Теректі ауданының Аңқаты ауылында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында «Қоянды шалмай алар, құмай тазы» атты спорттық ойындары өтті.
Округ әкімі Ерлан Молдахметов бастаған аңқатылықтар нағыз қазақы шара ұйымдастырды. Жақсы істің басынан табылған ел азаматтары Дәурен Ихсанов, Қаныбек Ержанов, Азамат Нұржігітов, Ерікқали Ахметов қолдап, демеушілік көрсетті. Сайысқа түсер жігіттердің астына мінер атын «Абыз» қожалығы беріп, көмек жасады.
Дала қызығына Тасқала мен Бәйтерек ауданы, Орал қаласынан, Теректінің де тазы баптап отырған жігіттері жиналды.
Сайыс салтанатын ашып, «қанжыға майлансын» деген аудан әкімі Әділ Жоламановтың сөзінен соң ұзын саны 28 тазы сөре сызығына тізілді.
Дала қызығына келген жұрт спорттық ойындарға қатысты. Шаңғы тебу, жүгіру сияқты ойындармен қатар, атты шанаға жегу, ат үстінен нысанаға жамбы ату болды. Киіз үйде жергілікті кітапхананың кітапханшысы Роза Ермұқанова «Ұлы даланың жеті қыры» тақырыбында жинақталған кітап көрмесімен таныстырды.
Бір сағатт аңшылардың қанжығасы майланып оралды.
Аудан әкімі Ә.Жоламанов дала қызығына тойдырған барша азаматқа алғыс айтып, жеңімпаздарды марапаттады.
Бас жүлде ақшалай сыйлық Тасқаладан келген топ - Талғат Қожантаев, Абзал Тоқмақов, Әміржан Мәмбетов, Асылхан Рамазанов қоржынына түсті. Бұдан басқа І орын алған Айбек Қабиев (Бәйтерек ауданы), ІІ орын Әли Бахуов (Тасқала), ІІІ орын Жақсылық Еслямғалиевке (Бәйтерек ауданы) бұйырып, диплом мен сыйлық табыс етілді. Спорт жарыстарында үздік көрінгендерге де сый-марапат көрсетілді.
Камелия Қарекесова,
Теректі ауданы
© zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер