2019 жылдың 13-14 сәуір күндері аралығында Бөрлі ауданы спортының дамуына үлесін қосқан, волейболдан бірнеше дүркін облыс чемпионы Беркутов Ринад Саматұлын еске алуға арналған волейболдан ерлер командалары арасында аудандық турнир ұйымдастырылды. Турнирге 14 команда қатысып бақтарын сынасты.
Олардың ішінде Ақтөбе қаласынан Ақтөбе ферросплав зауытының, Шыңғырлау ауданынан Ащысай ауылдық округінің, «Конденсат» АҚ, КПО б.в., №8 Өрт сөндіру бөлімінің, №8 орта мектебінің, Ақсу, Бөрлі, Бумакөл, Кеңтүбек, Қарағанды, Жарсуат, Приурал ауылдық округтерінің командалары және «Ағайындылар» командасы бар.
Жарыстың ашылу салтанатына Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары Алпамыс Көшкінбаев, Бөрлі ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Армат Исанов, Пугачев ауылдық округінің әкімі Қайрат Салақбаев, Ринадтың әкесі Самат Жүсіпов пен анасы Гүлнар Нагиева және ағайын-тумалары, қызметтес болған әріптестері және достары қатысты.
Ашылу рәсімінде сөз алған аудан әкімінің орынбасары Алпамыс Көшкінбаев, Пугачев ауылдық округінің басшысы Қайрат Салақбаев спортшыларға сәттілік тілесе, Ринадтың әкесі Самат Жүсіпов ұлын еске алып жатқан жарыс ұйымдастырушыларына алғысын білдірді.
Екі күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша І орынды «Конденсат» АҚ волейболшылары жеңіп алса, ІІ орынды Кеңтүбек ауылдық округінің командасы еншілерді, ІІІ орынға Приурал ауылдық округінің спортшылары табан тіреді.
Жарыстың «Үздік ойыншы» аталымына «Конденсат» құрамасының ойыншысы Садықов Аслан лайықты деп танылды.
Еске алу турнирін дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіп тұру қолға алынбақ. Сөйтіп, бөрліліктер қысқа ғана ғұмырын спорт жолына арнап, ауданымыздың намысын талай байрақты бәсекелерде абыроймен қорғаған Ринадтың жарқын бейнесін халық жадында жаңғырта бермек.