22.01.2019, 11:59
Оқылды: 30

Теректіде мал ұрлығы азайған

Теректі ауданы Богданов ауылдық округі әкімі Әсет Әубәкіров, Приречный ауылдық округі әкімі Мейрамбек Жақсыбеков және Федоров ауылдық округі әкімі Болатбек Тлегенов халық алдында есеп беріп, ит жылында жасалған жұмыстарына тоқталды.

 terekti (1)

         Богдановтықтар үшін өткен жылы жолдың «жыры» түгесілді. Федоров-Ақсай бағытындағы 28 шақырым жол тақтайдай тегістелді. Биыл жұмыс толықтай аяқталады. Енді окрутің тұрғындары көгілдір отынның да қызығын көреді. Көшеге жарық беретін шамдардың санын арттырып, орталық көшелерге бейнебақылау камералары орнатылмақ.

         Приречныйда жағдай біркелкі. Ауыл халқы көгілдір отынның келетініне дән риза. Таза ауыз суға жаритын күн де жақын. Ауылда аз қамтылған отбасылардың саны кеміген. Себебі, халық үкіметтің бағдарламаларын тиімді пайдаланып, өз-өздерін жұмыспен қамтуда. Жиында халық заңсыз арақ сатылымының еңсені түсіріп тұрғанын айтып, қынжылды. Тағы бір мәселе – ауылдағы шаруа қожалықтарының басшылары жем-шөпті өзге ауылдарға сатып, бағасын шарықтатып тұрғаны.

         Аудан орталығы саналатын Федоров ауылдық округінде бес мыңнан астам халық тұрады. Округ әкімі Болатбек Серікұлы бюджеттің қалай игерілгені туралы, нендей шаруалар жүзеге асқанын үтір-нүктесіне дейін баяндады. Ауылдық округ бойынша 164 көше шамы үнемдегіш шамға ауыстырылған. Биыл қосымша 93 шам орнату жоспарда бар. Мал азығы бойынша жоспар 95 пайызға орындалған. Аудан орталығына бөбекжай қажет. Мысалға, «Ақжелкен» балабақшасында қазір 107 бала тәрбиеленіп жатырса, кезекте 70 бөбек тұр. Ал «Ақботада» 69 бала болса, 77 бүлдіршін кезегін күтуде. Бұл жеке балабақша ашам дейтін аудан тұрғындарына құлақағыс. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша өткен жылы 13 жас ауылға келіп, 17 жас көтермемақы алған. Жиынға келген ауыл тұрғындары округ әкімінің жұмысына оң баға берді. Әсіресе, аудан орталығы тұрғындарының қар тазалау жұмыстарына көңілдері толады. Тек орталықтағы мемлекеттік қызметкерлердің мәдениеті мен мемлекеттік тіл мәселесі ерекше назарға алсынса дейді.

         Аудан әкімі Әділ Жоламанов жоғарыда аталған округтердің халқына өз есебін беріп, жылды қорытындылады.

         -Сіз бен біздің жұмыла еңбек етуіміздің арқасында ауданда бірқатар жұмыс жасалды. Мал шаруашылығы бойынша аудан тұрғындары 310 млн. теңге субсидияға ие болды. 28 мың тонна сүт, 5 мың тонна ет өндірілді. Аудан тұрғындарының 55 пайызы таза ауыз суды тұтынады. Биыл Ұзынкөл, Жаңа өмір, Жайық, Приречный, Богданов, Юбилейный ауылдарына ауыз су құбыры жүргізіп, 66 пайызға жетеміз деп жоспарлаудамыз. Көгілдір отынмен 33 елді мекен қамтылған. Алты медициналық нысан жөндеуден өтсе, биыл тағы 6 нысанды жаңартамыз. Ит жылы 355 қылмыс тіркелсе, оның ашылуы 72 пайызды құрады. Ауданда мал ұрлығы 71 фактіден 43-ке түсіп отыр,-деді аудан әкімі.

         Аудан және округ әкімдерінің есептік жиындары Ақсуат, Покатилов ауылдық округтерінде жалғасып, Долин ауылдық окруігінде түйінделеді.

terekti (2)

Әділет Орынбасаров,

Теректі ауданы

© zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале