20.12.2018, 16:20
Оқылды: 201

Оралдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде білім алу үшін конкурс жарияланды

Бүгін облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Оралдағы Назарбаев Зияткерлік мектебі директоры орынбасарларының қатысуымен баспасөз мəслихаты өтті.

a10b68a2-0b49-443a-97cb-e02d54466334

Брифингте Зияткерлік мектептегі оқу процесінің ерекшеліктері, шетелдік мамандарды тарту, ауыл балаларына арналған жатақхана қызметі, тәрбие жұмысы, конкурстық іріктеу ережелері туралы айтылды.

Қазір Зияткерлік мектептердің 7-сыныптарында 2019-2020 оқу жылында білім алу үшін білім беру грантын тағайындау жөнінде конкурс жарияланды. Құжаттарды қабылдау 19 қаңтарға дейін жалғасады.

-Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқу «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ NIS-programme білім беру бағдарламасы аясында жүзеге асады. Оқушылардың жеке қызығушылығы мен мүдделерін ескере отырып, оқытудың екі деңгейіндегі оқу пәндерін таңдаудың оңтайлы жүйесі ұсынылады. Оқушы жоғарғы оқу орнына түсуге қажетті оқу пәндерін тереңдетілген деңгейден де, стандартты деңгейден де өз қалауымен таңдайды. Тереңдетілген деңгейде оқытылатын пәндер бағдарламасы ЖОО-ның бірінші курс материалдарына сәйкес келеді. Сондықтан НЗМ түлектері Қазақстанның 10 ЖОО-ның бірден екінші курсына түсе алады, - дейді директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Светлана Александрова.

Оның айтуынша, мектеп жанында 129 оқушыға арналған жатақхана бар. Онда облыс аудандары мен өзге қалалардан келген зияткерлерге бар жағдай жасалған. Демалыс бөлмелерінде кең экранды теледидар, Х-BOX бағдарламасындағы ойын құрылғылары, жұмсақ жиһаздар, төсеніштер мен жұмсақ отырғыштар, көркем әдебиеттер жинақталған кітап сөрелері бар. Сонымен қатар шахмат ойнау аймақтары ұйымдастырылған. Оқушылардың бос уақыттарын тиімді пайдалану, қызығушылықтары бойынша шығармашылық жұмыстарға баулу, баланың бойындағы қабілеттерін ашу мақсатында жатақхана тәрбиешілері түрлі үйірме жұмыстарын жүргізеді.

         Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде кәсіби бағдар беру жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді.

         -Кәсіби бағдарлау жұмысы оқушылар Зияткерлік мектепке қабылданғаннан, яғни 7-сыныптан басталады. 7-8-сыныпта әр оқушының дамуының жеке траекториясы дайындалып, әрі қарай жоспар бойынша бағдарлау жұмыстары жүзеге асады. Жүйелі жұмыстың нәтижесі ретінде 2017-2018 оқу жылының 85 түлегін мысалға келтірейін. Олардың ішінде10-ы Назарбаев университеті, 10-ы Ресей Федерациясы, 23-і шетел оқу орындарында оқуда (АҚШ, Ұлыбритания, Финляндия, Италия, Испания, Қытай, Түркия, Венгрия, Австрия). Ал 43 түлек қазақстандық ұлттық және мемлекеттік оқу орындарын таңдады, - дейді директордың профилді-эксперименталдық жұмыстар жөніндегі орынбасары Айдар Сұлтанов.

Спикерлердің сөзінше, конкурстық іріктеу ережелері туралы өзге де ақпаратты nis.edu.kz сайтынан білуге болады.

Айдана Хамидуллина

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале