15.02.2019, 10:24
Оқылды: 342

Бесік қадірін білетін шебер

Бір ғажабы, Орал қаласының тұрғыны Нұрділдә Алсиеуов бесік жасауды қырық жасқа келгеннен кейін қолға алды. Таныстары мен ағайын-тумасы жарқын жүзді  жігіт ағасын әу бастан жалпақ тілмен Нұрлан деп атап кеткен.

2

Қала орталығындағы «Шебер» базарында орналасқан шеберханасының кіреберіс тұсына «Ел болам десең, бесік ал» деп жазып қойыпты. Есіме бірден «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп Мұхтар Әуезовтің елге кең тараған нақылы түсті. Шебер сұхбатын рухани әңгімеден бастады.

– Бала күнімде қолөнерге бейімдігім байқала қоймады. Кейін өмірдің өзі болашақ бағыт-бағдарың туралы жиі белгі береді екен. Бұған дейін балалар әлеміне жақын дүниелер ойға орала беретін. «Түбінде балабақша ашатын болармын» деп жүрдім. Жасым 40-қа келгенде бесікті өз қолыммен құрастырып, одан әрмен жетілдіріп әкеттім. Ата-бабаларым қолы шебер адамдар болғанын кейін білдім, – деді Нұрділдә Алсиеуов.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта бесікті құрастырып, сатушы көп. Нарықта бәсеке көбейіп келеді. Кейіпкер өзге шеберлерден кәсіби артықшылығы ретінде бесікті сәндеп, ойып безендіру ерекшелігі бөлек екенін айтты. Көкейіне келген бесік қалыбын, безендіру жолын қағазға түсіреді. Компьютер арқылы сызбасы бекітіліп, 3D пішінінде жонып шығаратын екі станок бар. Шеберге өзіміздің өңірден ғана емес, көрші облыстардан да тапсырыс береді. Тіпті еліміздің оңтүстік өңірлерінен де қоңырау шалады. «Оңтүстіктегілерге көтерме саудамен сұраса да бермеймін. Олар бесіктің тың қалыппен жасалғанын көріп, қытай нарығы секілді бірден көшіріп, таратып әкетеді. Әзірше, біздің өңірдегілер көшірмеге үйір емес», – дейді әсемдік құпиясын оңай олжаға айналдырғысы  келмейтін  шебер.

Нұрділдә Айділдәұлы сәби, бала өсіруге қатысты салт-дәстүр мен жөн-жоралғыларды жетік біледі екен. Тіпті бесік жасау тәжірибесімен ұштастырып, кітап шығарғысы келеді. Оның сөзінше, бесікті көз тартарлықтай әсемдеп, әрлеудің, түрлі түске бояудың өзіндік мәні бар. Яғни, сәбиді көргісі келген адамның назары бесікке бірден түсетіндей тартымды болғаны дұрыс. Бесік сұқ көздің уытынан сақтап қалады. Бабалар мұрасына осы күні өзге ұлт өкілдері, соның ішінде, орыс, әзербайжан, шешендер қызығады. Олардың тапсырыс бағыттары әр түрлі. Орыстар бесікке бөлеуге құмар емес. Сондықтан екі қапталын биік қылуды сұрайды. Шешендерге берілетін бесіктің ұзындығы бір метрден кем болмауы керек. Олардың балалары үш жасқа толғанша бесікте жатады. Ал Нұрділдә Алсиеуовтің есебінше, қазақ баласын тербетуге бір жыл уақыттың өзі жарайды. Одан әрмен бала апыл-тапыл басып, өзі ұйықтауға  дағдылануы  тиіс.

1

– Мен балалардың дүниеге келу статистикасын, олардың өсу табиғатындағы өзгерістерді зерттеп отырамын. Перзентханада ұзақ жыл еңбек еткен бір акушерден «Соңғы он жылда бала табиғатынан қандай өзгеріс байқадыңыз?» деп сұрақ қойдым. Хабарсыз екенін айтты. Ал менің байқағаным, баланың мойны бұрын қырық күнге дейін қатаймайтын еді. Қазіргі кезде апта салмай жатып, сәби жанарын тіктеп, мойнын бұруға жарап қалады. Қазақтар қырық күннен кейін бөбектің есімін қояды. Бойға бала біткенде Құдай сәби маңдайына тағдырын жазады. Қазақтардың осы мерзім ішінде ана мен балаға ерекше қамқорлық жасауы тегін емес. Қазіргі кезде егіздер дүниеге көптеп келуде. Менің ойымша, Алла сол арқылы ұрпақ қанын тазартып жатыр, – деді Нұрділдә Айділдәұлы.

Шебердің айтуынша, бесіктің қалыпты өлшемі 80х40 см. Сәбидің дүниеге келгенде бойының ұзындығы 56-58 сантиметрге есептеледі. Шебер бесік бағасын әсірелеп көтермейтінін айтты. «Атыраудан көтерме саудамен алуға сұрап келді. Бағасын 7 мың теңгеге белгіледім. Базардағы екінші сауда нүктесінде екі есе қымбатқа сатуда. Бесік қасиетті дүние ғой.

Оны саудаға салып, бағаны шарықтатуды жаным сүймейді», – деді шебер. Тың сызба бейнесі көкейге көбіне күндізгі уақытта «аяндай» болып анық көрінеді екен. Содан кейін компьютер тіліне түсіреді. Базардағы сауда нүктесінде Нұрділдә Алсиеуов тағы үш кісіні жұмыспен қамтып отыр. Шебер бесікті безендірудің алуан түрін меңгерген. Бесіктердің бірінің қос жақтауындағы туда бейнелетін қыран күн астында самғап бара жатса, екіншісінде, екі бұлбұл қарама-қарсы жайғасыпты, енді бірі жасыл дестелі десант киімі түстес боялып, «әскери бесікке» айналыпты. Ағаш ұстасының дүниетанымы, ойлау қабілеті шексіз.

Ол шеберханасын кеңітіп, құны 7 миллион теңге болатын құрылғы сатып алуды жоспарлап жүргенін айтты. Жобаланған цех толық қуатына келгенде, әр өңірге өзіндік безендіру қалыбымен бесік шығарылмақ. Шеберханада жер үстелдері де дайындалып, сатылады. Бүгінде отбасында үш ұл тәрбиелеп отырған әке ұрпақ жадына ұлттық құндылықтарын сіңіруден жалыққан емес. Нұрділдә Алсиеуов қаладағы және басқа аймақтағы қолөнер шеберлері жәрмеңкесіне жиі қатысып тұрады.

Жаңа жыл қарсаңында елге белгілі азамат, білікті адвокат Абзал Құспанның қызы Нұрай Темірғали туған күнін ерекше атап өткені мәлім. Нұрай достарымен Орал қалалық саябағына барып, қараторғайлар үшін 17 ұяшық орнатты. Ұяшықтарды жасауға тапсырыс қабылдап, оларды қазақы ою-өрнекпен айшықтап, безендіріп берген шебер Нұрділдә Алсиеуов  екен.

Нұртай Алтайұлы,

© zhaikpress.kz 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram -дағы парашамыздан және Telegram каналымыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале