21.03.2019, 17:54
Оқылды: 101

Қаратөбеде Наурыз мейрамы кеңінен аталып өтті

Ұлыстың ұлы күні қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған. Қаратөбе ауданының оралық алаңында құрылған ақшаңқан киіз үйлер мен әсем безендірілген сахна маңына Наурыз мерекесін қарсылауға жиналған  жұртшылықтың қарасы көп болды.

IMG_3126

Мерекеге арналған мәдени шараның шымылдығын түріп сахнаға көтерілген Күн мен Түн барша халыққа ақжарма тілектерін арнады.

Сахналанған көріністе ақ жаулықты аналар тіршілік бастауы саналар тал шыбыққа су құйып, табиғат ананың берер несібесі мол болуына тілек тіледі. Ұмай ана аластау ырымын жасап, пәле-жаладан, жалпы жамандық атаулыдан сақтауға ниет етті. Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен ырымдары туралы сахналық көріністен соң қызғалдақтар биі тамашаланды.

IMG_3204

Халықтың алдына шыққан Қыдыр ата молшылық пен береке, татулық пен бірлік тілеп Наурыз бата берсе, ұлттық киім киіп мерекеге жиналған бүлдіршіндер жарапазан айтып көпшілік ықыласына бөленді. Жарапазан айтып жарысқан балаларға Қыдыр ата «Наурыз қоржын» үлестіріп, оларды шат-шадыман қылды.

IMG_3159

Көтеріңкі көңіл-күймен Наурыз мейрамын тойлау үшін мерекелік алаңға жиналған ағайынды құттықтаған аудан әкімі Жанат Асантаев жаңа бақыт, береке-байлық, толағай табыстар тіледі.

Айтулы мерекеде Наурыз келгенін хабарлап ұлттық киім киген қыз-жігіттер Наурызға байланысты сұрақтар қойып, сұраққа дұрыс жауап берген тұрғындарға сыйлықтарын ұсынса, кимешек киген аналар той шашуын шашты.

Алаңға қаз-қатар құрылған ақ боз үйлер еріксіз көз тартады. Барлық мерекелер мен ұйымдар ұжымдары бойынша түрлі ұлттық тағамдар түрлерінен дастарқан мәзірі әзірленіп, той думанына жиналғандарға наурызкөжеден дәм татқызды. Арнайы жайылған дастарқанға үлкендермен қатар аз қамтылған отбасы мүшелері мен көп балалы аналар шақырылып құрмет көрсетілді.

IMG_3173

Мерекелік шара аудандық мәдени-демалыс орталығының қызметкерлері ұйымдастырған «Әз-Наурыз, төрлет төріме!» атты концерттік бағдарламаға ұласты. Маңызы зор мерекеде көркемөнерпаздар әннен шашу шашты, алаңдағы мерекелік іс-шараға, көркем көріністерге көңілдері толған көрермендер өнерпаздардың өнерлеріне зор қошемет көрсетті.

Наурыз мерекесі күні салт-дәстүр бойынша мықтылар мен ептілерге арналған садақ ату, қазақ күресі, гір тасын көтеру секілді спорттық жарыстар ұйымдастырылды.

Мергендік пен дәлдікті талап ететін садақ ату сайысына шыққан жігіттер мешінді нысанаға алып садақты шірене тартып жатты. Мешінді дәл көздеп 50 ұпайды еншілеген Шоқан Аманжанов садақ тартушылар арасында жеңімпаз атанды.

IMG_3259

Ендігі кезекте бұқара халықтың назары белінің мықтылығы мен білегінің күші тасыған гір тасын көтеруші бес жігітке ауды. Бұл сайыста 24 келілік екі гір тасын басынан асыра 22 мәрте көтерген Ақболат Тасқынов өзгелерден озық шықты.

Боз кілемнің шаңын қаққан қазақ күресін жұртшылық тегіс тамашалады. Түйе палуан атағы үшін тартысты белдесулер мереке көрігін қыздырды. Бұла күштеріне сеніп шыққан мықтылар арасында басқаларға өзінің күштілігін дәлелдеген Бауыржан Шүрменге «Түйе палуан» атағы бұйырды.

Серікбай ХАСАНОВ

Қаратөбе ауданы

Суреттерді түсірген Тоты ЕСҚАЙЫРОВА

zhaikpres.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале