жоқ. Айна есімді бір құрбысы болған. Кішкентай кезінде бірін-бірі ертпей мектепке бармайтын екі құрбының достығы есейе келе екіге жарылды. Себебі, Айна үзіліс сайын мектептегі буфетке баратын, сабақ үстінде айфоннан ән тыңдап отыратын байдың қыздарына үйірсек болып, қарабайырлау жанұядан шыққан Әсемгүлді ұмытып кетті.

Айфоны да, құрбысы да жоқ болғанымен, Әсемгүлдің арманы бар еді. Ол әдемі киімдер тігіп, соны сатсам, өзімнің жеке дүкенім болса деп армандайтын. Тұйық қыздың ішінде осындай әдемі арман бар деп кім ойласын? Ешкім ойлаған жоқ. Балалық қой, мүмкін арманға деген адалдық па, мектеп бітірушілердің салтанатты кешінде сыныптастарымен бірге орта мектепті бітіргендігін растайтын аттестатты алған кезде, Әсемгүл қолына аттестат емес, сол армандарына алып баратын жолдаманы ұстап тұрғандай қатты қуанды. Қуанса қуанғандай, осы аттестатпен барып, Орал қаласындағы  кәсіптік колледждердің бірінен тігінші мамандығын оқып алса болды емес пе? Сосын көйлек тіге бастайды. Әсемгүл арманымен бірге жатып, бірге тұрып, оқуға құжаттар қабылдай бастайтын тамыз айын тағатсыздана күтіп жүрді.

Әсемгүл сол жазда Вконтакте әлеуметтік желісі арқылы Дархан есімді жігітпен танысты. Дархан оған жиі жазып, хал-жағдайын сұрайтын. «Не істеп жатырсың? Әңгіме айт» деген хабарламалар күніне төрт-бес рет қайталанып келетін. Әсемгүл оған жауап беруден жалықпады. Сөйтіп өзі тұйық, замандастарымен де көп араласпай, қоғамнан оңашаланып қалған ауылдың қызы үшін желідегі жігіт ең  жақын  адамына  айналып  бара  жатты.

«Қыз   балаға   білім   алудың,   жұмыс  істеудің   қажеті  жоқ!»

Сөйлесіп жүрген екі аптаның ішінде Әсемгүл Дарханның Орал қаласында тұратынын, бұрын үйленбегенін, өзінен 13 жас үлкен екенін және намаз оқитынын білді. Кейін жігіттің әңгімелері де діни уағыздарға ұқсай бастады.

«Қыз балаға білім алудың, жұмыс істеудің керегі жоқ. Жұмысты ер-азаматтар істеп, жанұяны солар асырайды. Қыздар ана болуға, ер-азаматтың ұрпағын көбейтуге міндетті. Әйел адам күйеуінің разылығын алуы тиіс». Осы әңгімелер күніге қайталанатын болды. Дархан өзінің сөзін «О дүниеге барғанда ерін және ерінің ата-анасын сыйлаған әйел жәннатқа қалаған есігінен кіреді» деп келетін Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистермен толықтырып қоюға және шебер еді.

Вконтакте желісі арқылы бірер айдай сұхбаттас болған Дархан бір күні Әсемгүлге «Маған тұрмысқа шық, сені алып кетейін!» – дейді.

Әсемгүл ойланып қалды. Былай қарасаң, жаман әдеттері жоқ, ақыл тоқтатқан, бастысы, намаз оқитын иманды жігіт. Оның үстіне, Дарханның ер мен әйел туралы екі апталық «насихаты» да қыздың ойына ой қосты. Содан не керек, көп кешікпей Дархан Жымпитыға келіп, Әсемгүлді Орал қаласына алып кетті. Әсемгүл де өмірінде көрмеген адамға ілесіп, өзіне беймәлім бір әлемге бара жатты.

«Менің   істегенімді  істе!»

Дарханның Орал қаласына іргелес Асан ауылында үйі бар екен. Сол үйде анасымен бірге тұрады. Өзі Атырау қаласында вахталық әдіспен жұмыс істейтін болып шықты.

Әсемгүлдің күйеуге қашып кеткені ата-анасын әбігерге салды.

Бұрын танитын, сөйлескен ауылдың баласына кетсе жақсы ғой, жан баласымен жанасып көрмеген жалғыз қыздарының бейтаныс әрі өзінен 13 жас үлкен адамға ілесіп кетіп қалуы әке мен ананы мазаламай қойсын ба? Оның үстіне жігіттің елінен елдігін көрсетіп, кешірімге де бір адамның келмеуін қарашы! Шыдамады. Өздері іздеп барды. Бата шайға ұқсайтын шағын дастарқан жігіттің үйінде болды. Екі жастың шаңырақ болуы қуанышының дүбірі сол дастарқанмен шектелді. Әсемгүл бұл үйге өз қалауымен келгенін, Дарханның жары болып қалатынын айтты. Кететін қыз кетті. Әке мен ананың бақыт тілеуден басқа амалы қалмады.

Бақыт қайдан оңай бола қойсын? Өмір де, Дархан да Әсемгүл ойлағандай жақсы болмай шықты. Дархан осыған дейін ер мен әйелдің жанұя құруы, олардың міндеттері туралы уағызды көп айтқанымен, Әсемгүлмен неке қимады.

– Дархан, мешітке барып, имамға некемізді қидырмаймыз ба? – деп сұрады ол бір күні.

– Имамы несі? Біздің некемізді қиятындай ол кім? Ертең жұмыстан Абдолла бауырымыз келеді. Некемізді соған қидырамыз! – деп жауап берді Дархан оған.

Дарханның дінді ұстанғанымен, имамдарға қырын қарауы, шыны керек, Әсемгүлге түсініксіздеу көрінді. Бірақ өзі Әсемгүлден бірден иманды жар «бола қалуын» талап етті. Ең бірінші, намаз оқып үйрен деп бұйырды. Сосын етек-жеңі ұзын киім кигізді, жүзін тұмшалап тұратын орамал тартқызды. Бұл киімдердің бәрі қара түсті еді. Киімді кие салу оңай ғой, ал бірден намаз оқу Әсемгүлге оңай болмады.

– Менің діннен ешқандай хабарым жоқ, намазды қалай оқимын? – деп сұрады Әсемгүл Дарханнан.

– Оқы дегеннен кейін оқуға міндеттісің! Сылтау іздеме! Қалай оқитынын білмесең, мен намаз оқығанда менің артыма тұр да, менің істегенімді істе! Үйрен! – деді Дархан оған.

Дарханның «ұстаздығы» мұнымен шектелмеді. Ол күн сайын Әсемгүлге ғаламтордағы You Tube әлеуметтік желісінен Дарын  Мубаровтың адамның жан тәпсіру сәті, о дүниедегі азап туралы уағыздарын тыңдатты. Әсіресе, өлген адамның қабірдегі жағдайы жайлы бір бейнероликті көрген Әсемгүл қатты қорқып қалды.

Күйеуінің тарапынан осындай рухани қысымға ұшырағаны аздай, Әсемгүлге қайын енесімен тіл табысу да қиынға соқты. Жасы он сегізден енді асқан бойжеткеннің үй шаруасына епсіздігі, олақтығы, алаңғасарлығы бәрі-бәрі енесінің ашуын туғызды, ол ашу кейін Дархан екеуінің арасындағы жанжалға себеп болды.

«Маған   намаз   оқымайтын   әйел   керек  емес!»

Дарханның екі апасы бар еді. Бір апасы намаз оқиды екен. Сол намазхан апасы да Әсемгүлге жиі насихат айтатын. Дархан Атырауға жұмысқа кеткен уақыттарда үйге арнайы келіп, «Намазыңды оқып жүрсің бе? Қаза болып жатқан жоқ па?» деп тексеретін.

– Мен намаз оқу білмеймін. Күйеуім жұмыстан келгеннен кейін соған ұйып оқимын. Өз бетімше оқи алмаймын, – деді Әсемгүл ол кісіге.

Апасы Әсемгүлдің осы сөзін жұмыстан келгеннен кейін Дарханға айтты. Дархан болса, бірден әйеліне дүрсе қоя берді.

– Мен жоқ кезде намаз оқымайды екенсің ғой! – деп жынданған ол сол күні Әсемгүлге қол көтерді. Қол көтерді деген нәзіктеу болатын шығар, аямай сабады.

Оқу оқимын деген арманынан бас тартып, бір азаматтың етегінен ұстадым дегенде, Әсемгүлдің қалаған бақыты бұл емес еді. Ол сол үшін өкінді. «Мен кетемін!» – деді. «Кетсең кете бер, намаз оқ-майтын әйел керек емес маған!» – деді оған Дархан.

Әсемгүл қазір үйіне қайтып келді. Қайтып келді деген ауыр сөз, әрине! Бірақ жағдай солай болды. Дархан кейін «Алып кетейін бе?» деп хабарласқан, ал оған Әсемгүл «Бәрі бітті!» деп жауап беріпті.

*  *  *

Біз оқырманға Сырым ауданында бір-екі жыл бұрын болған оқиғаны баян қылдық. Кейіпкерлердің есімдерін өзгерттік, бірақ болған жағдайдың желісін ешқандай боямасыз, сол күйінде қалдыруға тырыстық. Егер кейіпкерлердің есімдері шынайы өмірдегі адамдардың атына ұқсас болып кетсе, кездейсоқ сәйкестік деп қабылдаңыздар.

Әрине, бір оқыған адамға бұл жерде дәм-тұзы жараспаған екі жастың тағдыры ғана айтылады. Бірақ тереңірек үңілсек, көптеген мәселелерге тап боламыз.

Бірінші мәселе – әлеуметтік желі.

Ақын Мейірбек Сұлтанхан бір айтыста «Әлеуметтік желі деп кіргеніміз, Әлеуметтік желім боп бара жатыр!» деп еді. Мейірбек ақын айтса айтқандай, әлеуметтік желі бізді телефонға желімдеп, уақытымызды өлтіргені аздай, тағдырларды бүлдіріп жатыр.

Әсемгүлді Дарханмен таныстырған, кейін өмірін басқа арнаға бұрып жіберген де – осы әлеуметтік желі. Көрмеген, танымаған, тек Вконтакте желісі арқылы бір айдай сөйлескен адамға күйеуге шыға салған Әсемгүлдің қылығын жастық деп ақтағанымызбен, дұрыс дей алмаймыз. Ал өмірлік жарын интернеттен іздеген Дарханға тіпті айтарымыз жоқ. Ол шынымен де әйел іздеді ме, әлде жас қызды ермек қылғысы келді ме деген де сұрақ туады?

Сырым аудандық «Сырым» деструктивті секталардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталығының басшысы, теолог Ержан Жұмағожиев Әсемгүлдің жағдайымен таныс екен. Қарындастың өзімен де, анасымен де сөйлесіпті. Оқиға туралы ол былай деп пікір білдірді.

– Дарханды танымаймын, тілдесіп де көрмедім. Бірақ оның кейбір іс-әрекеттері теріс діни ағымның өкіліне тән екен. Дарханның Дарын Мубаровтың уағыздарын насихаттағанынан-ақ, маған осы ой келді. Себебі, Дарын Мубаровтың уағызын тыңдауға, оны насихаттауға Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы ресми түрде тыйым салған.

Әлеуметтік желі – бүгінгі күні теріс діни бағытты ұстанатын адамдардың басты білім құралына айналды. Олар You Tube желісінен уағыз тыңдайды, WhatsApp желісіндегі топтарға қосылып, қосымша уағыздарды сол жерден алады. Білімдерін солай күшейтеді. Біздерді әлеуметтік желі арқылы қарын-дастарымыздың діни ұстанымы теріс адамдармен танысып, жанұя болу жағдайларының жиілегені алаңдатып отыр. Әсемгүлдің тағдыры – сөзіміздің дәлелі.

Теолог бауырымыздың сөзінің жаны бар. Қазір жастар қоғамды, адамдарды әлеуметтік желіде көзбен «өлшейтін болды». Сосын да ғой, парақшасына мешіттің суретін немесе Құран аяттары мен хадистер жазылған суреттерді қойған адамдар тақуа,  ал суретке орамал тартып түскен қыздар мен сақалы бар жігіттер бірден иманды адамға айналып шыға келді. Ал орамал тартқан қыз бен сақал қойған жігіттің бәрі иманды ма, онымен ешкімнің шаруасы жоқ.

– Иманды сақалмен өлшейтін үрдіс белең алып келеді, – дейді сөзімізге сөз қосқан Сырым ауданындағы әйелдер жамағатымен жұмыс жүргізетін теолог Әсел Әбдубәли.

Әсел Әбдубәлидің айтуынша, замандастарымыз сақал мен орамалды дін деп түсінеді екен. Ал дінді сыртқы қалпымен ғана қабылдаудың арғы жағында адасу тұр. Әсемгүл Дарханға дін ұстанғаны үшін қызықты ма, әлде араларында шынымен махаббат болды ма, Әсел ханым оны анық айта алмады. Өйткені, Әсемгүлдің анасы қызының теологпен сөйлесуіне қарсы болған. Осы жерде ата-аналардың бойжетіп келе жатқан қыздарының теолог, психолог секілді мамандармен кеңесуіне, пікірлесуіне түбегейлі қарсы болып, ал сол қыздардың ғаламтор арқылы жігітпен сөйлесуіне неге қарсы болмайтындықтары, сол мәселеге неге алаңдаушылық танытпайтындықтары түсініксіз.

Әсел Әбдубәли әкелер мен аналар балаларына, әсіресе, қыздарға көбірек көңіл бөлсе деген ниетте. Қазір ата-аналар баланың материалдық жағдайын жасауды, балаға көңіл бөлу деп ойлайтын болды. Балаға көңіл бөлу деген – оған айфон алып беру не болмаса, жұрттан қалмай киіндіру емес, керісінше, жанұялық жылуды сездіру, тәрбие беру ғой. Жылуды сырттан іздеген қызды алдау оңай. Бұл – екінші мәселе.

Сырым ауданының орталық мешітінің бас имамы Әлішер Ералиев  Әсемгүл мен Дарханның арасында орын алған жағдайдан діни астар іздеуді негізсіз деп санайды.

– Иә, Дархан намаз оқыған, әйеліне ашық-шашық киінбеуді бұйырған әрі өзіне бағынуды және анасын сыйлауды талап еткен. Дені дұрыс ер адамның барлығы әйеліне осы талапты қояды. Ал Дарханның Әсемгүлмен некеде болмауы, мешіт имамдарының қызметін қабылдамауы, Әсемгүлді намаз оқымағаны үшін ұрып-соғуы  оның жеткілікті деңгейде діни сауаты болмағанын, былай айтқанда, мінезінде шынайы мұсылманға тән қасиеттердің әлі қалыптасып үлгермегенін көрсетеді. Осы жерде діни радикализмнің ұшқыны байқалады, бірақ бір адамның бір адамға жасаған жақсы немесе жаман қарым-қатынасын дінмен байланыстыра бермеуіміз керек.

Дарханның Әсемгүлді намаз оқымағаны үшін ұрып-соғуы – қай жағынан қарасаңыз да, дұрыс емес.

Себебі, дінде зорлық жоқ. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде «Дінді ауырлатпаңдар, жеңілдетіңдер, қорқытпаңдар, сүйіншілеңдер!» деп айтқан, – дейді ауданның бас имамы.

Қорыта айтқанда, адамның тағдыры ойыншық емес. Оны басқалардан бұрын сол тағдырдың иесі түсінуі керек. Сондықтан өмірімізге телефонның экраны арқылы емес, өзіміздің көзімізбен қарайықшы! Әсіресе, жастардан сұрарымыз, ғаламтордан ән іздеңіздер, клип іздеңіздер, бірақ өмірлік жар іздемеңіздерші!

Бауыржан   ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым  ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале