Осыдан бір ай бұрын Жастар жылына орай «Жайық Пресс» медиахолдингінің жобасы аясында алғаш рет Қазталов аудандық «Ауыл айнасы» газеті «Жас Lovе» жырлары байқауын қолға алған болатын. Байқаудың мақсаты - ұлы ақындардың өлеңдерін насихаттап, жас таланттарды, ақындарды тану еді. Байқау барысында асыл сөзді ардақтап, қара өлеңді қастерлеген жастар аз болмады. Бұл жоба - дүлдүлдердің шабысына шабыт сыйлады. Міне, аудандық мәдениет үйінде әдеби-сазды үнмен ұласқан байқаудың салтанатты марапаттау кеші өтті.
Кеш барысында жастар сарқылмайтын шабыт пен сағынышқа толы жырларын тебірене оқып, әуезді әндерді шырқады. Шараға арнайы келген Қазталов ауданы әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторының орынбасары Сырымбек Тұяқов және «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Бекмулдин І орынды иеленген Нұр-Сұлтан қаласындағы Евразия Ұлттық университетінің 2 курс студенті Қасиет Қапиетті, ІІ және ІІІ орын иегерлері Райымбек Саматов, Аягөз Нұғманова, Айару Бақытова, Әділет Орынбасар, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың ІІ курс студенті Диана Айтжанованы ақшалай және естелік сыйлықтармен марапаттады. Сондай-ақ байқауға қатысып, ақын өлеңдерін арқау еткен талантты жастар А.Нариманова, Б.Айтмағанбетов, Г.Ғазезова, А.Әлібекұлы, А.Каким, А.Нұрланқызы, А.Рашиден, С.Қадемов, А.Сүйінішқалиеваға алғысхат табысталды.
Салтанатты шарада әріптесіміз, талантты ақын «Теректі жаңалығы» газетінің жауапты хатшысы Әділет Орынбасар, байқау жүлдегері Райымбек Саматов өздерінің ойлы жырларымен көрермендерді сусындатып, поэзия құдіретін тағы бір паш етті. Осы байқауда өнер көгінде қанат қаққан жалпақталдық Нұркен Қажекеновтың «Жердің бетін жарық қылған жұлдыз» әнінің тұсауы кесілді.
Ауданда «Ауыл айнасы» газеті редакциясы ұжымының алғаш рет ұйымдастырған жоба жастарға серпіліс бергендей болды.
Зере Асқар,
Қазталов ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер