13.02.2019, 19:19
Оқылды: 31

Көп балалы аналардың ұсыныстары жинақталады

Бұл туралы ашық әкімдік шарасы барысында мәлім болды. Бүгін Оралда Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ  драма театры ғимаратында тұрғындарға арналған «Ашық әкімдік» күні ұйымдастырылды.

 WhatsApp Image 2019-02-13 at 02.54.29

Елбасы әкімдерге, шенеуніктерге қалың елмен етене, ашық-жарқын жүздесіп, жағдайларын жасауды, тұрмыстық әл-ауқаттарын көтеруді ұдайы тапсырып келеді. Өйткені халықтың талап-өтінішін, мұң-мұқтажын тыңдап, содан кейін түйткілді мәселелердің түйінін жедел әрі заңды, сауатты шешудің қайыры бар. Мұның өзі қоғамдағы әлеуметтік шиеленістердің, дау-дамайлардың алдын алып, билік пен бұқараның арасындағы байланысты ныңғайтады, ел сеніміне селкеу түсірмейді. Сондай мақсатта өткізілген ашық есік күні өңірдің тұрғындары өздерін толғандыратын түйткілді мәселелерді және түрлі өтініш-шағымдарын, ұсыныстары мен бастамаларын жергілікті атқарушы, мемлекеттік, құқық қорғау органдарының, коммуналдық мекеме-кәсіпорындардың басшыларының алдына тартты. Негізі бұл шара билік пен бұқараның арасын жақындататын алтын көпір іспеттес. Түрлі мәселелерімен бас тіреп келген тұрғындарды облыс басшысының бірінші орынбасары Ғали Есқалиев және орынбасарлары Ғабидолла Оспанқұлов, Миржан Сатқанов, Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев, басқарма басшылары қабылдады.

Биылғы жылдың өзінде БҚО бойынша ауылдық, аудандық, қалалық, облыстық деңгейде барлығы 140-тан астам «Ашық әкімдік» шарасы өткен. Жалпы 2000-ның үстінде тұрғын ашық әкімдік шарасына келіп, өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарына тиісті жауап алған. Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысы орынбасары Дархан Қадыралиевтің айтуынша, облыстық деңгейдегі мұндай шара соңғы үш жыл ішінде осымен 8-мәрте ұйымдастырылып отыр. Соңғысы қаңтар айында өтіп, онда 500-ден астам адам кеңес алған. Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің өзі 150-ден астам тұрғынды қабылдаған. Осы бағыттағы шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Бірақ дәл бүгін осы қабылдауда шешімін таппаған мәселелер тиісті бақылауға алынып, тұрғындарға бір хабары берілмек.«Ашық әкімдікке» келушілердің басым көпшілігі облыс әкімінің орынбасарларына, қала әкімінің қабылдауына ұзақ-сонар кезекке тұрды. Олардың көпшілігі тұрғын үй, жер, коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша келген. Бірқатарымен тілдесіп, ой-пікірлерін де білдік. Прокуратура, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және өзге де сала басшыларына жолғып, өздеріне қажетті ақпарат, кеңес алушылар шоғыры да аз болмады. Шараға келген көп балалы аналар облыс басшылығынан аналарды бұл шарадан тыс бөлек қабылдап, ұсыныс-тілектерін тыңдауды талап етті.

 

WhatsApp Image 2019-02-13 at 02.57.33

 

Жер-жерден шулап кеткен әйелдер арасынан өзін Қамия Оспановамын деп таныстырған Сарытау шағын ауданының тұрғыны әлеуметтік жәрдемақыны есептеу жүйесін қайта қарауды, жалға берілетін тұрғын үйден баспана беру жеңілдіктерін қарастыруды көп балалы аналар атынан сұрады. «Өзім әжемін, бірақ аналар мен балалардың құқықтары үшін, немерелерімнің болашағы үшін жүрмін» дейді ол. Аз-кем уақыттан кейін оларды театрдың кіші залына жинап, олардың талап-тілектерін айтуға жағдай туғызылды. Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов сабырсызданған аналарды тыныштыққа шақырып, оларды тыңдады. Содан кейін әрқайсысының талаптарын қағазға түсіріп, өздерінің байланыс ақпараттарын да көрсетіп қалдырудың жөн болатынын айтты. Оның айтуынша, облыс басшылығы барлық ұсыныс, талаптарды жинап, сараптап, республикалық комиссияға жолдайды. «Қазір мен қабылдау жүргізудемін. Маған қабылдауға келіңіздер, әрқайсыңызды тыңдап, барынша көмек беруге тырысамын» деді Ғ.Оспанқұлов.

-«Ашық әкімдік» шарасына келген 200-ден астам адамның көпшілігі - көп балалы, аз қамтылған отбасылардан немесе жалғызбасты, мүгедек баласы бар аналар. Олардың қойып отырған талап-тілектерінің біріншісі - тұрғын үймен қамту, екіншісі – жәрдемақының мөлшерін өсіру мәселесі. Өңірде бұл мәселелерді саралайтын жұмыс тобы құрылды. Халықтан түскен ұсыныстардың барлығын сұрыптап, ең маңыздыларын республикалық комиссияға жолдаймыз. Республикалық комиссия заңнамаларға өзгерістер немесе қолданыстағы бағдарламаларға түзетулер енгізеді. Соның арқасында әлеуметтік жәрдемақы мөлшері өсетін болады, қосымша үй мәселесіне қатысты мемлекеттің қандай шығыстары бар соны есептеп, тиісті шешімдерді қабылдайды деген сенімдеміз, - деді Ғабидолла Оспанқұлов журналистерге берген сұқбатында.

"Ашық әкімдік" күні өңір тұрғындары мен билік өкілдері арасында ашық байланыс орнады. Әсіресе, көп балалы аналар мәселесіне байланысты облыста жұмыс тобы құрылып, жұмыс істей бастағанын естіді ақ жаулықтылар. «Әйелдерден түскен татымды ұсыныстарды тіркеп жазып, облыс басшылығына жеткізуді өзім мойныма алып отырмын. Өйткені мен де - анамын, мен де - әжемін. Балаларымыздың болашағы, немерелеріміздің келешектегі тұрмыстары алаңсыз болса екен, балалар өртеніп кетпесе екен, ашықпаса екен, тоңбаса екен, мектепке барғанда басқа ұл-қыз жеген бәлішті жей алмай жаутаңдап тұрмаса екен, оны анасы уайымдап, ауруға шалдықпаса екен, ренжіп әкесі ішіп кетпесе екен, ішіп келіп, әйелін соқпаса екен деген тілектер орындалса, біздің қоғам бақытты болады. Әйел қозғалса, ел қозғалады. Сондықтан еліміз тыныш болсын десе, әйелге құлақ түру керек, - деді ақын, қоғам белсендісі Дариға Мұштанова.

WhatsApp Image 2019-02-13 at 02.54.22

 

Лилия Бобрышева, Орал қаласының тұрғыны:

Балалар үйінде тәрбиеленгенмін, тұл жетіммін, тума-туысқаным жоқ. Өткен жылы үй кезегінде №183 болып тұрдым, биыл №152 болдық. Ақпан айында жұбайым қайтыс болып, сорлап қалдым. Екі сәбиіммен пәтер жалдап тұрамын. Жұмыс істемеймін, жұмысқа шығайын десем екі балам қараусыз қалады. Сондықтан жетім әрі асыраушысы жоқ отбасы ретінде тұрғын үй мәселесін шешуді қала басшылығынан сұрай келдім.

Елена Болдырева, Орал қаласынан, көп балалы ана:

-Көп балалы ана ретінде тұрғын үй мәселесі жанымды қинайды. «Вагонник» саяжайында қуықтай құжыраны пешпен жылытамын. От жаққан сайын пеш түтін тартпай, балапандарым көк түтінге тұншыға жаздайды. Бөлмеміздің іші дымқыл, қабырғалары көгеріп жатыр. Балаларымнан демікпе ауруының белгілері байқалады. 15, 9, 7, 4, 2 жастағы ұл-қызыма мемлекеттен 10 мың 500 теңге көлемінде жәрдемақы аламын. Күйеуімнің жалақысы - 50 мың теңге. Отын сатып алу да қалтаны қағады. Газ кіргізуге 500 мың теңге керек, мұндай қаржы қайдан болсын. Сондықтан облыс басшылығына көгілдір отын тартуға көмек сұрай келдім.

 

Мөлдір Нұрымова, Зашаған кентінің тұрғыны, І топтағы мүгедек:

-Зашаған кентінде пәтер жағалап, көшіп-қонып жүрміз. Отбасымда ұл мен қызым, жұбайым бар. Тегін үй сұрамаймыз, ең болмаса жалға берілетін үйден пәтер берілсе дейміз. Қазақстан ипотекалық компаниясы арқылы құжаттарымды тапсырғанмын, өтпей қалдым. 2018 жылы қала бойынша үй кезегіне 7400 бірдеңесінші болып тұрдым.

 

Тілеу Жексенов, Орал қаласының тұрғыны, 82 жаста:

Ұлы Отан соғысы кезінде бала болсам да тылда қал-қадірімше еңбек еттім. Соған байланысты жеке сауалым бар еді. Еңбек кітапшамды ала алмай жүрмін. Ашық әкімдік күні барлық басшыларды бір жерден тауып, қажетті сұрақтарыңа жауап аласыз. Мұндай шараны қарапайым адамдарға жасалған қамқорлық деп түсінемін. Бұрындары билік басындағыларға бас тіреп барғанда олардың кабинеттеріне кіру мұң болатын. Енді мынадай шара аясында сұрағыңа жауап беретін облыс және сала басшыларына көзбе-көз жолығып, нақты жауабыңды естисіз.

Гүлбаршын Әжігереева,

суретке түсірген Динара Киндербаева

© zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram -дағы парашамыздан және Telegram каналымыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале